Астық өндірумен айналысатын солтүстік өңірде де бидай тапшылығы мен қымбатшылығы айқын сезіле бастады. Ресей бидай импортын шектегеннен кейін ішкі нарықтағы бидайдың бағасы тіптен шарықтай түсті. Ішкі логистикалық тізбек жүрісінен жаңылып, астық өндірушілердің өнім жеткіліксіздігін айтып дабыл қаққан. Ауыл шаруашылығы министрлігі де, тиісті облыстық басқармалар да бидайдың жеткілікті екенін айтып ақталғанымен, көптеген қамба бос қалған. Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қорлары сақталатын элеваторлар қаңырап қалғаны жиі айтылады. Қамбалар бос қалды Ел арасында бидайдың басым бөлігі экспортталатыны жиі айтылады. Ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өнімдерінің негізінен шетел асқанын, ал қазір егін орағына дейін қамбаларының бос екенін жеткізді. «Былтыр 10 мың тоннаға жуық астық шыққан. Негізгі бөлігін Өзбекстан және Ауғанстан елдеріне экспорттадық. Қазір қырман бос. Алдағы егін орағынан үміт күтіп отырмыз. Биыл 1 500 тонна тұқымды 15 мың гектар алқапқа септік. Енді күзгі жиында өнім қалай болады, соған қарай әрекет етпекпіз», – дейді Sinegor – Grain ЖШС-ның директоры Жанат Тасығожин. Бидайды жасырған кім? Ал тиісті басқармалар мен ведомстволар жағдайдың тұрақтылығын, бидай мен ұн қорының жеткілікті екенін мәлімдеп отыр. Олардың айтуынша, шаруаларда бидай қоры жеткілікті. Тіпті, егер санамалап айтқанда ішкі нарықты 2045 жылға дейін толықтай қамтуға жетпек. Алайда ауыл шаруашылығының тауар өндірушілері бағаның құбылуына орай астықты сары майдай сақтап отыр. «Ақмола облысының элеваторларының жүктемесі былтырғы егін орағының өзінде 43 пайызды ғана құраған. Ары кетсе 48 пайыз ғана болды. Қазір облыс бойынша 560 мың тонна көлемінде бидай бар. Мен өзім жағдайды анықтау үшін барлық облыстың аграрлық шаруашылықтарымен хабарласып анализ жасадым. Шаруашылықтардан бидайдың бар-жоғын сұрадым. Көпшілігі бидайдың жоқ екенін айтқан. Болмаса экспорттың да тоқтауы мүмкін екенін айтып ескерттім. Тек содан кейін ғана өнімнің бар екені анықталды. Көпшілігі астықты қымбат бағаға өткізу мақсатында бидай көлемін жасырын ұстайды», – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Медет Төлегенұлы. Диірменшілер дабыл қақты! Ресми деректерге сенсек, өткен жылдың желтоқсанында Ресей теміржолдарымен Қазақстанға 800 мың тонна, басқа көліктермен 200 мың тонна бидай жеткізілген. Қайта өңдеушілер тағы 2,5 миллион тонна астықтың көлеңкелі жолмен жеткізілгенін мәлімдеді. «Бүгінде статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстанда 5,9 млн тонна бидай бар. Алайда әкімдіктер берген мәлімет мүлдем басқа. Мәселен, Павлодар облысында мәліметтер бойынша қорда 400 мың тоннадан астам бидай болса, шынында 53 мыңнан асар-аспас қана бидай бар екені мәлім болды. Алдағы уақытта бидайға деген сұраныс одан сайын өсетіні белгілі. Бұл елдегі мәселені одан сайын ушықтырып жіберуі әбден мүмкін», – дейді Қазақстанның қайта өңдеушілер одағының төрағасы Евгений Ган. Елде бидай және ұн қорының жеткілікті екенін Азық-түлік келісімшарт корпорациясы да мәлімдеді. Олардың айтуынша, қазір елдегі бидай және ұн көлемі мол. Элеваторларда бидай жеткілікті. «Қазір Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қорында 700 мың тоннадан астам бидай бар. Мал шаруашылығы, құс ұстайтын фермалар, одақтар мен ассоциациялармен арнайы меморандумдар жүргізілген. Бидайдың жетіспеушілігі жоқ», – дейді корпорацияның департамент басшысы Сағат Ыдырысов. Ал диірменшілердің айтар уәжі басқа. Олар елде астық қорына байланысты екі үлкен аса маңызды мәселені атады. «Баға тым шарықтап кетті. Астық өндірушілердің шикізатты тым өсіріп жібергені ұн өңдеушілерге ауыр соғып тұр. Қазір бидайдың әр тоннасы 170 мың теңгеге жетіп жығылды. Алдағы уақытта бұдан да қымбаттайтынына күмән жоқ. Көпшілік аграрлық шаруашылықтар бидайды қаңтар, ақпан айларында баға қымбаттаған тұста өткізеді. Ешкім ұзақмерзімді келісімшартқа отырғысы келмейді. Баға күн сайын өсіп жатыр. Қазақстаннан сатып алған бидайды өзбектер сатып алып, Тәжікстан мен Ауғанстанға біздің брендпен өткізеді. Ал бізден алған бидайды өздеріне қалдырып ішкі нарығын қамтамасыз етіп отыр», – дейді «Нан-Абыройы» ЖШС-ның басшысы Әбдірахман Сарбасов.
P.S. Сонымен, түйінді мәселенің тарқатылатын шешімі әзірге белгісіз. Бұл орайда тиісті министрліктер мен ведомстволар мәселені қолға алып, аграрлық шаруашылықтар мен ұн өндірушілердің арасындағы келісімді реттеп, баға саясатына ықпал етсе құба-құп болар ма еді...
Ақмола облысы