Бәсекеге қабілетті біліммен қаруланған жастар – еліміздің болашағы. Маңғыстау облысында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жас буынды еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі жаңғыру үдерістеріне тарту, әлеуметтік белсенділігін арттыру бағытында бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сан түрлі саладағы жастармен еркін форматта кездесу өткізіп, жасампаз жобалар мен жаңашыл бастамаларға, озық идеялар мен ұтқыр ұсынымдарға құлақ түріп, жастарға көрсетілетін қолдау деңгейін жоғарылатуға ерекше мән берген еді. Маңғыстау облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Абылай Фазылбек жастар саясаты өңір басшылығының назарында екенін жеткізді.
– Биыл белсенді жас буын өкілдерінің бастамасымен үкіметтік емес ұйымдарға 5 мемлекеттік грант ұсынылды. Бұл үшін Маңғыстаудың ынталы жастарын жан-жақты дамыту мақсатында бюджеттен 75 миллион теңге бөлінді. Мемлекеттік грант аясында 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады. Грант иегері атанған үкіметтік емес ұйымдар жастарды кәсіпкерлікке баулумен, Маңғыстау жастарына ортақ ақпараттық алаң құрумен, жұмыссыз жастармен жұмыс жүргізумен, жастар театрының жұмысын үйлестірумен, сонымен қатар жастардың тәжірибе алмасуын ұйымдастырумен айналысады. Жастармен жұмыс жүргізу – Маңғыстау облыстық әкімдігі қызметінің басым бағыты. Грант аясында «Болашаққа сеніммен» жастар лагерін, ауыл жастарына арналған «Ауыл кеші» мәдени жобасын, облыстық әлеуметтік идеялар байқауын, өңірлік дебат турнирін, облыстық стартаптар байқауын және бірқатар зияткерлік, ағартушылық және қоғамдық-мәдени жобаларды жүзеге асырмақ. Бұдан бөлек, жастар бастамаларына қолдау көрсету мақсатында 40 шағын грант беріледі. Сәйкесінше, биыл өңірдегі жұмысшы жастар, студенттер, жас көшбасшылар, жас таланттарға қолдау көрсету мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылады, – деді Абылай Фазылбек.Бұдан бөлек, өңірдегі жастар арасындағы мәселелерді егжейлі-тегжейлі зерттеу, жастардың қоғам дамуындағы рөлін анықтау, Жастар ресурстық орталықтары қызметінің тиімділігін арттыру және өңір жастарының әлеуетін көтеру де басты міндет. Аталған міндеттерді орындау мақсатында Маңғыстау облысындағы жастар саясатын дамытудың 2022-2023 жылға арналған кешенді жұмыс жоспары әзірленіп жатыр. Жасөспірімдердің жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында облыс көлемінде «Жасыл ел» еңбек жасағы өз жұмысын бастады. Жоба аясында 1 500-ге жуық маңғыстаулық жас қамтылады. Олардың басым бөлігін әлеуметтік жағынан аз қамтылған жасөспірімдер құрайды. Жыл басында алғаш рет Ақтау қаласының жастары кешкі уақытта орталықта бас қосуға арналған «Кешкі шай» жобасы жүзеге асырыла бастады. 400-ге жуық жас қатысқан жоба тоқсан сайын ұйымдастырылады. Дәстүрлі түрде наурыз айында орталықтың «Mangystau Nauryz Fest – 2022» жастар фестивалі өтіп, оның аясында 50-ге жуық мерген қатысқан садақ атудан облыстық ашық турнир ұйымдастырылды. «Jastar Books» жобасы – қала тұрғындары мен қонақтарын, кітапсүйер оқырмандардың басын біріктірген шара. Мұнда кітап жәрмеңкесі, зияткерлік ойындар мен жас өнерпаздардың кеші ұйымдастырылды. Биыл өңірдегі жастар ұйымдарының қызметін жетілдіру, NEET санатындағы жастармен кешенді жұмыс жүргізу және жастардың бастамаларына жан-жақты қолдау көрсету бойынша жұмыстарға да басымдық берілмек. «Осы мақсатта облыстағы NEET санатына жататын жастардың нақты саны анықталып, бірыңғай дерекқор жасақталып жатыр. Өңірде бұл санатқа жататын 10 мыңға жуық жас бар. Сонымен қатар оларға арналған қоғамдық-мәдени, спорттық, ағартушылық бағытындағы іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланған. Іс-шаралардың бағытына сәйкес топтық немесе нақты жұмыс жүргізіледі.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ