Алматы полициясы жедел іздестіру іс-шаралары барысында Алматы облысының 23 жастағы тұрғынын күдікті ретінде ұстады. Жедел уәкілдер оның үйінен қабырғаға қаланған FAIR маркалы тегіс ұңғылы шолақ мылтықты тапқан. Күдікті қаруды қаңтар айындағы қақтығыс кезінде қаладағы қару сататын дүкендердің бірінен ұрлап кеткен. Бұл туралы Алматы қалалық ПД-нің баспасөз қызметі мәлімдеді. «Қазір күдікті Ж. есімді азаматтың қаңтар айында қару сататын дүкенді ғана емес, сондай-ақ ұялы телефон сататын сауда орнын тонағаны да анықталған. Мылтық ұсталған азаматтың үйінен табылды. Қаруды үйінің қабырғасына, яғни кірпіштердің арасына қалап жіберген. Іс бойынша ҚК-нің 291-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктіге қатысты сот қамауға алу туралы шешімді шығарды», – деді Алмалы аудандық Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Есен Ысқақов.