Шардара – Түркістан облысының ең шалғай ауданы. Ал оның ауылдары орталықтан тіпті шалғай. Демек, шалғай өңірде бәрі бола береді екен. Шардара ауданына қарасты Қоссейіт ауылынан хабарласқан Айнұр Мүтәлі есімді келіншек «Айғаным» балабақшасында 5 ай жұмыс істеп, бір тиын да жалақы алмағанын айтады. Тіпті, еңбек шарты да жасалмаған, ешқандай құжатқа қол қоймаған. Бір жыл бойы ауада жұмыс істеген балабақша осылайша ешқандай жұмысшысына жалақы төлемей, ақыры жабылып тынған. Айнұр жұмысқа кіру үшін несие алып, қарызданып 350 мың теңге тауып беріпті. Енді міне, сонша уақыт тіпті берген ақшасын да өндіре алмаған соң күйінгеннен құзырлы органдарға шағымданып отыр. «2021 жылы қазан айының соңғы күндерінің бірінде туыс жеңешеміз ауылда «Айғаным» балабақшасының ашылып жатқанын айтты. «Жұмысқа ала ма екен?» дегеніме кешке жауап берді. «Тез арада 400 мың теңге берсең, 1 қарашадан жұмысын бастағалы жатыр екен, жұмысқа кіріп кетесің» деді. Сонымен, 350 мың теңгенің басын әупіріммен толтырдым. Содан 1 қарашадан жұмысқа кірістім. Бара сала жұмыс жоспарын сұрағанымда, «әзірге істей тұрыңдар, болады» деді. Мен барғанда 25 бала жиналып қалған еді. Біртіндеп көбейді. Бірақ айлық кешіге берді. «Конкурстан өтіп қаламыз, осы айдың соңы, міне 5-6 күнде болып қалады» деген жауаппен жылды да аяқтадық. Сөйтіп, 2022 жылдың сәуіріне дейін жұмыс істеп, айлық бермеген соң шығып кеттім», – дейді Айнұр бізбен әңгімесінде. Ал балабақшаның 2021 жылдың мамыр айынан басталған жөндеу, әрлеу жұмыстарынан бастап осында жүрген әріптестері де бір жыл бойы жалақысыз жүрген. «Жұмыс істегенімізді дәлелдейтін құжатымыз болмаса да, балалардың ай сайынғы төлемақысының түбіртектері, сабақ беріп жатқандағы, жаңа жылдық ертеңгіліктерді түсірген фотосуреттер, бейнематериалдар бар. Менің өзім де ата-анамын. 3 баламды алып бардым. Алайда балабақшада баладан гөрі қызметкерлер көп еді. Басқа тәрбиешілер де жұмыс істесін деген ниетпен ауысыммен істедік», – дейді Айнұр. Өткен жылдың мамыр айынан бері балабақшаның іргетасы қаланғаннан басы-қасында жүрген тәрбиешінің бірі – Камила Бектанова. «3-4 ай жөндеу жұмыстарына атсалысып, сосын 12 қазаннан бала қабылдадық. Бұл менің алғашқы жұмыс орным болды. Сондықтан барлық қиындықтарға қарамай, шыдамдылықпен балабақша жабылғанға дейін жұмыс істедім. Оның үстіне, 300 мың теңге беріп кірген болатынмын. «Тәрбиешілерге 70-80 мың, бала қараушыларға 60-70 мың теңге көлемінде жалақы береміз» деген еді. «Әне береміз, міне береміз» деп сол күйі жоқ болды. Құжат сұрасақ, өзімізге ұрысып береді. 40 шақты адам жұмыс істедік. Ал 30 шақты бала келіп жүрді. Бірақ жұмыстың мәнісі бола қоймады. Демалысы көп. Балалар да толық келе бермейді, келгеннің өзінде төлемақысы олардың тамағына жетпейтін. Арасында қалтамыздан ақша шығарып, тамақ алатынбыз. Қысты күндері жылу болмай, газ плитаны да қосып отырған күндер болды. Кейде жөндеу жұмыстары біткенше деп жабылып тұратын. Демалып жұмысқа қайта шықсақ, ешқандай жөндеу жұмыстары жүрмеген сол күйі тұрды. Демалыстан соң бала саны да мүлдем азайып кетті. Соңы сиырқұйымшықтанып, ақыры сәуір айында жабылып тынды», – дейді тәрбиеші Камила. Енді міне, олар күн сайын балабақша меңгерушісінің үйін торуылдап жүр. Бастапқыда бүгін-ертең тауып береміз деп алдаусыратқан ол енді мүлдем телефон тұтқасын көтермей қойған. Ақыры болмаған соң араша сұрап алдымен ауыл әкіміне, одан қайыр болмаған соң прокуратураға арызданған. Алайда «әлі хабар болмай отыр» деп ренжиді олар. Баласын басқа бақшадан ауыстырып, «Айғанымға» берген Әсел есімді келіншек мұнда толыққанды дұрыс жұмыс болмағанын жеткізді. Сонда жұмысқа тұрған ағайын келінінің бала саны жетпей жатыр деген өтінішінен соң баласын «Айғанымға» ауыстырып, соңында өкініп қалыпты. Білім бөлімінің хабары жоқ Тәрбиешілер балалармен жұмыс барысынан, жаңажылдық ертеңгіліктерден бейне және фото суреттер көрсетті. Одан бөлек, балабақшаның ішінен түсірілген бейнематериалдан талапқа сай еместігін байқауға болады. Ескі-құсқы жиһаздар біреудің жарамсыз деп шығарылған үйінен әкелініп қойған сияқты. Кейбір бөлмелердің қабырғалары құлаған, санитарлық талапқа сай емес лас асхананы көріп, ешқандай тексерудің болмағанын байқауға болады. Тексеру қайдан болсын, Шардара аудандық білім бөлімі мұндай балабақшаның барын да білмейміз деп отыр. Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы Дариға Нұсқабаеваның айтуынша, мемлекеттік тапсырысқа өтінім қалдырмаған мұндай балабақша білім бөлімінің тізімінде жоқ. «Біз мүлдем хабарсызбыз. Мұндай жағдайдың болғанын жақында ғана естідік. Жеке тұлға балабақшаны өздері ашып, баланы да, қызметкерлерін де порталға тіркеместен жұмыс істеген. Мемлекеттік тапсырысқа құжат та өткізбеген. Ол үшін аудандық білім бөлімінің ұсынысы, рұқсаты болуы керек. Құрылтайшы ер кісі, меңгерушісі әйел деп естігенбіз. Бірақ көрген емеспіз», – деп ат-тонын ала қашты білім бөліміндегілер. Ал Қоссейіт ауыл округінің әкімі Еркінбек Айдынбаев ауылда жекеменшік балабақша ашылғанын ауызекі естігенін жоққа шығармады. «Айғаным» балабақшасының жұмысы былтыр басталғанын естіп қуандық. Алдымен, кәсіпкерлік дамып, жұмыс күші қосылатыны, одан соң балаларға бақша болғаны жақсы ғой, әрине. Жапсарлас үйдің жартысын жалға алып, ішін балабақшаға сай әрлегенін естіп, кәсіпкерді қолдадық. «Ауылдағы келіндер жұмыс істеп жатырмыз» деді. Соңында рұқсат ала алмаған ба, жабылып қалыпты. Қызметкерлеріне жалақы төлемепті. Ол мәселені сонда істеген қызметкерлерден арыз түскенде білдік», – дейді ауыл әкімі. Құрылтайшының уәжі не? Сонымен, балабақшаның құрылтайшысы Назар Сүлеевпен де тілдесудің сәті түсті. «Балабақша ашылғанымен, жұмыс істеген жоқ», – деп айды аспанға бір-ақ шығарды құрылтайшы. «Біз балабақша ашуға рұқсат беретін қажетті құжаттың барлығын да реттедік. Халыққа қызмет көрсету орталығына тіркетіп, СЭС-тен, өрт сөндіру қызметінен де рұқсат алдық. Балабақшаға қажетті жиһаздарды да қарызға алған едім. 50 балаға арналып, 2 топ ашуға рұқсат берді. Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақшагүл Бердалиеваның тікелей өзіне кіргенмін. «Қаржы облыстан бөлінбей жатыр, күте тұрыңыз» деп шығарып салған. Бірнеше мәрте барып, қаржы жағы реттелмегендіктен, қарызға батып бара жатқан соң жұмысты тоқтаттық. Тоқтағанда жұмыс істеген жоқпыз ғой, перде тіккен, асханада жәрдем берген, жөндеу жұмыстарына атсалысқан 5-6 жұмысшының жалақысын бере алмай қалғаным үшін олар шулатып, шағымданып жүр», – дейді ол сабырлы кейіппен. Бүгінде зейнеткерлікке шығып, енді кәсіпкерлікті қолға алған ол «көшіп бара жатқан жоқпын, ақша болса жалақыны төлеймін» деп бекініп отыр. Әрине, 5-6 жұмысшыға! «Біз жалаулатып салтанатты түрде ашпадық. Бірақ 2-3 келіншек келіп-кетіп жүрді. 6 ай бойы құжат жинадым, ақыры болмады», – дейді кәсіпкер. Сонда дейміз-ау, осынша жұрт шулап жұмыс істегенін дәлелдейтін бейнематериалдар көрсетіп отырса да кәсіпкердің міз бақпастан бала қабылдамадық, жұмыс істемедік дегені қай сасқаны? Ал адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы қанша жерден ат-тонын ала қашса да, жүрек жұтқан адам болмаса, кәсіпкер білім бөліміне хабар бермей, қалай балабақшаны ашуды жоспарлайды деген ой тағы келеді. Демек, бұл жерде бір шикіліктің бары рас. Мұндай сұмдықтар шалғай ауылда ешкімнің қадағалауынсыз өтіп кете бере ме? Сонда 40 шақты қызметкердің обалы кімге? Түркістан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, 6 маусым күні Қоссейіт ауылы тұрғындарының арызы Шардара аудандық прокуратурасынан полицияға келіп түскен. «Жәбірленуші тараптың айтуынша, олар балабақша құрылтайшыларымен еңбек келісімшартын жасаспай жұмыс істеп, қазіргі таңда жалақыларын алмаған. Аталған жайт Шардара АПБ-ға ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша тіркеліп, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде» делінген ресми жауапта. Ендеше, құзырлы органдар бұл іске сергек қарап, жауапты тұлғаларға тиісті жаза қолданады деген үміттеміз. Қалай болғанда да, бұл ескерусіз, елеусіз қалатын мәселе емес...
Түркістан облысы