Топырағының түгін тартса майы шыққанымен, Ақмола өңірінде жер мәселесі аса өзекті. Мыңдаған гектар жерінен айырылып қалған ауылдағы ағайынға қорадағы бес-алты бас малын бағудың өзі ауыр мұңға айналған. Жемшөптің бағасы удай қымбат. Ал шабатын шабындық пен мал жаятын жайылым жер тапшы. Мәселе қозғалғалы бірталай жылдың жүзі болғанымен, жергілікті жерде «баяғы жартас – бір жартас» күйі қалған...
Түйткілді жағдайдың түйінін тарқату мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті министрліктер мен облыс әкімдіктеріне ғарыштық мониторинг және басқа да арнайы тетіктермен жер мәселесін біржақты етуді шегелеп тапсырған. Бірақ арада бірталай уақыт өткенімен, кезінде «ұстағанның қолында – тістегеннің аузында» кеткен миллиондаған гектар игерусіз қалған жерлерді толықтай мемлекет меншігіне қайтару әлі де мүмкін болмаған. Салдарынан ауылдағы ағайынға не жайылымға, не шөп шабатын шабындыққа жері жетпей қалған. Даулы мәселе жиі туындайды.
Қолшалғымен шабатын жер таппай қалдық...
Аталған мәселе, әсіресе Зеренді ауданында ушығып тұр. Мұндағы жұрт жайылым жер үшін жиі таласып, кейде жаға жыртысатын жағдайға жеткен. Ауыл тұрғындары қолы ұзын шаруашылықтар қанатын кеңге жайып, шабындық жерлердің бәрін орып алатынына наразылығын жеткізді.
«Жаз шыққанымен, қолдағы азын-аулақ малға шөп дайындау қиынға соғып тұр. Аумақтағы бар шөпті іргелі шаруашылықтар түгелдей шауып алады. Былтыр шөптің әр түгі 15 мыңнан болған. Биыл 20 мыңға жетіп жығылады. Жергілікті округ әкімдері тұрғындардың өтінішіне еш құлақ аспайды. Шөптің бағасын да бақылауға алмайды. Қорадағы малымен әупірімдеп жүріп күнелткен қарапайым жұрт қалай күн көрмек? Бір уақыт назарын неге аудармайды? Тіпті қолшалғымен шабатын жер таппай дағдарып отырмыз», – дейді Күсеп селолық округінің Шыңғыс есімді тұрғыны.
Мәселе жөнінде Зеренді ауданының әкімімен тікелей тілдескенді жөн көрдік. Алайда әкім тұрғындардың бұл уәжімен келіспейтінін алға тартты.
«Нақты Күсеп селолық округі бойынша алсақ, аудан әкімдігі мұнда «Дихан +» ЖШС-мен шабындық және жайылым жерлер бойынша келісімшартқа отырған. Шаруашылықтармен тұрғындарға шөпті арзан бағамен сатуға келісім жасалған. Мәселен, былтыр Ортақ ауылында бір орам шөп 3 мың теңгеден сатылды. Бұған қоса, ауданда іргелі шаруашылықтармен арнайы меморандумдар мен келісімдер жасалған. Сондықтан егер шөп жетпей жатқан адамдар болса, әкімдікке маған тікелей келіп, мәселені жеткізсе болады. Күсеп селолық округіне қазір хабарласып, мәселе бойынша тексеріс жүргізуді тапсырамын», – деді Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықов.
Жердің жетіспейтінін облыстың Ауыл шаруашылығы басқармасы да мойындады.
500 мың гектардан астам жер жетіспейді
Ауыл шаруашылығы басқармасының ресми мәліметінше, облыста бүгінде 558,8 мың гектар жайылым жер жетіспейді. 2020 жылдан бері өңірдің ірі шаруашылықтарымен жергілікті әкімдіктер 264,2 мың гектарды бірлесе пайдалануға меморандум жасаған. Бірақ бұл шаралар түйінді жағдайды шешуде әлі де аздық етіп тұр.
P.S. Сонымен, Президенттің жер мәселесінде тиісті органдарға шегелеп жүктеген міндеттердің жергілікті жерде орындалу барысы әлі де кемшін болып жатқаны байқалды. Бір облыстың өзінде 500 мың гектардан астам жердің жетіспейтіні – осының нақты айғағы. Сондықтан тиісті сала мамандарымен қоса Үкімет пен Парламент, Бас Прокуратура тиісті түрде комиссия құрып әрі заң баптарын жағдайға қарай өзгертпесе, түйткілді жағдайдың шешіле қалатынына күмән бар...
Ақмола облысы