Қазақстан мен Түрікменстанның ынтымақтастығы бауырластық әрі стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Түрікменстанға жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев осы елдің бұрынғы Президенті, қазіргі Ұлттық кеңес Халық мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Қазақстан Президенті ең алдымен Г.Бердімұхамедовті туған күнімен құттықтап, оның басшылығымен Түрікменстанның қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін атап өтті. Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-түрікмен қарым-қатынастарына қосқан өлшеусіз үлесі үшін Гурбангулы Бердімұхамедовті Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Сонымен қатар Халық мәслихаты төрағасы ретінде оның ел дамуына, аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігі жолында еңбек ете беретініне сенім білдірді. Қ.Тоқаев Ашхабад қаласында Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен жүздесті. Қазақстан лидері оған қонақжайлығы үшін ризашылығын білдірді. Бұл – С.Бердімұхамедов Президент болып сайланғалы екі ел басшыларының алғашқы бетпе-бет кездесуі. Осыған орай Қасым-Жомарт Кемелұлы Түрікменстанның жаңа Президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Қазақстанның көшбасшысы Ашхабадқа VI Каспий саммитіне қатысуға келген еді. Ол саммиттің нәтижесі Каспий маңы мемлекеттерінің достық пен тату көршілік байланыстарын одан ары нығайтуға елеулі үлес қосып, өзара тиімді ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтетініне сенім білдірді. Ал Сердар Бердімұхамедов бәрімізге ортақ Каспийдің игілігі үшін келелі басқосу болатынын жеткізді.