«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен Қошқарата ауылында өткен мобильді қоғамдық қабылдауда талай жылдан бері шешімін таппаған мәселелер көтерілген болатын. Бүгінде олар партияның және жергілікті атқарушы органдар мен партия атынан сайланған мәслихат депутаттарының бірлесе жасаған жұмысының нәтижесінде кезең-кезеңімен шешімін тауып жатыр. Аталған ауылдық округтің тұрғындары округте жел болып, жауын жауса жиі жарық өшетін, жарық бағаналарының ұзақ жылдан бері ауыспағанын және әбден тозығы жеткенін, ауыстыруды қажет ететінін, жарық трансформаторларының қуаттылығы да төмен екенін жеткізген еді. Аталған округте 110 жарық бағасын ауыстыру жұмыстары жақын арада жүргізіледі. Ол аяқталғаннан кейін қуаттылығы жоғары трансформаторлар орнатылады. Сондай-ақ ауылдағы Б.Үсенов көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлініп, бүгінде мердігер анықталып жатыр. Ал жайылым жерлердің тапшылығы мәселесіне келсек, қазір бос жатқан жерлерді округ әкімдігінің иелігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде ауылдық округтен бес шақырым қашықтықта орналасқан 240 гектар және босалқы жерлерден 1462,5 гектар жер округ иелігіне қайтарылды. Жақын күндері ел игілігіне пайдалануға беріледі.
Азат ҚАЗАҚ