Кәсіби журналистердің қадірін билік пен халық «Қасіретті қаңтарда» білді. Себебі ахуалдың анық-қанығы туралы шынайы ақпаратты кәсіби ақпарат құралдары өкілдерінен ала алды. Сонымен бірге БАҚ-тың әлеуметтік желіде, мессенджерлерде қаулаған кейбір жалған ақпараттарға қарсы тұруға күші жетпейтіні анық аңғарылды. Ендеше сала ең алдымен қуатты қолдауды қажет етеді. Алғаш рет Президент Жолдауын БАҚ-қа арнады Елдегі саяси жаңғырулар аясында Президенттің тапсырмасымен отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту шаралары қолға алынуда. Тиісті тапсырманы Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында жүктеді. Ең бастысы, ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы шарт. Қит етсе, өткір сын айтса, қудалауға ілікпеуі тиіс. Бұл қағидат кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы журналистердің төл көзқарасы болуы қажет. «Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады. БАҚ билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтеруге міндетті. Бірақ мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасауы керек. Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуы тиіс. БАҚ бекерден бекер «төртінші билік» атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн. Мен мұны журналистер қауымына арнайы айтып отырмын», – деп тұңғыш рет ел Президенті өз Жолдауында журналистерге жүгінді. Мемлекет басшысы мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиа саланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарауды жүктеді. Қазақстан лидері журналистер рөлін жоғары бағалады: «тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары БАҚ болмаса, қоғамды одан ары демократияландыру мүмкін емес». Осы орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бір емес, бірнеше заң жобасынан тұратын топтаманы әзірледі. Арасында «БАҚ туралы» 1999 жылғы 23 шілдеде қабылданған қолданыстағы заңды түбегейлі ауыстыратын жаңа заң жобасы да бар. Әкімшілік кодексіне түзетулер енгізетін өзге заң жобасы ақпарат құралдары өкілдерінің сауалына жауап бермейтін, ашық өтуі тиіс жиналысты жауып тастауға әуес шенеуніктер үшін жаңа жаза түрін енгізбек. Құпия құмар шенділер жазаланады «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңында осы саланы реттейтін бірқатар норма бар: сұрау салуға жауап бермеу (9-бап және 11-бап); сұрау салу бойынша ақпаратты уақытылы немесе толық ұсынбау (9-бап және 11-бап); ашық отырыстарға қол жеткізуді шектеу (13-бап) және басқасы. Алайда осы баптардың талаптарын бұзатын шенеуніктерге ешқандай жаза қарастырылмаған. Соның кесірінен биліктегілер әлгі талаптардың бәрін ашықтан-ашық бұзады. Тіпті, журналистер соған шағымданып жүгінгеннің өзінде прокуратура іс аша бермейді. Прокуратура органдары ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарамай, оны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің атына жолдай салады екен. Ал министрліктің бақылау-қадағалау, жазалау өкілеттіктері жоқ. «Министрлік атына жеке және заңды тұлғалардан меморгандардың іс-әрекетіне қатысты шағым жиіледі. Мәселен, егер 2020 жылы 2 шағым ғана келсе, 2021 жылы 26-ға жетті. Арыздардың көпшілігі ақпарат беруден бас тартуға, ресми сайтта өзекті ақпараттың болмауына, журналистерді ашық отырыстарға жібермеуге қатысты. Министрліктің жанындағы Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның шешімдері ұсынымдық сипатта ғана болады, салдарынан, көбіне оны меморгандар орындамайды», – деп түсініктеме берді ведомство. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің дерегінше, БАҚ шағымы негізінде 2016 жылы – 0; 2017 жылы – 1; 2018 жылы – 1; 2019 жылы – 6; 2020 жылы – 0; 2021 жылғы 9 айда – 4 әкімшілік іс ашылыпты. Алда бұл сан күрт өсуі ықтимал: жаңа заң жобасы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңының біраз бабы үшін әкімшілік жаза енгізбек. Жаңа заң қабылданса, меморгандар, мекемелер, квазимемлекеттік сектор, орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері сайтта, электронды Үкіметте заңмен талап етілетін ақпаратты орналастырмағаны, оны уақытылы және толық ұсынбағаны, сондай-ақ БАҚ сұрауына жауап бермегені үшін тәртіптік жаза сыртында, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Нақтылай кетсек, лауазымды адамдарға, коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (биыл 91 890 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК (153 150), ірі кәсіпкерлік нысанына 100 АЕК (306 300 теңге) айыппұл салынуы мүмкін. Журналистердің адымын аштырмайтын тағы бір кесел – шенеуніктер мен әкімдердің кез келген ақпаратты құпияландырып жіберетіні. Осы мақсатта құжаттарға оңды-солды «ҚБПҮ» (немесе ДСП, «Қызмет бабында пайдалану үшін») деген белгі соғады. Сөйтіп, БАҚ пен қоғамды қызықтыратын мәліметтерге қол жеткізуін шектейді. Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу тәртібі заң деңгейінде бекітілмеген, ол Үкімет қарауына табысталған. Сондай-ақ ҚБПҮ-ге жатқызудың нақты критерийлері, мерзімдері жоқ. Содан билік ойына келгенін істейді. Мысалы, БҚО әкімдігінің ҚБПҮ-ға жататын мәліметтер тізбесі – 6, ал Жамбыл облысы әкімдігінде 72 позициядан тұрады. Оқу-ағарту, Энергетика, Сауда және интеграция министрліктері, Қарағанды, Қостанай және басқа облыстардың әкімдіктері осы төрт әріпке тым ынтық екені әшкереленді. Жаңа заң жобасында ақпаратты шектеудің бұл схемасына шектеу қойылмақ. ҚБПҮ грифінің қолданыс мерзімі, ҚБПҮ-ға жатқызу критерийлерінің толық тізбесі бекітіледі. БАҚ емес, БКҚ бола ма? Тапсырманы орындау үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрінің бұйрығымен 26 мамырда жұмыс тобы құрылды. Оған 2022 жылғы желтоқсанның соңына дейін медиа заңнаманы жетілдіруге бағытталған заңнамалық түзетулерді әзірлеу жүктелген. Оның таяудағы отырысында жаңа заң жобаларына қатысты тезистер ұсынылды. «ЮрИнфо» компаниясы бас директорының орынбасары, құқықтанушы Игорь Лоскутовтың байламынша, құптайтын да, сынайтын да мәселе жетерлік. «Айталық, БАҚ орнына «бұқаралық коммуникация құралдары» деген ұғымды енгізу ұсынылып отыр. Меніңше, бұл жарамсыз. БКҚ (орысша СМК) деп жағымсыз естіледі. Сонымен бірге ақпарат құралдары – құқықтық қатынастардың субъектісі де, объектісі де. Ал интернет-ресурстар субъект бола алмады, олар тек әралуан құқықтық қатынастардың объектісі ғана. Қолданыстағы заңнамада телекоммуникацияға не жататыны нақты айтылған. Олардың бәрі құралдар, жеке және заңды тұлғаларға қатысы жоқ. Ендеше, басқа атау іздеген жөн», – деді Игорь Лоскутов. БКҚ құрамына дәстүрлі ақпарат құралдарына қоса, блогерлерді, ютуберлерді енгізу көзделген. Блогер анықтамасы енгізіледі, олардың құқықтары, міндеттері белгіленеді. Олар мемлекеттен грант алушылар қатарына қосылады. Олар өз қызметін қаржыландыру көздерін, ақырғы бенефициарлары туралы ақпаратты ашуға міндеттеледі. Әйткенмен, журналистерді аккредиттеудің жаңа жүйесі оларға таралмайды. Сарапшының пайымдауынша, жаңа заңда журналистердің, блогерлердің жауапкершілігі күшейтіледі, олар ақпаратты жарияламас бұрын оның ақиқаттылығын тексеруге міндеттеледі. Бірақ құжатта ақпарат құралдары өкілдерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту жолдары пысықталмаған. Жаза мен жауапкершілікті ғана арттырып, журналистердің әлеуметтік қорғалуына мән берілмесе, отандық дәстүрлі, кәсіби журналистика жойылып кетуі де ғажап емес. Онда 28 маусым – БАҚ қызметкерлерінің күні емес, қаптаған блогерлердің ғана мерекесіне айналмақ.