Ауған соғысы туралы айтатын болсақ, сол майданның хас батыры, әскери қайраткер, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың есімі ойымызға түсетіні рас. Бақытжан Ертайұлын танымайтын Алаш азаматы кем де кем шығар. Ауған соғысы кезінде ержүрек командир әрі ақылды әскери стратег ретінде көзге түскен-ді. Еліміз тәуелсіздік алған соң оның майдандағы ерлігі үшін еліміздің ең жоғарғы наградасы – «Халық қаһарманы» атағы берілген болатын. Кейін Парламент Мәжілісінің депутаты атанып, заң шығару жұмысына белсенді араласты. Мен бүгінгі мақалам арқылы курсанттық етіктің талайын бірге тоздырған тағдырлас досым Бақытжанның қалың оқырман көп біле бермейтін азаматтық қырлары туралы сыр шерткім келеді. 1969 жылы тағдырдың жазуымен В.Ленин атындағы Ташкент жалпыәскери командалық училищеге оқуға түстім. Сол жерде алғаш рет Бақытжан Ертайұлымен таныстым. Мен Солтүстік Қазақстан облысы, ол Жамбыл облысынан оқуға келген. Баршаңызға белгілі, бұрын Пушкиннің тілін жетік меңгермесең, қандай да бір жоғары оқу орнына түсу қиынның қиыны болатын. Ал стратегиялық маңызы бар әскери салаға көптеген қара көздердің жолы жабық кездер еді. Жергілікті ұлттық кадрды әскери салаға тартудың өзіндік шектеуі тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, жоғары әскери училищеге екінің бірі түсе бермейтін. Оған жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар азаматтардың шамасы жететін. Бақытжандай ауылдың қара домалақ баласын ешкім құшақ жая күтіп тұрмады. Шынашақтай ұлдың ерік-жігері ғана оны биік межелерге сүйреді. Сәби жасынан әкеден ерте қалған ол өмірдің кермек дәмін жастайынан тартты. Оқуын да, үй шаруасын да бірге алып жүріп ер жетті. Әкесіз өсті демесеңіз, тәрбиесіз өсті деуге болмайды. «Жақсы әке балаға елу жыл азық» дегендей, әкесінің көзін көрген ауыл жұртының кішкентай Бақытжанға деген көзқарасы оң еді. Ауылдың қара құмын басып өскен ер балаға дала ғұламалары атанған өңір ақсақалдары барынша ақылын айтып, кеңесін беріп, жол сілтейтін. Ер Бәукең – Бауыржан Момышұлы өскен ортадан тәлім алған бала, дала академигі атанған ақсақал абыздардың мектебінен өтті десек, артық айтқандық болмас. Бақытжан бала болса да, үлкендердің айтқандарын бойыңа сіңіріп өседі. Өмір секілді телегей мұхитқа қайығы мен ескегін дайындап аттанады. Өмірде бір Жаратқаннан және өзінің қарым-қабілетінен басқа еш нәрсеге сенім артуға болмайтынын жас та болса түсінеді. Сондықтан мектепті аяқтаған тұста білім мен оқуды меңгеріп, шынығып шымыр болады. Өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында Жоғары әскери оқу орнына түседі. Мен де жалғыз әжемнің қолында тәрбиелендім, ол да жалғыз анасының тәрбиесінде өсті. Екеуміз бір-бірімізді сөзсіз түсініп, жақын дос болып кеттік. Курсанттық өмірдің қызығын бір ротада бастадық. Кейін Алматыдағы әскери оқу орнына бірге ауысып, бірге аяқтадық. Оның бойындағы қазақы балаға тән қарапайымдылық, сонымен қатар өжеттік пен батылдық әскери ортада жоғары бағаланады. Сондықтан болар курсант Ертаев та, қаруластарының ортасында зор беделге ие болды. Екеуміз де оқуды қатар аяқтап, лейтенант әскери шенін алдық. Бұл алғашқы шеніміз еді. Әрине, «генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ», оның үстіне біз кадрлық офицерлер едік, сондықтан генерал болуды армандау баршамызға тән еді, сол себепті алдымызға мақсат қойдық. Бақытжан және басқа да курстастарымыздың алдында үлкен әскери өмірдің есігі ашылды. Үлкен Отанымыздың әр түкпіріне тарап кеттік. Генерал болуды армандадық. Алайда бұл сүрлеу соқтықпалы, соқпақсыз жол екенін білген жоқ едік. Достығымызды сақтап, оны осындай күрделі жолдан, уақыттың сынынан сүріндірмей алып өттік. Менің әскери қызметім бөлек өрбіді де, Бақытжан Ертайұлының Ауған Демократиялық Республикасындағы даңқты әскери жолы басталды. Жалпы, Ауған соғысының тарихы да, «табиғаты» да өзгеше. Себебі ондағы әрбір сардар мен сарбаздың елі, туған жері еш алаңсыз өмір кешіп, қатар құрбылары аунап-қунап, кейбірі отбасын құрып, той-томалақ жасап жатқан тұста ауған шатқалын асқандар оқ пен оттың, өлім мен өмірдің арпалысында күн кешті. Менің қурстасым батальонға аға лейтенант шенінде жүріп-ақ командир болды. Бақытжан жас та болса сарбаздардың жүрегіне жол тауып, құрметіне бөленді. Оларды ұрысқа жігерлендірді. Бұл – тек өзіне сенімді батырларға, қолбасшыларға тән қасиет. Батальонды басқаруда жігіттерді ұдайы жігерлендіріп, рух беріп тұрды. Сонымен қатар ханмен де, қарамен де теңдей сөйлесе алатын қасиеті соғыс кезінде де, қиыннан қиыстырып жол табуға, жеңіске жетуге сеп болды. Бірде жергілікті тұрғындармен әңгіме барысында ауғандықтар Бақытжанға «мұсылмансың ба?» деп сұрақ қояды. Ал Ауғанстанда дінге деген көзқарас баршаңызға жақсы таныс шығар деп ойлаймын. Сол сәтте Бақытжан ақсақалдардың айтқандарын есіне түсіреді. Ауыл ақсақалдары қарасирақ балаға әртүрлі сұрақ қойып, жауаптарын өздері үйрететін. Соның бірі мұсылман екеніңді дәлелдеу үшін «Әшһәду әнләә иләһа иллаллаһ уа әшһаду әннә Мұхаммәдән ғабдуһу уа расулуһ» деп айтқызғаны есіне түсіп, соны қайталайды. Жергілікті ауғандық жұрт совет офицерінің сөзіне иланып, сене бастайды. Сол кезден бастап жауынгерлерге тұтқиылдан жасалатын күтпеген шабуылдар тоқтайды. Соның арқасында көптеген сарбаз үйлеріне аман-есен оралды. Ал командир үшін жеке құрамның өмірін сақтап қалу – бірінші кезектегі міндеті. Өзінің міндетін мінсіз атқара білген жас офицер әскер басшылығы тарапынан да, тіпті жергілікті халық тарапынан де зор құрметке бөленеді. Ауғандағы тоғайдың біріне Бақытжанның есімін берген. Бүгінде «Бақтияр тоғай» аталатын жердің атауы курстасымның құрметіне берілгені тек бірге оқыған біздің ғана емес, бүкіл Алаш жұртының мерейін асырды. 1980 жылы мен М.Фрунзе атындағы әскери академияға оқуға түстім. Араға екі жыл салып, Бақытжан Ертайұлы да академия қабырғасына келеді. Екеуміз тағы да бір жерде оқимыз. Осыған дейін демалыстарда кездесуші едік. Мәскеуде тіптен бір-бірімізге қолдау көрсетіп, біте қайнасып кеттік. Ол кезде әскери қызметтің белортасына келген кезіміз. Курсанттық кезден жалғасқан достығымыз бар. Енді отбасыларымызбен бірге аралас-құралас болдық. Бауырластығымыз нығая түсті. Екеуміз оқуда да, қызметте де бір-бірімізге сеп болуға тырыстық. Оқуды аяқтағаннан кейін екеуміз тағы да екі жаққа жол тарттық. Ол Германияда полк қолбасшысы лауазымына тағайындалды. Жат жерде де біліктілігі мен тәжірибесінің арқасында үлкен беделге ие болды. Кеңес Одағы ыдырағанша шетелде қызмет атқарып, тәуелсіздігімізді алғанда алғашқылардың бірі болып атақты генерал Сағадат Нұрмағанбетовтің қасынан табылды. Тәуелсіз еліміздің армиясын жасақтауға атсалысқан ұлттық кадрымыздың бірі болды. Еліміз егемендігін алғаннан кейінгі жылдары кездесуіміз жиілей түсті. Өйткені еліміздің қорғаныс саласын нығайтуға бірге атсалыстық. Иық тіресе жүріп, Қазақстан әскерінің қалыптасуына септігімізді тигіздік. Курсант кезіміздегі арманымыз болған «генерал» шеніне қол жеткіздік. Бір білетінім, генерал Б.Ертаев өміріндегі жетістіктеріне әскердің барлық соқпақтары мен қиындықтарын еңсеру арқылы қол жеткізген ерен еңбек иесі. Ол іс жүзінде нағыз батыр, нағыз командир екенін дәлелдей алды. Оның қызметтік жолына көз салсақ, нағыз көшбасшы офицердің тұрпатын танимыз. Әскери мансабымызды аяқтағаннан кейін, 2012 жылы екеуміз де Парламент Мәжілісінің депутаты атандық. Саясаттың сахнасында әскери қолбасшы басқа қырынан ашыла түсті. Ең біріші кезекте, ол әскери қызметшілердің әлеуметтік мәселелерін шешуге белсене атсалысты. Өйткені өзі де курсанттан бастап генералға дейінгі жолдан өткен тұлға. Сондай-ақ ауғандық және аймақтық соғыстар мен қақтығыстар ардагерлерге қатысты заң жобасын жасап шығарды. Соның нәтижесінде, ауғандықтардың көп жылғы мәселелері өзінің шешімін тапты. Курстасыммен қатар жүріп, Парламент қабырғасында ел тағдырына қатысты көптеген заң жобаларын қабылдауға еңбек еттік. Қоғамдық өмірде әртүрлі жағдайлар кездеседі. Бірде жиналысқа келіп, үстелдің үстінен секіріп, орындыққа отырған сәтім болған. Оны бүкіл жұрт талқыға салды. Сонда мені сынаған әріптестерім де болғанын жасырмаймын. Сол кезде журналистердің бірі Бақытжанға келіп «Депутат Тасболатовтың әлгі әрекетін қалай бағалайсыз?» деген сұрақ қояды. Сонда Бақытжан ойланбастан «Генералға не істесе де жарасады. Демек, А.Тасболатовтың істегенін дұрыс деп ойлаймын», – деп өз ойын айтады да, жұмысына кетеді. Кейін маған келіп, «Сен не істедің?» – деп сұрақ қойды. Мен мән-жайды түсіндірдім. Бір риза болғаным оның маған деген риясыз сенімі, достық пейілі. Өйткені қоғамда бұл әрекетім екіұдай қабылданды. Тек курсанттық шинелді бірге тоздырған әріптесім ойланбастан достық қолдауын көрсеткендердің бірегейі болды. Мұның барлығына біліммен қатар, өмірге құштарлық, шексіз адалдық қажет екенін білемін. Бақытжан курстасымда мұндай энергия жетіп артылады. Бүгінгі күннің өзінде еңбек демалысында құр жатпай БАҚ-та өз ойымен бөлісіп жүр. Жастарға бағыт-бағдар беріп, елжандылыққа тәрбиелеу ісіне белсеңді араласып келеді. Жүрегіндегі жалынды жоғалтпаған, жетпіске келсе де жер таянбаған досымның бейнесіне қарап кезінде өзіне жол сілтеген сол баяғы дала ғұламаларына тән данагөйліктің белгісін байқаймын. Жетпіс жасқа жеткен әскери және мемлекет қайраткері Бақытжан Ертаев бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі боларлық тұлға. Оның Отанға деген адалдығы, елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі, қызметке деген риясыз берілуі және өзінің тумасынан қалыптасқан азаматтық һәм адами қасиеттерінен үйренетініміз мол. Бүгінгі кейіпкеріміз майданда батыр, қызметте сенімді қарулас, өмірде адал дос бола білсе, үйінде өнегелі отағасы. «Ер үйдің егесі, әйел үйдің шегесі» демекші, жұбайы Зейнехан Ертаева нағыз офицердің жары ретінде әскери өмірдің барлық қиыншылығын кейіпкерімізбен бірге жүріп, бірге көтерісті. Офицердің көбі уақытының басым бөлігін жеке құраммен бірге өткізетіні әу бастан белгілі. Сонда үйінде әкесінің жоғын білдірмей, бала-шағасын бағып-қағып өсірді. Бүгінгі күні де екеуі ұлағатты ата-әже ретінде жарасымды жұп болып жүр. Алла берген жасты бірге жасасын деген достық тілегімді айтқым келеді. Айта кету керек, болашақта Бақытжан курстасым туралы әлі талай көлемді дүниелер жазылатыны сөзсіз. Мен бүгінгі мақалам арқылы солардың жүзден бірін ғана жеткіздім. Әлі де елге берері көп, алар асулары алда. Елім дейтін Ертаевтай ерлер аман болғай!
Абай ТАСБОЛАТОВ, генерал-лейтенант