Қазақтың түкпірдегі бір ауылынан Ресей аттанып, Ленинградтағы мемлекеттік журналистика институтына оқуға түскен адам көп емес. Сабыр Жұмағазиев – сол оқу орнын бітірген екінші қазақ.
Сабыр Жұмағазиевтің өз қолымен мөлдіретіп жазған өмірбаяны сақталған. Сол кездегі адамдардың жазуы қандай! Маржандай! Орысша толтырылған өмірбаян жолдарын қазақшаласақ, мынадай мәліметтерге кезігеміз.
«Мен, Жұмағазиев Сабыр, 1907 жылы Орынбор облысы Қуандық ауданындағы №8 ауылда дүниеге келдім. 1917 жылдан 1927 жылға дейін әкемнің қасында, өз шаруашылығымызда болдым. 1927-1929 жыл аралығында Қызыл Армия қатарында қызмет еттім. Әскерден босаған соң мені Ташкент қаласындағы Жұмысшылар факультетіне оқуға жіберді. Онда 1931 жылға дейін оқыдым. Осы жылы мені аудандық атқару комитеті Ленинградтағы Шығыс институты жанындағы курсқа оқуға жіберді. 1932 жылы Н.Крупская атындағы пединститутқа қабылдандым. 1933 жылы каникулға келген соң отбасы жағдайыма байланысты оқуымды жалғастыра алмадым. Ақтөбе облыстық партия комитеті мені Ключевой аудандық партия комитетінің мәдени-ағарту бөліміне меңгеруші етіп жіберді. Мұнда 1933-1934 жыл аралығында жұмыс істедім. Облыстық партия комитеті мені Ақтөбе теміржолы бөлімшесінің саяси бөліміне насихатшы ретінде ауыстырды.
1934 жылы Орынбор теміржолы Ембі станциясы №7-қызмет комитетінің бөлімше төрағасы қызметіне сайлады. 1935 жылға дейін сонда істедім. Орынбор теміржолының басқармасы сол жылы Воровский атындағы Ленинград коммунистік журналистика инситутына оқуға жолдама берді».
Қалың оқырман хабардар болуы үшін сол тұстағы кезеңдік оқу орындары туралы мәлімет бере кеткен артық болмас.
Журналистерді даярлау жөніндегі жоғары оқу орындарын ашуды АҚШ пен Германия ХІХ ғасырдың екінші жартысында қолға алған еді. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Франция, Италия, Ұлыбритания, Жапония, Қытай жалғастырып әкетті. Патшалық Ресейде журналистерді даярлайтын оқу орны болған жоқ. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Аустрия, Бразилия, Чили, Мексика, Жапония, Үндістан, Түркия мемлекеттерінде Журналистика факультеттері мен бөлімшелері үздіксіз жұмыс істеп келеді.
Кеңестік билік журналист кадрларын даярлау ісіне айрықша мән берген. КСРО тұсында 1918-21 жылдары Я.Свердлов атындағы Коммунистік университет пен Ресей Телеграф агенттігінің /РОСТА/ жанындағы курстарда ғана алғашқы журналистер легі даярланды. 1921 жылы Мәскеу журналистика институты ашылды, ол кейін «Правда» атындағы Бүкілодақтық коммунистік журналистика институты деп аталды. 1924 жылы Мәскеуде Шығыс еңбеккерлерінің коммунистік университеті мен Батыстағы ұлттық азшылық оқу орнында газет секциялары пайда болды. 1930 жылғы 11 қарашадағы ВКП Орталық комитетінің «Газет қызметкерлері кадрлары туралы» қаулысы кеңестік журналистерді даярлау ісіне ерекше серпін берді. 30-жылдары өлкелік және облыстық коммунистік институттарда газет бөлімдері, Мәскеуде редакциялық-баспа институты құрылды. Баспа техникумдары желісі пайда болды.
Коммунистік журналистика институттарының алдында сауатты мамандарды даярлау ғана емес, сонымен бірге саяси шыңдалған кадрларды шығару міндеті тұрды. В.Лениннің журналистік аппарат туралы айта келіп, «ни одно массовое движение обойтись не может в сколько-нибудь цивилизованной стране» дейтіні бар. КСРО кезінде 1930 жылдары осындай алты институт болды. Коммунистік журналистика институттары Ленинград, Минск, Харьков, Алматы, Свердловск (қазіргі Екатеринбург) және Куйбышев (қазіргі Самара) қалаларында ашылған болатын.
Практикалық сабақтар «газет информациясы», «публицистика теориясы», «газет библиографиясы», «газет техникасы» және шет тілдері (неміс, француз, ағылшын) және «стенография» пәндері бойынша жүргізілді.
Әуелгіде үш жылдық мерзімде оқыту белгіленген екен. 2328 сағаттың 1054-і, яғни 46 пайызы арнайы пәндерге арналған. Кейінірек арнайы курс бағдарламасына «материалды өңдеу», «журналистік практикада тіл үйренуді қолдану», «әдеби сын және оның осы заманғы тәсілдері», «баспасөз туралы заңнама» курстары енгізілген.
Журналистика институттары ұлттық және комсомол баспасөзіне кадрлар даярлау ісіне де көңіл бөле бастайды. 1927 жылы төрт жылдық оқу мерзімімен Ұлттық-шығыс факультеті ашылады. 1932 жылы комсомол бөлімшесі ашылып, кадр даярлауға кіріседі.
Ленинград мемлекеттік журналистика институты 1930 жылғы 29 қаңтарда құрылған. Сол кезде институтқа алғашқы совет дипломаты Вацлав Воровский есімі берілген. Институт алдында журналистер мен редакторларды, радио журналистері мен баспагерлерді даярлау міндеті тұрды.
В.Воровский – шыққан тегі жағынан поляк, кеңес өкіметінің алғашқы дипломаттарының бірі. Императорлық техникалық училищені бітірген, публицист, әдебиет сыншысы. Орыстанған поляк отбасында 1871 жылы дүниеге келген. Лютерандық шіркеу жанындағы орта мектепте оқып жүргенде өкіметке қарсы өлеңдер жазып, оқушылар алдында жалындата сөз сөйлеп жүреді. 1890 жылы Мәскеу университетінің физика-математика факультетіне оқуға түседі, бір жылдан соң Императорлық Мәскеу техникалық училищесіне ауысып кетеді. Воровский Мәскеудегі «Жұмысшылар одағы» ұйымының мүшесі болады. Жандармдар көзіне түсіп, 1896 жылы ІІ Николайдың таққа отыру рәсімі кезінде сенімсіз адамдар санатына жатқызылып, Мәскеуден қуылады.
Әуелі Вологда, сосын Вятск губерниясына айдауға жіберіліп, соңынан Женеваға эмиграцияда болады. Сонда жүріп большевиктер жағына шығып, «Искра» газетінің тілшісі болады. 1903 жылы Одессаға келіп, астыртын жұмыстар жүргізеді. 1905 жылы Санкт-Петерборға келеді, большевиктік басылымдарда жұмыс істейді. Әскери жасақтарға қару-жарақ сатып алумен айналысады. 1917 жылы Стокгольмдегі большевиктердің шетелдік бюросында Лениннің ұсынысымен өкіл болады. Швецияда жүргенде совет өкілдігіндегі есепшотта 10 миллион крон, ал Воровскийдің жеке шотында 1,8 миллион крон ақша болған. 1919 жылы Ресейге келіп, Мемлекеттік баспа меңгерушісі қызметін атқарады. 1921 жылдан Италиядағы елші қызметіне кіріседі. 1923 жылғы 10 мамырда Швейцариядағы «Сесиль» қонақүйінің мейрамханасында бұрынғы ақ гвардияшы Морис Конрадидың қолынан қаза табады. Воровский мен оның екі көмекшісіне оқ атып тұрып, Конради «Я сделал доброе дело – русские большевики погубили всю Европу… Это пойдёт на пользу всему миру» деген көрінеді. Воровскийдің әйелі осы қанды оқиғадан соң жынданып кеткен, іле-шала өзіне қол жұмсайды.
Дипломаттың мәйіті Мәскеуге жеткізіліп, Қызыл алаңдағы бауырластар қорымына жерленген. Осы оқиғадан кейін Совет Одағы мен Швейцария арасындағы дипломатиялық қатынас үзіліп қалады.
1931 жылғы маусым айынан 1940 жылғы сәуірге дейін институт В.Воровский атындағы коммунистік журналистика инситуты атанды. 1941 жылғы тамыз айында институт жабылып қалды.
Ленинград мемлекеттік журналистика институтын бітіргендер арасында совет жазушысы, драматург, аудармашы Ульяс Викстрем, қазақ совет әдебиеттанушысы, жазушы Темірғали Нұртазин, мордва жазушысы Тимофей Якушкин секілді тұлғалар бар.
Темірғали Нұртазин – Ресейдің Қорған қаласында 1907 жылғы 29 желтоқсанда дүниеге келген. Филология ғылымының докторы, профессор. Ленинград журналистика институтын 1935 жылы бітірген. Алғашқы өлеңдер жинағы «Машинист» 1932 жылы жарық көрген. С.Мұқановтың (1953 ж. орыс тілінде, 1958 ж. қазақ тілінде шыққан), Б. Майлиннің шығармашылығы туралы монографияның авторы. «Казахская советская литература» оқулығының авторы. «Сборник рассказов», «Мұрат», «Адам бекерге жасамайды», «Ауыл тынысы» атты кітаптары жарық көрген. А. Никольскаямен бірге М. Әуезовтің Абай романының 1-томын орыс тіліне, Н.Гогольдің «Тарас Бульба» повесін қазақ тіліне аударған. Бейімбет Майлин туралы зерделі зерттеу жасаған да Темірғали Нұртазин. «Бейімбет Майлиннің творчествосы» деген фундаментальды зерттеу еңбегі бәрімізге белгілі.
Темірғали Нұртазин қайтыс болғанда, Рымғали Нұрғалиевтың жазған естелігі бар. «Ағаның мәйіті салынған табыты университеттің ескі үйінің (қазіргі өнер институтының) фойесіне қойылды. Әкем жаңа өлгендей көз жасыма ие бола алмадым. Менің қарсымда тағы бір жас жігіт жылап тұрды. Ол – Мұхтар Мағауин еді. Темекеңе бағышталып Құран оқылып, ас берілген соң Мұхтарға жолықтым. Темірғали аға туралы сыр шертістік. Ол: «Әкем ауылдан келген сайын маған Темірғали ағаңды қонаққа шақыр», – деуші еді. Екеуі түннің бір уағына дейін әңгімелесетін. Таңертең олар бірін-бірі қимай қоштасатын. Жарықтық әкемдей адам еді ғой», – деп ауыр күрсінді», – деп егіле жазады.
Т.Нұртазин жас ғалымға: «Рымғали, әлі жассың. Осы әдебиеттану ғылымына жолама. Сатқын ғылым екен. Сен жақсы бір ой айтасың, оны біреу малданып кетеді. Артыңа із қалдырмайды», – депті.
Темірғали ағайдың есімін Қазақ Мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінде оқуға түскенге дейін де естігенбіз. Біз оқуға түсерден бір жыл бұрын, 1977 жылы өмірден өткен екен. Нұртазин деген фамилиясының өзінен талай адам сескеніп жүретіндей көрінетін-ді. Сабыр Жұмағазиев пен Темірғали Нұртазин Ленинградта түйісті ме? Бір оқу орнында екі қазақ кездескен де болар. Зерттеушілер осы төңіректе ізденіс жасаса артық болмас еді...
Таяуда Мемлекеттік сыйлықтың иегері Алдан Смайыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың 75 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция үстінде бір сырдың бетін ашты. «Сағат бір күні бізді бір жерге алып барды. «Қашанға дейін КПСС кітабын оқи бересіңдер? Мына жерде ешкім естімеген әңгіме айтылады» деген еді. Біз сол жерде Мағжан Жұмабаевтың есімін алғаш рет естідік», – деді.
Ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин осы әңгімені тереңдете түсті. «Сағаттың шақыруымен мен де сол жерде болдым. Онда Темірғали Нұртазин, Жовтис, тағы біраз адам болды. Алаш арыстарын ақтау туралы сол жерде айтылды», – деді.
Темірғали Нұртазин! Бұл кісі кезінде Әбділда Тәжібаевты қатты сынға алады. Соның салдарынан артынан сөз еріп, «қауіпті элемент» саналады. Ақыры «халық жауы» деген жаламен түрмеге тоғытылады...
Ал енді біз осы Ленинград коммунистік журналистика институтын бітірген екінші азаматқа оралайық. Бұл – Сабыр Жұмағазиев деген қазақ.
Өмірбаян жолдарында «1935-1938 жылдары осы институтта оқыдым. Оқуды бітірген соң институт Қазақстан компартиясы Орталық комитеті «Социалистік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі қызметіне жіберді. Республикалық газетте бір жыл істеген соң «Социалистік Қазақстан» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі қызметіне ауыстым. 1941 жылы отан соғысына байланысты әскерге шақырылып, Совет армиясы қатарында 1945 жылға дейін саяси жетекші болып қызмет атқардым. 1946 жылдан 1947 жылдың басына дейін Қуандық ауданындағы Чапаев ауылдық кеңесінің төрағасы, 1947 жылы обком бюросының шешімімен Жұрын аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болдым. 1948 жылы Қобда аудандық «Қобда стахановшылары» газетінің жауапты редакторы қызметіне бекітілдім.1950-1951 жылдары Қобда аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1951 жылы Ақтөбе облыстық партия комитеті Красноярск машина-техникалық стансасы директорының саяси бөлім жөніндегі орынбасары етіп бекітті. 1954 жылы Қобда аудандық партия комитеті мені отызмыңдықтар қатарында осы аудандағы Жданов атындағы колхоз төрағасы қызметіне жіберді. 1957 жылы бұл колхоз «Қазақ ССР-інің 15 жылдығы» атындағы совхозбен біріктірілді. Совхоздың партия ұйымының хатшысы болдым. 1958-ден 1961 жылға дейін Қобда ауданы Киров атындағы колхоздың партия ұйымының хатшысы, 1961-1963 жылдар аралығында Киров колхозы төрағасының орынбасары қызметін атқардым. Бұл колхоз Ленин атындағы колхозға қосылған соң, 1963 жылы Қобда май зауыты директорының орынбасары, 1964-1965 жылдары аудандық типография меңгерушісі қызметтерін атқардым. 1965-1966 жылдары денсаулығыма байланысты жұмыс істеген жоқпын. 1966 жылғы шілдеден мемлекеттік архивтің Ново-Алексеевка филиалының директоры болып жұмыс істеймін. Комсомолда 1925-1938 жылдары болдым. 1929 жылдан КПСС мүшесімін» деген деректер бар.
Сабыр Жұмағазиев «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Ұлы Отан соғысының 20 жылдығы», «СССР Қарулы күштерінің 50 жылдығы» медальдарымен марапатталған.
Ленинград журналистика институтының №35072 куәлігіне ректор М.Шамес, ректордың оқу ісі жөніндегі орынбасары В.Экономов, хатшы А.Вилькас қол қойған. Емтихан парақшасында әскери іс пен БКП /б/ мен большевиктік баспасөз тарихы бойынша «өте жақсы» деген баға алған.
Сабыр Жұмағазиев қай жерде жұмыс істесе де, өзінің тыңғылықты іскерлігімен, талапты және жауапты маман ретінде көзге түскенін төмендегі құжаттар айғақтайды.
«Джун» мақта совхозынан берілген анықтамаға үңілейік. «Дана студентам Джумагазиеву, Алимбекову, Токобаеву и Альчанову в том, что они являлись руководителями группы студентов в количестве 130 человек, посланных САХИПИ на сбор хлопка в совхоз «Джун». За время руководства указанной группой со стороны студентов никаких нарушений дисциплины не было. Сбор хлопка производилось на хуторе №3 с 9-го по 17 с. Ноября 1930 г. Что с подписями и приложением печати удостоверяется.».
1931 жылғы мына анықтама да әбден сарғайып кеткен. «Справка. Дана сия справка Яккабагском Райкомом партии тов. Джумагазиеву С в том, что, он действительно работал в Яккабагаском районе по организации красных палочников против басмачества и работал по окучке хлопка и др. компании с 14-го июня по 10-го июля с/г. К поручениям Райкома относился добросовестно. Зав.Общ.Отделом РК Девликамов».
Басмашыларға қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе отырып, мақта шабығына да қатысады.
Сабыр Жұмағазиевтің өмірбаян парақшасына үңілсек, сарғайған архив қағаздарынан қилы деректерді көреміз. Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Ахметовтің қолы қойылған куәлікте 1932 жылғы 10 маусым – 1 тамыз аралығында нұсқаушы ретінде практикадан өткені туралы дерек бар. Осы құжатқа облыстық атқару комитетінің берген мінездемесі қоса тіркелген. Онда «Характеристика дана студенту Ленинградского Института Нац.Сов. Востока тов. Джумагазиеву Садиру в том, что он провел производственную практику и работал в качестве инструктора Южно-Казахстанского Облисполкома с 10 июня по 1-е августа 1932 года.Тов. Джумагазиев на производственной практике показал себя как выдержанного и работоспособного студента, а также действительно проводил политику Партии по советизации аулов и по проведению революционного законности в деревне. Т.Джумагазиев бывал в командировке по оседанию кочующих аулов в Пахта-аральском районе и провел большую работу для Облисполкома, а также получил для себя большую производственную практику. Тов.Джумагазиев к работе относился аккуратно, добросовестно и своевременно выполнял порученную ему работу. После окончания института т. Джумагазиев вполне может быть использован на руководящие советской работе. Зам. Пред. Облисполкома Ахметов, Зав.Орг.Облисполкома Куанышов» деп жазылған.
Облыстық атқару комитеті студент практикантты Пахта-арал ауданына командировкаға жібереді. «По организацию работы и устройству 1000 переселенцев-адайцев. Просьба всех советски партийных и общественных организаци оказать т.Джумагазиеву законное содействие в пути следования и в исполнении заложенных на него работ» деген сөздер жазылған куәлік берілген.
Ақтөбе облыстық партия комитеті 14.08.1934 жылы Жұмағазиев Сабырды Қобда ауданына үгіт тобының жетекшісі етіп 1 жылға командировкаға жібереді.
Өзбекстан коммунистік жастар одағының Мақтау грамотасында / түпнұсқада Тәшаккур хаты» деп көрсетілген, Джумағазиевке «За ударную работу по ликвидации прорыва хлопковом фронте, за дисциплинированность, правильную организацияю труда, выразившуюся как количественном, так и качественном сборе хлопка. Мырзачульский Штаб Штурма выносит благодарность бойцу особого чрезвычайного комсомольского полка. Штаб Штурма: Нестеренко, Изюмский, Розенфельд, Кобелев; Чиркова» деп жазылған.
1931 жылы 2 ақпаннан 15 ақпанға дейін Ташкент қаласының Пролетар ауданында халықтан мақта жинау ісін ұйымдастыруға белсене қатысады. «Буз-Базар» деген жерде елдің ортасында болып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.
Сабыр Жұмағазиев Қобда ауданы Қосөткел ауылындағы Сүйін мен Асыл деген кісілердің қызы Сақанмен отбасын құрып, алты бала сүйеді. Сақан Жұмағазиева еті тірі, пысық адам болған екен. Соғыс басталғанда Әлия Молдағұлова секілді майдан даласына баруға ұмтылады. Жасын үлкейтіп, 1919 жылы тудым деп көрсетіп, талпынып көргенге ұқсайды. 1941 жылы партия қатарына қабылданып, елде белсенді қызмет атқарады. СССР Жоғарғы Кеңесіне сайлау өткенде дауыс берілген бюллетеньдерді ауданға жеткізу үшін Сауқайың деген өзеннің суы көтеріліп, тасыған кезде өзенді атпен кешіп өткен ерлігін ауылдастары әлі күнге дейін жыр ғып айтады. Депортацияланған шешен ұлтының азаматы – Дагалай деген кісінің шиеттей бала-шағасын панасына алып, асыраған қамқорлығы да елдің жадында.
Сабыр мен Сақанның алты баласының бірі – бүгінде Сенат депутаты Мұқтар Жұмағазиев. «Әкеміз бізді адалдыққа тәрбиеледі. Қашанда жауапты болуды үйретті. Ал анамыз «балам, қолыңнан келсе жақсылық жаса» деп отыратын. Әке-шешеміздің сол аманаты үнемі есімізде тұрады», – дейді Мұқтар Сабырұлы.
Қазақ халқы үшін ХХ ғасыр орасан ауыртпалыққа, зұлмат пен зобалаңға толы жылдар болды. Әсіресе 1921 және 1932-33 жылдардағы аштық, 37-нің репрессиясы талай қазақты баудай түсірді. Осы кезеңде Сабыр Жұмағазиевтің Алматыдағы «Социалистік Қазақстан» газетінен Қостанай облысына жылыстауы тегін емес тәрізді. Кеңестік кезеңнің қылышы қақ желкеге тақалып тұрғанда Сабыр аман қалу үшін де осындай әрекетке барған сияқты көрінеді...
Сабыр Жұмағазиевтің есімі қазақ журналистикасы тарихына енгізілуі тиіс. «Егемен Қазақстан» газетінің қалың шежіресіне аты жазылып, Журналистика факультеттерінде өтетін журналистика тарихы пәндеріне кіргізілсе дұрыс болар еді.
Нұртөре ЖҮСІП,
сенатор