Биылғы сәуірде «AMANAT» партиясының республикалық мобильді қоғамдық қабылдауы Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы Полянское ауылында да өткен болатын. Қабылдау кезінде ауыл тұрғындары 10 жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген Киров көшесінің мәселесімен жүгінген-ді. – Біз ауылдағы негізгі көшенің бірінің тозығы жетуіне байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізіп берсе деп «AMANAT» партиясының орталықтан, облыстан келген өкілдеріне жүгініп көмек сұраған едік. Арада аз ғана уақыт өткенде көшені жөндеу жұмыстары басталып кетті. Ауыл тұрғындарының өтінішін жерде қалдырмай, іске асуына ықпал еткен партия басшылығына алғыс айтамыз, – дейді Полянское ауылының тұрғыны Наталья Бургардт. Ауыл әкімі Жанна Ахметулдинованың айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында көшені орташа жөндеуге 16 млн 276 мың теңге сомасында бюджеттік қаражат бөлінген. Конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігер анықталған. Жұмыстар 2022 жылғы маусым айында басталды. Айта кетейік, «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдау жүргізуінің негізгі мақсаты – шалғай елді мекендердегі тұрғындардың арыз-шағымын тыңдап, өзекті мәселелердің жедел шешілуіне ықпал жасау.
Бота МАРАТҚЫЗЫ