Жыл басталғаннан-ақ күшейе түскен халықаралық шиеленісті ахуал осы кезге дейін белгісіздік тудырып келген еді. Енді бүгінде соның еліміз үшін алғашқы айқындалу қадамы басталған сияқты. Өйткені ол бюджет қаржы нарығы сияқты фундаменталды факторларға әсер ете бастады. Мәселен, осы аптада ұзақ жылдардан бері тұрақты болып келген теңге-рубль бағамы арасында сетінеу басталса, оған қоса жоғары мінбеден ел бюджетін бір жылдық жоспарлау жүйесіне қайтару керек деген пікір айтыла бастады. Есеп комитетінің есебі не? Парламенттің бірлескен отырысында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова бюджетті жоспарлаудың бір жылдық жүйесіне қайта көшуді ұсынды. Өйткені жобасы бекітілген жағдайда да үш жылдық бюджет толықтай қалыптастырылып үлгермейді. Себебі үш жылды толықтай қамту қосымша уақытты талап етеді. Сондықтан да бұл жағдайдан шығу үшін Үкімет жыл ортасында Ұлттық қорға қол салуға мәжбүр. Бір сөзбен айтқанда, бюджет тәуекелдерін тиімді басқару мүмкін болмай тұр. «Үш жылдық бюджет дегеніміз кейінгі жылдары формалды дүние болып қалды. Қалыптастырудың өзіне ғана көп уақыт кетеді. Сондықтан да нақтылау және түзету кезінде алғашқы жылы ғана ескеріледі де, қалған екі жылына мән берілмей қалады. Содан келіп, келесі кезеңге бюджет жоспарлаған кезде өткен жолы қолдау тапқан шығыстардың бір бөлігі түсіп қалу ықтималдығы жоғарылайды. Салдарынан аяқсыз қалған жобалар, құрылысы бітпей қалған нысандар пайда болады. Біздің ойымызша, бір жылдық бюджет жоспарлау жүйесіне оралу мәселесін көтеретін кез келді. Біз қаржылық-экономикалық шешімдердің сабақтастығын қамтамасыз етіп, бизнес пен инвесторларға қабылданған міндеттемелердің орындалатынына кепілдік бере алуымыз қажет», – деді Наталья Годунова. Оның айтуынша, бір жылдық бюджеттің пайдасына бірнеше маңызды факторлар бар. Бүгінде әлемдік экономикалық жағдайдың аса құбылмалығы ортамерзімді кезеңді сапалы түрде егжей-тегжейлі жоспарлауға мүмкіндік бермей отыр. Ендеше, қысқамерзімді жоспарлау конъюнктураның өзгеруіне неғұрлым икемдірек ден қоюға мүмкіндік бермек. Әйтсе де, сарапшылар қауымдастығы бұл ұсынысқа екіұдай күйде қарап отыр. Екі жылдық бюджет тиімді Мамандардың бір тарабы үш жылдық бюджетке көшудің бастамасы әуелгіде еліміз үшін қолайлы болғанын айтады. Өйткені ол әлемдік тәжірибеден алынған. Тек пандемиядан басталған әлемдік дағдарыс оның тиімділігін азайтып отыр. «Мысалы, 2017-2019 жылдардағы бюджетте шығыс бөлігін азайтуды, бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімнің 3, тіпті 2 пайызына дейін түсіруді, Ұлттық қордан ақша алмауды жоспарлаған едік. Бірақ бір өкініштісі, пандемия басталып кетті де, тапшылық та, бюджет шығындары да көбейіп, Ұлттық қорға ауыз сала бастадық. Оның үстіне соңғы екі-үш жылда біздің экономикамыз өспеді. Ал халық саны 1-2 пайызға көбейе түсті. Айлықтары да алдын ала уәде етілгендей белгіленген цикл бойынша көбейіп жатыр. Сондықтан да қаражатты жұмсау жоспарға бағынбай кетті. Оның үстіне, баға да, инфляция да, экспорт-импорттың көлемдері де тез өзгеріп жатыр. Ресейдің мұнайы мен газын ешкім алмағаннан кейін бағасы шарықтап тұр. Осыған сәйкес Қазақстанның да шығындары өзгерді. Бізде биыл екі рет – қаңтар айында, сосын сәуір айында индексация болды. Осы жайттар бюджеттің өзгеруіне алып келіп отыр. Оның үстіне, бюджет негізіне салынған мұнай бағасы да жиі өзгеретіндіктен, ел қазынасын қайта есептеу үш жылдық жүйеде күрделілік тудырады. Қысқа жобалауға көшкен дұрыс, бірақ оны бір емес, екі жылдық еткен абзал. Бұл бюджетті оңтайлы басқаруға мүмкіндік берер еді», – дейді экономист Сапарбай Жобаев. Уақытша көшуге болады Ал келесі бір сарапшы үш жылдық бюджет экономикада тұрақтылық қалыптасқан шақта және ел қазынасының кіріс бөлігі нақты айқындалған жағдайда ғана өзінің нәтижесін бере алатынын айтады. Бірақ соңғы уақытта оның игерілуі көңіл көншітпейді. Көптеген қаражат экономикада жұмыс істемей бос қалып жатыр. Бұл өз кезегінде қосымша инфляцияның туындауына алып келетін дүние. Сондай-ақ бюджет қаражатының ретсіз жұмсалуына душар етеді. «Бізге нақты бір қаражат көлемін бөліп, одан нақты нәтиже алу үшін бір жылға жоспарлап, келер жылы соның орындалғанын қадағалайтындай жүйе керек. Сондай тетік арқылы ғана біз ойдағыдай нәтиже ала аламыз. Осы реттен алғанда бір жылдық бюджетке көшкен дұрыс. Мысалы, биылға бюджеттен қаржы бөлу туралы жоспарладық па, келесі жылы дәл сол шаруаның қалай атқарылғаны туралы есеп беруіміз керек. Екінші реттен, бюджеттен бөлінетін қаражатты қысқартуымыз керек. Бұл әрине өңірлерге, кейбір ведомстволарға ұнамауы мүмкін. Бірақ бұл да бюджетті үнемдеудің, нақты бір нәтижені көрудің бір жолы. Егер де экономика тұрақталып, бюджеттің кіріс бөлігі айқындалса, онда қайтадан үш жылдық бюджетке көшуге болады. Ал бір жылдық жоспарлауға көшу дегеніміз – ол біздегі бюджет қаражатының талан-таражға салынуының алдын алуға бағытталған бір жол деп есептеймін», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов. Жоспарлау да, орындау да нашар Ал қаржыгер-экономист Расул Рысмамбетов бір жылдық бюджетке көшу – ол ұсыныс емес, нақты орындалатын шешім екенін айтады. Мемлекеттің одан басқа амалы жоқ. Оның тек ішкі ғана емес, сыртқы факторларға да қатысты сүбелі себептері көп. Сарапшы маман әлемдегі экономикада да, елімізде де жағдайдың тым күрделеніп тұрғанынан іс жүзінде үш жыл тұрмақ, бір жарым жылды жоспарлаудың өзі қиынға соғып тұр деген уәжбен келісіп отыр. Әйтсе де, мәселе жоспарлаудың уақытында ғана емес, атқарылу сапасында да жатыр. «Үш жылдық бюджеттің өзінде ұдайы түзетулер енгізіліп жататын. Тіпті, кейде ондаған миллиард теңгеге дейін өзгерістер жасалған кездері болды. Ал ондаған миллиард дегеніміз – бұл үлкен сома. Осы ретте бізге бір нәрсені мойындау керек. Бюджетті нашар жоспарлау бар, сосын бюджетті нашар орындау бар. Бізде мұның екеуі де кездесіп отыр. Оның үстіне біздің экономикада лоббизм өте көп. Мәселен, мемлекеттің бас тарта алмайтынын біліп, жылдың ортасында келіп өзінің ірі-ірі жобаларын тықпалайтын адамдар немесе топтар бар. Біз мұндай «көлденең көк аттылардың» мүддесінен құтылуымыз керек. Дәл қазір адамдар мен мемлекеттік әлеуметтік саладағы артықшылықтар басты орынға шығуы қажет. Бұл мәселені шешудің ең бір оңтайлы жолы – индикативті тұрғыда бір жылдық, ал нақты қадағалау жолымен тоқсандық бюджетті жоспарлау. Соның өзінде де бір жылдың ішінде бюджет екі-үш рет қайта қаралатын болады», – дейді экономист Расул Ибрагимұлы. Жаңа жүйе келесі жылдан бастап енгізілуі мүмкін. Ендеше, бұл тұста одан бас тартқан кездегі мәселелер қайта оралмай ма деген сұрақ туады. Мәселен, игерілмей қалған ақшаны кейін қайтарып, оны қайтадан алудың қиындығы қайта шықпасына кім кепіл? Сол себепті екі жылдық бюджет моделі оңтайлы нұсқа сияқты. Ал бір жылдық жүйеде Ұлттық қор қаражатын орнына қою мәселесі қалай шешілмек? Бұл бөлек мәселе...