Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палатаның осы сессиядағы қорытынды отырысы өтті. Онда депутаттар бірқатар заң жобасын қарап, қабылдады. Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл, сондай-ақ мемлекеттік баға реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды екі оқылымда қабылдады. Бұл заңдар ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің құқықтық базасын жетілдіруге арналған. Жаңа нормалар осы саладағы қылмыстық әрекеттердің алдын алуға, анықтауға және жолын кесуге бағытталған жүйелі және практикалық тәсілдерді жандандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Сенат депутаттары қаржы пирамидаларымен күрес мәселесіне қатысты заңдарды да екі оқылымда қабылдады. Олар – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы» заңдар. Сенат Төрағасы қазір қаржы пирамидалары қоғамдағы ең өзекті проблемалардың бірі екенін атап өтті. Сондықтан ол қаржы алаяқтығымен күресте қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, қолданыстағы заңнаманы жетілдірудің маңызы зор екенін айтты.
«Қабылданған заңдарда қаржы пирамидаларының жарнамасын қылмыс деп тану және оларды құрып, басқарғаны үшін жауапкершілікті күшейту көзделген. Бұл заңдар азаматтарды заңсыз қаржы және инвестиция жобаларына тартудан қорғауды күшейтеді. Сондай-ақ жаңа нормалар қаржы пирамидаларынан зардап шеккен азаматтар арасындағы әлеуметтік шиеленісті төмендетеді деп сенеміз», – деді Сенат Спикері.Отырыс кезінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да екі оқылымда қабылданды.
«Заң басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде инновациялық цифрлық технологияларды қолдану аясын кеңейту үшін заңнамалық жағдай жасауға бағытталған. Сонымен қатар заң аясында ауылдарда байланыс сапасын жақсарту және мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі азаматтар мен бизнестің шығындарын төмендету көзделіп отыр», – деді заң жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.Сондай-ақ сенаторлар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы қызметіне сайлау туралы мәселені қарады. Мемлекет басшысының ұсынымы бойынша депутаттар Еркеш Маукенді Жоғарғы Сот судьясы қызметіне сайлады. Одан бөлек, палата депутаттары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Сенат тағайындаған мүшесі Рашит Ахметовтің өкілеттігін тоқтатып, лауазымынан босатты. Отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады. Владимир Волков Үкіметке «Е-Заң көмегі», «Төрелік» ақпараттық жүйелерін азаматтық және әкімшілік сот өндірісіне енгізуді ұсынды. Сессияның қорытынды отырысын түйіндеген Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл парламенттік маусым тарихи өзгерістер мен іргелі істерге толы болғанын атап өтті. Палата Төрағасы VII шақырылымдағы II сессияда Парламент Үкіметпен бірлесіп 78 заң қабылдағанын айтты. Қабылданған заңдар азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейтуге және елімізді одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамытуға арналған. Сонымен бірге Сенат Төрағасы осы сессияда заң шығарушылықпен қатар палата қызметінің өзге де бағыттары бойынша ауқымды жұмыс атқарылғанын жеткізді. Нақты айтқанда, 2 парламенттік тыңдау және 4 Үкімет сағаты өтті. Онда ауыл шаруашылығын дамыту, жастар саясаты, бюджетаралық қатынасты жетілдіру, сыртқы және ішкі сауда, өндірістік қауіпсіздік, өңірлерді газдандыру сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Бұдан басқа, Сенатта 30-ға жуық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Тұрақты комитеттер аймақтарда 10-нан астам көшпелі отырыс өткізді. Сенаторлар өңірлерде, оның ішінде шалғай ауылдарда жергілікті тұрғындармен болған 500-ден астам кездесуге қатысты. Сенат Төрағасы палата алдағы уақытта да Мемлекет басшысы бастамасымен қолға алынған жүйелі реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін белсенді жұмысты жалғастыра беретінін айтты.
М.ХАҚНАЗАР