Қазақстан журналистерінің төл мерекесі – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай еліміздегі бірқатар ақпарат құралы өкілдеріне Мемлекет басшысының БАҚ саласындағы марапаттары тағайындалды. Елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуын ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету ісіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының елеулі рөлін ескере отырып, Қазақстан Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау жөніндегі қоғамдық комиссияның ұсынымы бойынша бірнеше әріптесімізге Мемлекет басшысының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары берілді. Олар – ұлттық радионы дамытуға үлес қосқаны үшін Qazaq radiosy радиостанциясының бас редакторы Дулат Абибуллаев, отандық тележурналистиканы дамытуға үлес қосқаны үшін «31 арна» телерадиокомпаниясының тілшісі Ерқанат Көпжасарұлы, Қазақстанның өңірлік саясатын ақпараттық тұрғыдан тиімді сүйемелдеуге үлес қосқаны үшін «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Оксана Мягких, Қазақстан журналистикасының және ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына үлес қосқаны үшін Qazaqstan ұлттық телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов. Президенттің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы гранттары өңірлік журналистиканы дамытуға үлес қосқаны үшін «Жетісу» телеарнасының редакторы Сәния Байтароваға, еліміздің телевизиясын дамытуға үлес қосқаны үшін Almaty телерадиокомпаниясының арнайы техника операторы Диаскен Байтибаевқа, Мемлекет басшысының қызметін белсенді әрі жан-жақты түсіндіріп, жариялап, көрсеткені үшін «Хабар 24» телеарнасының жүргізушісі Әнуарбек Бірімжановқа, интернет кеңістігінде ақпарат тарату ісін дамытуға үлес қосқаны үшін Baigenews.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Жадыра Жолмұхаметоваға тапсырылды. Ал Adyrna ұлттық порталының шығармашылық ұжымына – Қазақстанның дамуының өзекті мәселелерін қамтыған ақпараттық-талдамалық қызметі үшін, Ashyq alań қоғамдық-саяси ток-шоуының шығармашылық ұжымына қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардың дамуын ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз етуге үлес қосқаны үшін, Astana радиосының шығармашылық ұжымына отандық радионы дамытуға үлес қосқаны үшін, «Вечерняя Астана» қоғамдық-саяси газетінің шығармашылық ұжымына баспа бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға үлес қосқаны үшін Қазақстан Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Алғысы жарияланды.