Қазақстан барысына кім лайық?

Қазақстан барысына кім лайық?

Астана күніне орайластырылған қазақ күресінен «Қазақ­стан барысы» ХІ республикалық турнирі 3 шілде күні «Барыс-Арена» мұз сарайында өтеді. Дәстүрлі турнирдің мақсаты –  ұлттық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, мемлекеттік Рәміздердің 30 жыл­ды­ғын атап өту, қала күнін мере­ке­леу және балалар жылы аясында жастарды ұлттық спортпен шұ­ғыл­дануға тарту. Жарыс ережесіне сәйкес сәуір-мамыр айларында ауыл, аудан, облыстық (қалалық) деңгейдегі және күштік құрылым­дар желісі арасында іріктеу жа­рыс­тары толығымен өтіп, оған еліміз бойынша бес мыңға жуық спортшы қатысты. Соның ішінен 36 балуан ақтық сынға жолдама алды. Олардың ішінде осыған дейін жеңіс тұғырынан көрінген Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғали­ев, Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбаевтар бар. 2021 жылдың жеңімпазы Дәурен Нұралинов жарақатына байланысты турниге қатыспайтынын мәлімдеді. Сон­дай-ақ екі дүркін «Қазақстан бары­сы» атанған Айбек Нұғы­маров спорттық жолын аяқтаға­нын ресми түрде жариялады. Турнирді Мәдениет және спорт министрлігі және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Qazaqstan Barysy қоры мен Qazaq kuresi Ассоциациясы ұйымдас­тырады. Қазақ күресі ережесіне енгізілген өзгертулерге байланыс­ты биылғы турнир «бүк» ұпайын­сыз өтеді. «Қазақстан барысы» турнирінің жүлде қоры әдеттегі­дей, жеңімпаз балуанға 25 000 000 теңге және алтын белбеу мен ауыс­палы алтын «тайтұяқ» табыс­талады. Екінші орынға – 5 500 000 теңге және үшінші орын – 1 800 000 теңге, сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапат­талады. Жанкүйерлер турнирді Qazsport арналары арқылы тіке­лей эфирден көре алады. Билеттер zakazbiletov.kz сайтында сатылым­да. Ресми салмақ өлшеу рәсімі 1 шілде сағат 19.00-де «Хан Шатыр» СОСО белгіленіп отыр.