Велошабандоз Рината Сұлтанова Азия чемпионатының жүлдегері атанды. Бұл – тарихи жеңіс. Байрақты бәсеке Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатыр. Жерлесіміз іріктеу сындарынан сүрінбей өтіп, шешуші бәсекеде үшінші орынға тұрақтады. Осының арқасында Рината әлемдік рейтингтің алдыңғы ондығына кіре алады. Оның Париж Олимпиадасына жолдама алу мүмкіндігі жоғарылады. Бұған қоса, ұлттық құрама қоржынында тағы 2 күміс бар. Оны Елизавета Гринберг пен Артем Захаров жеңіп алды. Ал велотректің «гит» түрінде қазақстандық Кирилл Курдиди алдына жан салмады. Ол 1 шақырымды 1 минут 2 секундта еңсерді. Үшінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы бас-аяғы 8 медаль жеңіп алды. Құрлықтық дода 23 маусымға дейін жалғасады.