Қазақ боксы дегенде көп жанкүйердің Сидней Олимпиадасындағы жарқын жеңісімізді сағынатыны мәлім. Өйткені содан бергі аралықта қазақ боксшылары сол кездегідей жанкүйердің делебесін қоздыра алмады. Сидней Олимпиадасында мерейімізді үстем еткен Ермахан Ыбырайымов, Мұхтархан Ділдәбеков, Бекзат Саттарханов, Болат Жұмаділов секілді есімдердің жарқырай көрінуіне Тұрсынғали Еділов сияқты бапкердің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бокстан Қазақстан құрамасы тарихындағы ең үздік бапкердің бүгінгі қазақ боксының жай-күйі туралы айтары көп.
– Тұрсынғали Нұржақыпұлы, көпшілікті кезінде талай боксшының бағын ашқан бапкердің қайда жүргені қызықтырады. Шын мәнінде, қазір немен айналысып жүрсіз?
– Алматыдамын. Үйден шағын зал ашып, 13-14 жастағы жасөспірімдерді жаттықтырып жүрмін. Қазір қарамағымда 10 бала бар. Ауылдан келген балалар қиналмасын деп жатын орнын жасап қойғанмын. Тарлық етеді. «Халық Аренадан» орын алайық деп жүгіріп жүргенімізге жарты жылдай болды. Сол жерде жақсы зал бар еді әрі адам көп келетін, ыңғайлы жерде орналасқан. Бірақ жалға алу құны қымбат болып тұр. Қалталылар ғана апарады балаларын. Елдің жағдайына қараса дейсің. Негізі, қарапайым отбасында талантты бала көп. Бірақ олар жақсы салынған залға барып жаттыға алмайды. Қазір заманауи спорттық кешендер салынып жатыр. Бірақ жаңа айтқанымдай, бағасы қымбат. Әлі күш-қуат бар үйретуге. Соны осы балаларға жұмсап, еңбек еткіміз келеді. Жанып тұрғандары бар. Бірақ арасында ұялып келмей қояды. «Ақша болмаса да, келе беріңдер» деймін. Тағы бір айтатын мәселе, жаттықтырушының жалақысы аз.
– Өзіңіздің айлығыңыз қанша?
– 60-70 мың ғой. Спорт мектебінде жарты жүктемемен жұмыс істеймін.
– Қазақ боксының қарқыны бұрынғыдай емес. Оны сарапшылар да растайды. Жалпы төртжылдықтың басты додасына боксшыларды қалай даярлау керек?
– Тәжірибелі бапкерге техника мен тактикадан бөлек стратегияны да жақсы білу қажет. Бокста алысты көре білетін, стратегиялық тұрғыдан ойлайтын маман аз. Спортшының психологиялық дайындығы да өзекті мәселе.
Қазір боксқа қаражат жақсы бөлінеді. Алайда соны игеру үшін спортшыларды қажеті жоқ жаттығу жиындарына апарып, шаршатып тастаған. Дзюдо, күрес болсын, тәжірибесі бар, Олимпиада чемпионы болғандардың өзі нөл нәтижемен келеді. Өйткені жүйе дұрыс емес.
Ұлттық олимпиада комитетіңде спортшылардың аяқ алысын бағамдап, қарым-қабілетіне баға бере алатын мамандар болуы керек. Мәселен, Иранның балуандарын көп жаттығу жиынынан көрмейсің. Бірақ Олимпиада чемпионы болып жатады. Өйткені жүйе жақсы жолға қойылған. Азия чемпионаттарына, Азия кубогы сияқты ресми жарыстарға ғана шығады. Біз сияқты оңды-солды шыға бермейді. Өткенде қарасам, Таиланд, сосын Сербияға 45 адам барды дейді. Таиландқа бір емес, үш команда апарған. Бұқаралық спортта жаттықтырушылар қаражат жеткізе алмай жүреді. Ал мына жақты босқа кетіп жатыр. Осындай сәйкес келмейтін дүние көп.
Бұрын әр өңірдің бокс мектебі болатын. Олардың ешкімге ұқсамайтын спортшылары көзге түсетін. Әрқайсысының өз стилі бар. Қарағанды, Жамбылдың бокс мектебі мықты болды.
Қазір ірі жарысқа баратындарды «Анау Олимпиадаға барған, тәжірибесі көп. Мынау әлем чемпионы болған, оны апармасақ болмайды. Ал мынау қола алып келген, бұл да құр қайтпас» деп таңдаймыз. «Осы спортшыны апарамын, бітті» деп жауапкершілікті мойнына ала алмайды. Әйтпесе, жанып тұрған балалар көп.
– Кезінде Бекзат Саттархановты әріптестеріңіздің пікіріне қарамай апардыңыз. Шын мәнінде, Бекзат Қазақстан чемпионатында жеңілген еді. Бапкер ретінде Бекзаттың бойынан қандай қасиетті байқадыңыз?
– Оның салмағында Азияда жеңген, олимпиадаға барған боксшылар болды. Әрине, оларды да апарып көруге болар еді. Алайда үлкен тәуекелге бардық. Бекзатты сырттай бақылап жүріп, әлі ашылмаған қыры көп екенін байқадым. Жылдамдығы, реакциясы бар. Алдағы бір-екі жылда керемет нәтиже көрсететініне сендім. Ол кезде Спорт, Олимпиада комитетін басқарғандар маған қолдау білдірді. Команданы жасарту үшін жаңа леп керек болды.
– 20 жастағы шәкіртіңіз қазақ боксшыларынан бірінші болып Олимпиада жеңімпазы атанды. Мінезі қандай еді, Сиднейдегі сәттерді жиі еске аласыз ба?
– Бекзаттың алдына қойған мақсаты бар еді. Соған қарай ұмтылатын. Жауапкершілігі мол. Жастығына қарамастан үлкенді сыйлап, елмен араласып жүретін. Тәрбиелі, білімді, ақылды еді. Ең бастысы, алға қойған мақсатына жетуге талпынатын. Шетелдерге шыққанда дүкен аралаймыз. «Аға, не кисем екен?» деп сұрайды. Бренд, қымбат киімдерді көріп, «Мұндай нәрсені алатындай бай емеспін ғой» деп күлетін.
Өкініштісі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ атын шығарған маман ретінде ешкім кездесуге шақырған емес. Елеусіз қалғаныңа қынжыласың.
– Олқылықты түзеп, қызметке шақырып жатса, келісер ме едіңіз?
– Ұлттық құрамаға емес, жасөспірімдер мектебіне барып, балаларды боксқа баулысам деймін.
– Алда әлем чемпионаты келе жатыр. Шаршы алаңнан кімдерді көргіңіз келеді?
– Ол жағын айта алмаймын.
– Көңіліңізден шығатын спортшылар бар шығар...
– Әрине, бар ғой. Махмұд Сабырханға сенім артамын. «Қазақтың Ломаченкосы» деп жатыр. 48 келі салмақта ел намысын қорғаған Теміртас Жүсіпов 30 жастан асқан шағында әлем чемпионатында топ жарды. Ең жарқын жеңіс Теміртасқа тиесілі болды. Неге оның алдында Олимпиадаға, Токиоға апармаған деген ой келеді. Кімді көргіңіз келеді деп жатырсыз. Ұлттық құрамаға барып қарайтын уақыт та, жағдай да болмай тұр. Турнирлерге бармаймын. Бапкер болған соң шәкіртіңмен бару керек.
– Геннадий Головкин мен Қанат Исламды да баптадыңыз кезінде. Кейінгі жекпе-жектерін көрдіңіз бе?
– Иә, Головкин маған 2000 жылы келді. Талай жарыста жеңіске жеттік. Астанада әлем кубогын аштық. Ермахан, Болат Жұмаділовтің ізін басқан талай мықты боксшы болды. Қанат Ислам Қытайдан келгенде азаматтық алып беріп, құжаттарымен біраз жүгірдік. Олимпиадаға сәл кешігіп қалды.
Головкинге кейінгі жекпе-жектер кішкене қиындау тиген сияқты. Бұл жаста бұрынғыдай қарқын болмайды. Тек тәжірибемен жеңесің.
– Енді мексикалық Канеломен кездесейін деп жатыр...
– Иә, соған барсам деп жүрмін. Балам хабарласып, «қазірден билет алып қояйық, Головкинмен кездесейік» деп жатыр. Бұл бокс кешін тамашалайтын сәтке де жетерміз.
– Әңгімеңізге рақмет!