Жалдық сипаттағы Байқоңыр қаласының бүгінгі тынысы көпшілікті алаңдатып тұр. Режимді жүйеде тұрмыс кешіп жатқан жұлдызды қалашықтың тұрғындары қымбатшылық қыспаққа алып тұрғанын айтуда. Жалпы, ғарышқа жол салғанына 60 жылдан асқан Байқоңырды 2050 жылға дейін Ресей жалға алған. Байқоңырлық жамағат бұл аймақта тіршілік ету күн санап қиындап бара жатқанын алға тартады. Әсіресе коммуналдық төлемнің бағасы аспандап тұрғанына алаңдап отыр. Соның бірі – қала тұрғыны Кеңшілік Күзенбаев ғарыш айлағының бүгінгі ахуалы қалыпты өмір сүруге қолайсыздық келтіріп отырғанын жеткізді. «Негізінен өзге өңірлерге қарағанда жұлдызды қалашықта өмір сүру деңгейі бір қалыпта емес. Бағада тұрақсыздық көрініс тауып тұр. Айтар болсам, ауыз суға төлейтін төлемнің өзінде айырмашылық жер мен көктей. Нақты айтсам, бізде ауыз судың өзіне әртүрлі тарифтік баға қойылған. Яғни, ғарыш айлағында тұрып, жұмыс істеп жатқан қазақтарға елде жоқ баға бекітілген. Ал Төретам мен Ақай халқының суға төлейтін төлемі мүлде бөлек. Нақты айтар болсам, Төретам, Ақай ауылдарының тұрғындары судың 1 кубына 30 теңгеден төлем жасаса, Байқоңыр қаласының қазақтары 1 кубқа 100 рубль, яғни 600 теңгеден төлеп отырмыз. Осыдан кейін айырмашылығын бағамдай беріңіз. Нәтижесінде, тиімсіз бағада төлем жасауға мәжбүр. Сол сияқты жарыққа төлейтін төлемде де дәл осындай жағдай көрініс тауып отыр. Ал мұны бақылап, реттейтін құзырлы орын әзірге бой көрсетер емес», – деп түсіндірді бұл жайында Кеңшілік Күзенбаев. Қымбатшылық қыспағында тұрған Байқоңырдағы бұл ахуал әсіресе қазақтардың қалтасына айтарлықтай салмақ салып тұрғаны айтпаса да белгілі. Өйткені жұлдызды қалашықта жұмыс істеп жатқан орыстардың айлық табысы анағұрлым жоғары. Сондықтан оларға коммуналдық төлемдегі баға айырмашылығының әсері сезіле қоймайды. Тұрғылықты халық осылай деп мәлімдеді. Қала тұрғынының айтуынша, жұлдызды қалашықта ушығып тұрған мәселе жалғыз бұл емес. Тұрғылықты қазақтарды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де ақсап тұрғанын алға тартады. «Байқоңыр қаласында тазалық жұмыстарымен айналысып жүргендер өңкей қазақтар. Олардың жалақысын айтпағанның өзінде, мемлекет тарапынан ауыз толтырып айтарлықтай шарапат көріп отырған жоқ. Көше тазалап жүрген қазақтардың дені бір баспанаға зәру. Қалада бір үйде бірнеше пәтер, тіпті тұтастай қаңырап бос тұрған үйлер бар. Содан үйсіз жүргендерге бір пәтер бұйырмай тұрғаны қынжылтады. Әзірге бір баспаналы болсам деп шырылдап жүрген жұмысшылардың жанайқайын естір құлақ табылмай тұр. Қаңырап бос тұрған үйдің өзін бермей отыр», – деп мұңын шақты қала тұрғыны. Жергілікті жұртшылықтың сөзінше, жалдық сипаттағы қалашықта газдандыру мәселесі де көңілдегідей емес. Сол сияқты білім, денсаулық саласында да түйіткілді мәселелер толып жатыр. Қалашықта зәулім білім ордасы салынғанымен, үш жылдан кейін ғана жұмысын бастаған. Ал іргесі қаланып, заманауи үлгіде бой түзеген балабақша балалар игілігіне бес жылдан кейін беріліпті. Сол сияқты жергілікті жұртшылық жұлдызды қалашықта іргесі қаланған аурухана ғимаратының жұмысы да әлі күнге көңілден шықпай тұрғанын жеткізді. Негізінен бүгінде режимді жүйедегі қалашыққа көрші елде қалыптасқан ахуалдың салқыны тиіп отыр. Қазіргі жағдайда жалға алушы мемлекет тарапынан жұлдызды қалашықтың шығыны шаш етектен болып тұрғанға ұқсайды. Соның салдарынан ғарыш айлағында тұрғылықты халықтың өмір сүру деңгейі төмендеп кеткен. Жалпы, жыл басынан бері қалашықта ғарыш кемесін ұшыру жұмысы біршама азайды. Байқоңыр ғарыш айлағында ұзақ уақыт үзілістен кейін жуырда, маусым айының 3-і күні соңғы ұшырылым жасалды. Мәліметтерге сәйкес, мұны жазғы демалыс маусымымен байланыстырады. Ал келесі ұшырылымның нақты қай кезде жалғасатыны әзірге беймәлім күйде қалып тұр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы