Шығыс Қазақстан техникалық университетін тәмамдаған студенттердің 96 пайызы жұмыспен қамтылады. Оның үстіне, техникалық мамандықтарға биыл 42 мыңға жуық грант бөлінген. Техникалық білім алғысы келген жастарға биыл мүмкіндік көп. Осыған орай Шығыс Қазақстан техникалық университеті ректорының міндетін атқарушы Сәуле Жәдігерқызымен әңгімелескен едік. – Оқуға құжат тапсыруға аттанған түлектерді «кейін жұмыс табыла ма?» деген ой мазалайтыны анық. Ал Шығыс Қазақстан техникалық университетін тәмамдаған түлектерге қаншалықты сұраныс бар? – Техникалық мамандарға қашанда сұраныс бар. Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық мәліметі бойынша, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-ды тәмамдаған студенттердің 96 пайызы жұмыспен қамтылған. Жалақылары да жаман емес. Мысалы, тау-кен ісі мамандары жұмысқа түсе салған бетте 500 мың теңге мөлшерінде жалақы алады. – Түлек оқуға құжат тапсырмас бұрын өзінің бағытын білгені абзал. Егер техникалық білімге қызығушылығы болса, ШҚТУ-ға оқуға түсу жеңіл бола ма? – Техникалық мамандық бойынша биыл 42 мыңға жуық мемлекеттік грант бөлінді. Сонымен қатар облыс бюджетінен Шығыс Қазақстан түлектеріне «Білікті маман» жобасы бойынша 450 грант беріледі. Одан өзге өңіріміздегі бірқатар өндіріс ошақтары өздеріне қажетті мамандықтарға қосымша грант бөлмек. «Қазцинк» ЖШС, «Қазминералс» ЖШС, Үлбі металлургия зауыты озат студенттерге стипендия тағайындаған. Тағы бір айта кетерлігі, түлектер мұнда белгілі мөлшерден сәл асқан ұпаймен де түсіп кете алады. Мектеп оқушыларының инженерлік мамандықтарға деген қызығушылығын ояту үшін 27 өңір мектебінде «инженерлік сыныптар» аштық. – Инженерлік кадрларды тақтаның жанында тұрып дайындау мүмкін емес. Тәжірибенің көп болғаны керек. Сіздерде бұл үшін қандай инфрақұрылым бар, инженерлерді қай базада дайындайсыздар? Сол орта жастардың ғылыммен айналысуына бейімделген бе? – Тек соңғы 3 жылдың ішінде ғана материалдық-техникалық базаға 1,5 миллиард теңге инвестиция тарттық. Бізде металлургия және материалтану орталығы, 53 зертхананы біріктіретін 14 салалық құзыреттілік және технологиялар трансфері орталығы жұмыс істейді. Орталықта ШҚТУ студенттері үш деңгейлі білім алу барысында тәжірибемен айналысады. Бірінші, оқу бағдарламасына сай факультеттердің оқу зертханалары бар. Екінші, студенттер өз салаларындағы жаңа технологиялармен жұмыс істеп көреді. Үшінші, іргелі және қолданбалы ғылыми проблемаларды шешуге, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарының нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыруға, магистранттар мен докторанттардың ғылыми зерттеулерін орындау бойынша құзыреттерін қалыптастыруға арналған зертхана бар. – Еліміздің түкпір-түкпірінен техникалық мамандықты меңгеремін деп келген жастарға қолайлы жағдай жасалған ба? – ШҚТУ-да үш жатақхана бар. Барлығы заманауи қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Әр студенттік үйде фитнесзалдар жұмыс істейді. Жуырда жатақхана ауласында ашық спорт алаңының құрылысы басталды. Жетім, мүмкіндігі шектеулі түлектер әлеуметтік жатақханаларда тегін тұрады. Әлеуметтік қолдау аясында көпбалалы отбасынан шыққан студентке 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. – ШҚТУ шетелдердегі жетекші университеттермен тізе қосып, бірқатар жұмыстар атқарды. Нақты қай елдермен тәжірибе алмасып отырасыздар? – Университет бәсекеге қабілетті инженерлерді дайындауы керек. Әуелде білім берудегі әдіс-тәсілімізді әлемдік жоғары оқу орындармен салыстырдық. Талапты да солардың деңгейіне көтердік. Соған сай болуы үшін ірі компания өкілдерімен бірлесіп, білім бағдарламаларын бірге әзірледік. Ашығын айтқанда, бізде 40 пайыз теория, 60 пайыз практика. Жалпы, техникалық білім алған студент кейін магистратурада білімін жалғастыра алады. Ғылым жолына түсемін десе де мүмкіндік мол. Университеттің тағы бір артықшылығы – Ұлыбритания, Аустралия, АҚШ, Жапония, ТМД елдерінен келген ғалымдар дәріс оқиды. Жылына 60-тан астам шетелдік маман жұмысқа тартылады. Профессор-оқытушылар құрамының 20 пайыздан астамы серіктес кәсіпорындардың жетекші мамандары. Өзіміздің бірқатар ғалымымыз шетелге шығып білімін жетілдіріп жүр. – Студенттеріңіз еліміздің беделді кәсіпорындарымен иық тіресе дайындалады. Тәжірибеге бағытталған білім беру бағдарламасы қалай жұмыс істейді? Егжей-тегжейлі тарқатып айтсаңыз. – Техникалық мамандардың біліктілігін арттыруға жағдай жақсы. Мысалы, «УК ТМК» АҚ әлемдегі ең ірі титан өндіруші кәсіпорын. «Бойнг» және «Аэрбастың» тікелей серіктесі аэроғарыш индустриясының нарығындағы үлесі 14 пайызды құрайды. Аз көрсеткіш емес. Ұстаздар да, студенттер де «Қазцинк» ЖШС-мен бірге жұмыс істейді. Компания мырыш өндіру және оны жеткізу нарығында 30 пайыз үлеске ие. Яғни, әлемдегі ең ірі тасымалдаушы. «ҮМЗ» АҚ –байытылған уран, сирек кездесетін бериллий, тантал сынды металдарды тасымалдаумен айналысатын ең ірі компаниялардың бірі. Ірі компаниялардың бірегейі –Kazminerals ЖШС. Міне, осылардың бәрімен оқу орнымыз тығыз қарым-қатынаста. Студенттер іс-тәжірибеден осы кәсіпорындарда өтеді. Бірқатар бағдарлама еуропалық лейблге ие. Яғни, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ дипломдары тек Қазақстанда ғана емес, Еуропада да мойындалған. Оқу орнының тағы бір ерекшелігі, қос дипломдық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру. Мысалы, Германияның Бранденбург, Аустрияның Леобена, Жапонияның Акита сияқты техникалық университеттерімен бірлесіп жұмыс істеп бастадық. Colorado School of Mines, Венгриядағы Обуда университеті, МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университеті әріптес қатарында. Олармен сала бойынша кадрлар даярлап, ғылым бағытын әлемдік деңгейге көтергіміз келеді. Университет облыс экономикасының негізгі бағыттары бойынша 45 негізгі бакалавриат бағдарламасын жүзеге асырады. Айналып келгенде техникалық бағытта білім алған мамандар жерде қалмайды. – Түлектер үшін маңызды сұрақ бар: жалпы оқу барысы қалай үйлестірілген? – Жоғарыда айтқандай, біз тәжірибеге бағытталған оқу моделі бойынша білім береміз. Біздің университетте PreUniversity – University – PostUniversity жобасы жүзеге асырылады. Яғни, университетке дайындық мектеп қабырғасынан басталады. Мектеп оқушыларына «Желілік инженерлік мектеп», «Инженерлік білім көшбасшылары» сияқты арнайы жобаларға қатысу мүмкіндіктері берілген. «ВІС» негізгі инженерлік біліктілік – құзыреттілік және технологиялар трансфері орталықтарында 1-2 курс студенттерінің базалық инженерлік біліктілігін қалыптастырады. Әртүрлі күрделі деңгейдегі жобаларға қатысады. Бакалавриаттың 2-3 курс студенттерінде мамандықтың техникалық негіздері бойынша терең практикалық білімді қалыптастыру жүзеге асырылады. Студенттер ВІС аймағында оқуды аяқтағаннан кейін өзінің жобалық жұмысының тақырыбын анықтайды. Мысалы, «машина жасау» білім беру бағдарламасының студенттері бөлшектің үш өлшемді моделін жасайды, технологиялық процесті әзірлейді, станокқа арналған бағдарлама жазады, өнімнің бастапқы модельге сәйкестігін тексереді. Одан кейін CDIO – бакалавриаттың 3-4 курс студенттерінің зерттеу құзыреттерін қалыптастыру үшін «Келлер жоспары» толық игеру технологиясына сәйкес құрылады. Осы тұрғыда Үлбі металлургия зауытының өндірістік цикліндегі технологиялық өзгерістерді қолдау үшін екі мақсатты магистрлік бағдарлама жүзеге асырылды: «Ядролық энергетикаға арналған материалдар» және «Уран өнімін алудың инновациялық әдістері». Бұл бағдарламалар шетелдік оқу орындарымен бірге орындалады. – Техникалық университет нағыз зерттеушілердің ортасы. Ғылым саласында қандай өзгерістер болып жатыр? – Университет ғалымы Бағдат Азаматов магистратурада оқып жүргенде газдарды заманауи керекті материалдардың көмегімен тазартудың өзекті проблемасымен айналысты. Ол осы тақырыпта PhD дәрежесіне диссертация қорғап, университеттік VERITAS жетілдіру орталығының ғылыми қызметкері болды. Университет базасында Қазақстанда алғашқы имплантаттар жасалды. Бірнеше жыл бұрын металлургтермен бірге ti-Ta-Nb қорытпаларынан жасалған имплантаттар жобасын қолға алдық. Бүгінгі таңда бұл өнімдер республикалық травматология ғылыми-зерттеу институтының клиникалық сынақтарынан сәтті өтті. 13 адамға ота жасалып, имплантаттар орнатылды. Бүгінде жобаларды қаржыландырудың жалпы сомасы 2,3 миллиард теңгеден асады. Университет бюджетіне түсетін ғылыми түсімдердің үлесі – 18 пайыз. Осылай Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ұлттық экономикаға қажетті, бәсекеге қабілетті инженерлік кадрларды дайындайды. – Мектеп бітіруші түлектер үшін маңызды ақпараттар айтылды деп ойлаймын. Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан М.ХАҚНАЗАР