Әлеуметтік кодекстің бағыттары талқыланды

Әлеуметтік кодекстің бағыттары талқыланды

«AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша республикалық қо­ғамдық кеңестің отырысы өтті. Онда әзірленіп жатқан әлеу­меттік кодекске ұсыныстар талқыланды, сондай-ақ Enbek.kz платформасының жаңартылған форматы мен әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру аясында әлеуметтік порталдың жаңа қызметтері таныстырылды. Жиынға «AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, республикалық қоғамдық және өңірлік кеңес мүшелері, жергілікті атқарушы орган өкілдері, отбасы саясатын қолдау саласындағы сарапшылар, сондай-ақ өңірлік кеңес төрағалары қатысты. Басқосуда сөз алған аталған кеңес төрайымы Динара Зәкиева әлеуметтік кодекстің маңызына тоқталды.

«2020 жылы Мемлекет басшысы әлеуметтік кодекс әзірлеуді тап­­­сырған болатын. Оның мақса­ты – еліміздің әрбір азаматы қандай жағдайда қандай көмек ала алатынын реттеу, сонымен бірге әлеуметтік саладағы бүкіл заңды бір кодекс аясына біріктіру», – деді ол.
Министрдің айтуынша, бүгінде әлеуметтік кодексті әзірлеудің алғашқы кезеңі аяқталған.
«Осы ретте біз қазақстандық отбасылардың цифрлы картасын жасап бітірдік. Соның аясында барлық отбасын әл-ауқатты, қана­ғаттанарлық, тұрмысы нашар, дағдарыс жағдайында тұрған және шұғыл көмек қажет ететін отбасылар деген бес санатқа бөлдік. Санаттарға бөлер кезде біз әрбір отбасының экономикалық жағда­йын, тұрғын үй жағдайын, денсаулығын, әлеуметтік жағдайын және білімін ескердік. Енді осы мәліметтерді негізге ала отырып, біз мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектерді тиісті отбасылар алып жатыр ма, алмаса неге алма­ған – осыларды анықтаймыз», – деді Тамара Дүйсенова.
Ведомство өкілдері жұмыспен қамтуды әлеуметтік қорғаудың бас­ты шарасы деп санап, осы ба­ғытта бірнеше жаңа міндет белгілеген. Оның ішінде жұмыс орындарын құру үшін барлық әлеуметтік бағдарламаны бір жерге шо­ғырландыру, жұмыс күшінің дағды-машықтарын күшейту, еңбек нарығын либерализациялау және еңбек делдалдығын дамыту бар. Отырыс кезінде Еңбек ресурс­тарын дамыту орталығының пре­зи­денті Дәулет Арғандықов жұмыс іздеушілер мен бос жұмыс орындарын ұсынушыларға арналған Enbek.kz онлайн платформасының мүмкіндіктерін таныстырды. Қазір электронды еңбек биржасына 636 739 жұмыс беруші, 1 787 268 жұмыс іздеуші тіркелген, 116 253 бос жұмыс орны бар. Мұнда жұмыс іздеушіге жұмыссыз ретінде тіркелу, жұмысынан айырылғаны себепті берілетін жәр­дем­ақыға өтініш жолдау, қоныс аудару бағдарламасымен танысу, биз­­нес идеяны жүзеге асыру үшін грантқа өтінім беру секілді қызметтер қолжетімді.

Азат ҚАЗАҚ