Еліміздің ғылымына тың жаңалық қосқан Қызылорда қаласының тұрғыны, жас өнертапқыш Марат Палмахов мемлекеттен қолдау болса деп үміттенеді. Ол өзі ойлап тапқан құрылғысы адамзат үшін өте тиімді әрі пайдалы дүние деп есептейді. Өнертапқыш өзінің ойлап тапқан электр энергиясын өндіру құрылғысын «Палмер 2» деп атаған. Оны құрастыруға бақандай жеті жылын сарп етіпті. Бүгінде құрылғының нобайын дайындап, тәжірибе жүзінде жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізіп отыр. Ендігі кезекте электр энергиясын өндіруге негізделген құрылғысын одан әрі кеңейткісі келеді. Алайда оған қаржы тапшылығы қолбайлау болып тұрғанын алға тартады. «Бұл құрылғыны жасап шығару идеясы бала кезден ойға келді. Жеті жыл бұрын оны құрастыруға шындап кірістім. Сол кезде өз жаңалығымды EXPO көрмесінде паш еткім келген болатын. Бірақ оған үлгермедім. Ұзақ жылғы еңбегімнің арқасында құрылғыны толық жасап шықтым. Енді мемлекет тарапынан қолдау болса, бұл жобамды кеңейтіп, өндіріске енгізгім келеді», – деп ол өз ойымен бөлісті. Марат өз жаңалығын патенттеп те алыпты. Оның өзіне бір жылдай уақыт жіберген. Жоғары білімі болмаса да, бала кезден ғылымға құштар болып өскен оның алдағы арманы да асқақ. Бұл ашқан жаңалығын қолданысқа бейімдеп, құрастыруды мақсат тұтып отыр. Қызылорда қаласындағы Ғ.Қизатов атындағы №23 орта мектебінде тоғыз жылдық білім алған Марат одан кейін №6 кәсіби-техникалық училищеде білімін жетілдіріпті. Алайда ғылымға, жаңалық ашуға деген құштарлығы оны бір сәтке айналып өтпеген. Бала кезден арманына айналған «Мәңгілік қозғалтқыш» құрылғысын жасап шығу үшін әрдайым ізденіс үстінде болды. Ғылымға құштар жігіттің ашқан жаңалығының құрылымы қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Өзінің айтуынша, бүгінде диаметрі 52 сантиметр болатын шеңбер орнатылған қондырғыны 12 вольттық аккумулятор арқылы 3 литр судың көмегімен іске қосқан. Сол арқылы генератор үздіксіз жұмыс істеп, 12 вольт тоқ шығарып тұр. Егер мемлекет қолдау білдіріп, генератордың ауқымын кеңейтсе, ірі көлемде электр энергиясын өндіруге мүмкіндік мол. Өнертапқыш мұның артық шығын шығармайтынын әрі қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ екенін айтып отыр. «Мектеп қабырғасында болашақта қоғамға тың серпін беретін құрылғыны жасап шығарғым келетінін айтып жүрдім. Сол кездері бұл жоспарымды жоққа шығарып, «Мәңгілік қозғалтқыш» болуы мүмкін емес екенін айтқандар болды. Бірақ ақыры мүмкін емес нәрсе болмайтынын дәлелдеп бере алдым деп ойлаймын. Енді осы құрылғыны өндіріске енгізіп, халық игілігіне ұсынғым келеді», – деп алдағы жоспарын жеткізді. Мараттың өнертабысын шетелдік мамандар да жоғары бағаға лайық деп таныған. Оған қызығушылық танытып отырғандар қатары бой көрсетуде. Алайда өз елімізде құрылғыны кеңейтуге қолдау көрсетіліп, өнертабысын ел игіліне пайдалануға ұсынуды көздеп отыр. Алдағы уақытта бұл арманы ақиқатқа айналады деп үміттенеді. Марат бұған дейін Алматы қаласын түтіннен тазалау құрылғысын ойлап тауып, оның тиімділігін жария еткен болады. Сол кезде ол өнертабысына қолдау болса, ары қарай кеңейтуге ниетті екенін айтқан болатын. Қазір ол ауаны улы газдардан тазалайтын тағы бір құрылғыны құрастыруды қолға алыпты. Осылайша, ел үшін пайдасы орасан өнертабыстары арқылы отандық ғылымды дамытуға тың серпін беретін жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы