«Каспий» матчтарына көрермен кіргізілмейтін болды. Қазақстан футбол федерациясының Бақылау-тәртіптік комитеті осындай шешім шығарды. Бұл жөнінде Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы мәлімдейді. Қатаң санкцияға жанкүйерлердің фаер қолдану және алаңға бөтелке лақтыру сияқты әрекеттері түрткі болды. Нәтижесінде, ақтаулық клуб алдағы екі кездесуін көрерменсіз өткізеді. Яғни, «Каспий» Қазақстан кубогы аясында 10 шілдеде «Қызылжарды», ал 23 шілдеде «Қайсарды» қабылдауы қажет. Еске сала кетейік, соңғы, яғни 14-ші тур аясында «Каспий» өз алаңында «Тұран» командасымен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіліп қалды. Қонақтар сапынан Санжар Сатанов пен Чиди Осучукву гол соқты. Осының нәтижесінде ақтаулық клуб турнир тізімінің 5-ші сатысына төмендеді. Қазір оның еншісінде 22 ұпай бар.