Дағдарыс – жаңа мүмкіндіктер уақыты. Жақында ғана әлемдегі түрлі саяси құбылыстарға байланысты дүниежүзілік алдыңғы қатарлы киностудиялар бірінен-соң бірі өз шығарылымдарының уақытын кейінге шегеріп, тіпті бас тартып жатқанда, отандық кинонарықты жаңа мазмұнмен, бірінші кезекте өз контентімізбен қанықтыру мәселесі өткір көтерілді. Нәтижесінде, біздің киноиндустрия бұл дағдарыстан біртіндеп шығып, бүгінде ақырындап даму үстінде. Айта кетсек, жыл басынан бері кинотеатрларда 20-дан астам отандық фильмдер көрсетілді. Жыл соңына дейін тағы да осынша фильм шығуы тиіс. Және бұл – фестивальдарға барып, кең ауқымды прокатқа сирек шығатын авторлық киноны есептемегендегі көрсеткіш.
Жалпы, көрініс былай. Жыл сайын бізде 60-тан астам толықметражды фильмдер түсіріледі, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы, танымал «Қазақфильм» киностудиясы, нарықта өзін жақсы көрсете білген жеке студиялар, сондай-ақ жылына бірнеше фильм түсіретін жекелеген режиссерлер жұмыс істейді. Репертуардың көп бөлігі мынадай: жақсы касса жинайтын комедиялар, мемлекеттік тапсырыс бойынша түсірілетін ірі бюджеттік тарихи блокбастерлер, көрермендерге ұнамайтын, бірақ киносыншылар жылы қабылдайтын артхаустар.
Бұл – 1991-2021 жылдар аралығындағы кинематографияның үлгісі. Ал біз қазір Жаңа Қазақстанды құрып жатқандықтан, бүгінде заманауи әрі өзекті кино түсіретін авторларға ерекше назар аударатын уақыт келді.
Осы орайда естеріңізге сала кететін бір жайт – киноорталық 2022 жылды «Жастар киносының жылы» деп жариялады. Осы маусымдағы ҰКҚМО конкурсына 208 киножоба ұсынылса, соның ішінде көптеген дебюттік жоба бар. Осыған қарап біз жастар буыны бүгінде белсенді деп айта аламыз. Бұл мақалада негізінен біз 30 жасқа дейінгі режиссерлер туралы айтып отырмыз. Олардың шығармашылық жоспарлары мен көркемдік көзқарасы, өмірбаяны мен білімі әртүрлі болғанымен, олардың барлығы Қазақстанның жаңа киносын шығарып, жаңа идеяларды жүзеге асыруда.
Ең алдымен, Айсұлтан Сейітовтен бастайық. Оның есімі бұрыннан белгілі, жас режиссер ТМД-ның барлық жұлдызды музыканттарымен жұмыс істеп үлгерді, әлемге әйгілі америкалық рэпер Канье Уэсттың концерттік шоуының режиссері болды, көптеген батыс музыканттары мен брендтерге клип пен жарнама түсірді. Жастығына қарамастан (25 жас) Айсұлтан көптеген жасқа үлгі. Үлкен киноға ол тек алғашқы қадамдар жасауда, дегенмен көрермендер оның алғашқы туындысын асыға күтуде. Жыл соңында Сейітовтің өткен ғасырдың қайғылы 30-жылдары туралы баяндайтын «Қаш» дебюттік толықметражды картинасы шығады.
Тағы бір 25 жастағы жұлдыз – Айтөре Жолдасқали. Екі жыл бұрын YouTube-тың сөзсіз хитіне айналған «Шекер» веб-сериалымен танымалдылыққа ие болды. Оқудағы проблемаларын қылмыстық жолмен шешуге кіріскен студенттің оқиғасы көрермендерді баурап алып, тіпті бірнеше халықаралық марапатқа ие болды. Бұл жобадан кейін Айтөрені Ресейге шақырып, онда ол жергілікті музыканттарға бірнеше клип түсірді. Қазір жас режиссер өзінің жаңа жобасы үшін жеке инвесторларды іздеуде, айтуынша жоба өткір, батыл және ымырасыз болады. «Шекер» де сондай болған және біз бұл режиссерден таяу жылдары ерекше туындылар күтеміз.
Біздің тізімдегі келесі тұлға – Қазнеттің ең танымал медиа жобаларының бірі «Ирина Кайратовна» арқылы танымал болған Қуаныш Бейсеков. Қуаныш әлі киноиндустрияда күрделі қадамдар жасаған жоқ, бірақ кино туралы жиі айтады. Қазір Бейсековтің аты шулы «Эскорт» атты сериалы мен футуристика жанрында шығарылған «Шоқан» қысқаметражды фильмі бар. Жақында ол Қазақстан Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің құрамына кірді. Бірақ ол саясатқа толық кірісіп кетпей, бізді толықметражды дебютпен қуантады деп үміттенеміз.
Бұл үшеуінен басқа да көптеген жас біздің киноиндустрияда өз орнын тауып, өз еңбектерін жария етуге дайындалуда.
Бірінші кезекте өзінің өзекті қысқаметражды фильмдерімен әлемдік кинофестивальдарда ерекше көзге түсіп жүрген Самғар Рақым тұр. Киноорталықтың қолдауымен түсірілген соңғы фильмдерінің бірі «Көше ақыны» жыл басында АҚШ-та бірнеше сыйлыққа ие болды.
Бірнеше мықты қысқаметражды картиналардан кейін толықметражды дебюттік фильмін түсірген Дархан Төлегеновтен де күтеріміз мол. ҰКҚМО қолдауымен шығарылған «Ағайындылар» картинасы жастар буынының тағы бір өзекті мәселесін көтереді. Фильм жыл соңында шығады деп жоспарланып отыр.
Бұл тізімге мемлекеттен қаржылық қолдау алған Райымбек Әлжанов пен Иван Ардашовты да қосуға болады. Біріншісі өзінің азғантай бюджетіне түсірген қысқаметражды «Мерген» фильмімен бүкіл әлемді аралап шықса, екіншісі ел ішінде анимациялық киноны дамытуға ат салысуда. Оның алғашқы ауқымды «Кенже қыз» жобасында Қазақстанның ең жас аниматорлары жұмыс істейді. Кейбіреуі небәрі 17 жаста, демек өздері де заманауи мультфильмдерді көріп өскен, яғни олар тек отандық емес, халықаралық нарыққа да қандай өнім қажет екенін жақсы түсінеді.
Жас кинематографистердің келесі тобының алдыңғы қатарында Әлішер Жәдігеров тұр. Оның «Отау» және «Балық сорпа» атты қысқаметражды фильмдері Оңтүстік Корея, Португалия, Иран, Түркия және Италиядағы халықаралық кинофестивальдардың жүлдегерлері атанған, ал өткен жылы режиссер Ресейдегі «Киношок» кинофестивальда тұсауы кесілген «Отау» атты алғашқы толықметражды дебюті киносыншылардың жақсы бағасын алды. Болашақта бұл жігіт әлі өзін көрсетеді.
Келесі топтың ішінде «Әке, ән айтып берейік пе?» атты қысқаметражды туындысымен Корея мен Өзбекстанда жүлдегер атанған Айдана Бауыржанқызы, «Түйме» фильмімен өткен жылы халықаралық кинофестивальдарды шулатқан Нұрбол Ерболұлы, «Әлия» фильмінде небәрі 23 жасында өткір әлеуметтік мәселелерді көтеріп, көптеген фестивальда жақсы қырынан көрініп жүрген Аружан Досымқожа бар. Киноиндустриядағы арулардың жаңа буыны қатарында өткен жылы «Үміт» ТМД елдері жас киносы форумының бас жүлдесін жеңіп алған Шұғыла Сержан, шетелдік кинофестивальда көзге ілініп жүрген Дарина Манапова және сәтті қысқаметражды фильмдер легінен кейін деректі кинода өзін сынап көруге тырысып жүрген, бүгінде ҰКҚМО конкурсына өзінің «Сны реки» жобасымен қатысып жатқан Кристина Михайлова бар.
Бұл тізімде жас болса да тәжірибесі мол, отандық кинофестивальдарда түрлі марапатқа ие болып жүрген Әмір Әменов пен Еламан Шаубанов сияқты жастар да бар. Бұл жігіттер бір орында тұрып қалмас үшін әрі қарай жылжу керек: шетелдік фестивальға қатысып, толық метр түсіруге ұмтылу қажет. Бұл қатарға жақында танымал ресейлік орындаушы Feduk-тың клипін түсірген Әділет Әбішті де қосуға болады. Әділет Айсұлтан Сейітов басқаратын Qara Production шығармашылық бірлестігінің құрамында және олар жақын арада өздерін кең көрерменге танытады деп сенеміз.
Salem Social Media-ның жаңа хитіне айналған «Игрок» сериалының режиссері Диас Бертісті жеке атап өткен жөн. Одан бөлек, отандық киностудиялардың табалдырығын тоздырып жүрген жас кинематографистердің тағы бір тобы бар – олар Рақымжан Қалдыкөз, Ален Рахметалиев, Тимур Сердалин, Жәнібек Мұртазин, Далер Мырзағалиев және тағы басқалар. Бұл жігіттердің барлығы көптеген отандық байқаудың жүлдегері болды және әрі қарай өздерін көрсетуге дайындалып жүр.
Иә, бұл жастардың көпшілігі тек қысқаметражды фильмдермен танымал және әзірге негізінен кинофестивальдарға ғана шыққан. Бірақ олар жарқын авторлық стильге, батылдыққа, ерекше ой мен талантқа ие. Және олар жақын арада шынымен маңызды әрі көзге түсерлік дүние шығаратыны сөзсіз.
Дегенмен аталған жас кинорежиссерлер қазірдің өзінде осы салада көп жұмыс атқарды деуге болады. Біздің киноиндустриямыз бүгінде осы жігіттердің арқасында тез және қарқынды дамып келеді. Және Жаңа Қазақстанның жаңа киносын түсіретін – нағыз осы жігіттер.
Өмірәлиев Жангелді