Оңтүстік Корея астанасы Сеулде өтіп жатқан семсерлесуден Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті. Командалық сайыста Қазақстан қыздар құрамасы қылыштасу бағдарламасында қола медальға қол жеткізді. Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, құрамында Әйгерім Сарыбай, Карина Доспай, Татьяна Приходько, Анастасия Гулик өнер көрсететін біздің команда ширек финалға дейін қарсылас шақ келтірмеді. Ширек финалда Гонконг спортшыларымен өткен кездесу аса тартысты болып, 45:43 есебімен жеңісті жұлып алдық. Алайда спортшы қыздар жартылай финалда оңтүстіккореялықтарға 35:45 есебімен есе жіберді. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Артем Саркисян қылыштасу бәсекесінде қола медальға қол жеткізіп, Қазақстан үшін 17 жыл күткен Азия чемпионатындағы жүлдені әперген еді. – Бір жарым айдан кейін бізді мысыр астанасы Каирде өтетін әлем чемпионаты күтіп тұр. Сол жерде барынша сәтті өнер көрсетуге тырысамыз. Қазір барлық дайындығымызды әлем чемпионатына арнап жатырмыз, – дейді семсерлесуден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Алексей Писцов.