«AMANAT» партиясын модернизациялауға сәйкес осы көктемде шалғайдағы елді мекендерде мобильді қоғамдық қабылдау жобасы қолға алынған болатын. Ол саяси ұйымды қайта жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Қоғамдық қабылдау кездерінде көтерілген көптеген мәселе бүгінде оң шешімін тауып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, сәуір айының соңында «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бибігүл Ақкужина, облыстық мәслихат депутаты Мәди Ихтиляпов, облыстық басқарма басшылары мен жауапты мамандар Науырзым ауданының Буревестник ауылына барған еді. Кездесу барысында бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Кездесу барысында Буревестник ауылының ФАП фельдшері Галина Запасная өзінің қарамағындағы 3-топ мүгедегі Надежда Дворактың өз бетімен еркін қозғала алмайтынын, оған мүгедек арбасы керектігін жеткізген. Сол кезде облыстық мәслихат депутаты Мәди Ихтиляпов мүгедек арбасын алып беруге уәде еткен. Енді, бірқатар облыстық мәслихат депутаты Мәди Ихтиляпов мұқтаждығы ерекше санаттағы жанға Қостанай қаласынан арнайы мүгедек арбасын алып берді. Арбаны Буревестник ауылының әкімі Азамат Дадев ауылға жеткізіп, ФАП фельдшері Галина Запасная мен ауылдық округтің бас маманы Елена Ганинамен бірге Надежда Дворакқа табыс етті. Сөйтіп, ол көптен күткен арбасына қол жеткізді.
– Бүгін менің емделушім үшін қуанышты күн десем артық емес. Себебі көптен бері осындай арбаны қажет етіп жүрген. Алдында ауылымызға келген делегаттарға өз өтінішімді айтып едім. Бірақ мәселе дәл осылай тез арада шешіліп қалады деп ойламадым. Осы орайда облыстық мәслихат депутаты Мәди Өмірзақұлына өз атымнан және Надежда Дворактың атынан шынайы алғысымызды білдереміз, – деді Галина Запасная.Одан бөлек, көшпелі қабылдауға жүгінген Наталья Гребнева есімді тұрғынның шатырын жөндеу жөніндегі өтініші де аяқсыз қалмады. Халық қалаулысы қабылдау кезінде берген сөзінде тұрып, жалғызбасты ананың үйіне жаңа шатыр жауып берді. Атап өтерлігі, осы мобильді қоғамдық қабылдаулар арқылы өңірдің барлық шалғай елді мекендері тұрғындарының өтініштері тыңдалды. Партия филиалы тарапынан тұрғындар көтерген әрбір мәселе жіті бақылауға алынып, тиісті органдар арқылы оңтайлы шешімін тауып жатыр.