Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми дерегі бойынша, құрғақшылықтың салдарынан былтыр Маңғыстау және Қызылорда облыстарында 1714 бас мал қырылды. Мамандардың болжамынша, биыл да кейбір өңірлерде топырақ ылғалының тапшылығы туындауы мүмкін. Қазірдің өзінде Қарағанды және Павлодар облыстарының фермерлері жемшөп жетіспеушілігін айтып, дабыл қағуда. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, егер әлдеқандай табиғи зауал келе қалған жағдайда оған Үкімет пен жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдары қаншалықты дайын, ел былтырғы арты жұтқа айналған қуаңшылықтан сабақ алды ма? Үкімет қамсыз отырған жоқ Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаменті директорының міндетін атқарушы Ерлан Ілиясовтың айтуынша, былтырғы қуаңшылық кезінде Маңғыстау мен Қызылорда облыстарына Ұлттық қордан 3,5 млрд теңге қаржылай көмек берілген. Одан бөлек, жұтқа ұрынған жұртшылыққа әр облыс өздерінің әл-қадірінше қолғабыс еткен. Солтүстіктегі астықты өңірлерден арзан бағамен кебек тасымалданған. «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ жапа шеккен малшылар қауымына қолдау көрсету үшін жемшөп тасымалының құнын 70 пайызға төмендеткен. Сондай-ақ жекелеген еріктілердің де, демеушілердің де қолдауы қомақты болды.
– Ауыл шаруашылығы құрылымдарын жалғыз қуаңшылық қана емес, жалпы төтеннен келетін түрлі тәуекелдерден қорғау үшін бірреттік көмек көрсеткеннен гөрі, жүйелі жұмыстар жүргізгеннің нәтижесі көп. Ол үшін жергілікті әкімдіктер ауыл шаруашылығын дамытудың арнайы бағдарламасын қабылдауы қажет. Онда малшы мен диқан қауымының бірінші кезекті мұқтаждықтары түгел ескерілуі тиіс. Министрлік қаңтар айында мал азығын дайындау жөнінде Жол картасын дайындап, бекіттірді. Соның аясында дәнді-дақылдар егістігінің ауқымын ұлғайту, суармалы шөп өсіру сияқты шараларын күшейту қарастырылған, – деді Ерлан Ілиясов.Әзірге ауа райының жағдайы тұрақты, ел аумағында құрғақшылық болады деуге негіз жоқ. Оның үстіне, биылғы бидай шығымы орташа деңгейден жоғары болады деген болжам бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022 жылғы егін орағы науқанында 13-13,5 млн тонна астық жиналады деген ақпарат таратты. Бұл нарықтың ішкі қажеттіліктері үшін де, экспорттық әлеуетті қамтамасыз ету үшін де жеткілікті. Сарапшылардың талдауы бойынша, 2021 жылы жаздың анағұрлым ыстық болуына байланысты өндірілген астықтың сапасы өте жоғары шыққан. Оның барлығы дерлік тағамдық ұн және азық-түлікке айналды. Ал 2022 жылы бидайдың сапасы былтырғыдай жоғары болмауы мүмкін, бірақ оның көлемі артуына байланысты бұл малдың жемдік қорын молайтуға мүмкіндік береді. Биыл 200 мың тонна көлемінде астық қорын қалыптастыру үшін форвардтық сатып алуға республикалық бюджеттен 20 млрд теңге бөлу жоспарланды. Үкіметтің мәліметінше, егер былтырғыдай қуаңшылық қайталанатын болса, ол қор мал мен құс басының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Тығырықтан шығар жол қайсы? Әйтсе де, «Шопан-ата» қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың биліктің түрлі тәуекелдердің алдын алу шараларына көңілі толмайды. Ол Үкімет 2021 жылғы қателіктерден дұрыс тұжырым жасаған жоқ деп санайды.
– Атқарушы билік қуаңшылық жан алқымнан алғанда ғана әрекетке кірісті, оған дейін бейғам жатты. Тек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Маңғыстау облысындағы мал шаруашылығы кәсіпорындарына 5 000 тоннаға жуық бидай кебегі төмендетілген бағамен жеткізілді. Мұның бәрі БАҚ-та шу көтерілгеннен кейін ғана орындалды, – дейді Алмасбек Садырбаев.Бас шопан қуаңшылық қайта қайталанса, жергілікті әкімдіктердің оған қарсы тұрарлық қауқары барына күмән келтіреді. Өйткені әлі күнге дейін Үкіметтің жем-шөп сатып алғаны туралы деректі көзі шалмаған. Тіпті, сатып алғанның өзінде оның қандай бағамен өткізілетіні белгісіз. Сондай-ақ құрғақшылықпен қоса, кей өлкеде су тапшылығы да туындап отыр. Бұл мәселе, әсіресе Түркістан және Қызылорда облыстарында қатты ушығып кеткен. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, Павлодар, Қарағанды, Жамбыл облыстарындағы фермерлердің жағдайы да мәз емес. Сондықтан ылғал жетіспеушілігінің алдын алу үшін Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жемшөп жинайтын фермерлерге суару желілерін орнатуға мүмкіндік беруі керек-ақ. Ал өткен жұмада ғана Маңғыстау өңірін арнайы аралап келген «Қазақстан Фермерлерінің Қауымдастығы» заңды тұлғалардың және кәсіпкерлер қауымдастық нысанындағы бірлестігінің басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев ағамыз облыс аумағындағы бес ауданның да жағдайы қиын екенін қынжыла жеткізді.
– Маңғыстау өңірінде 800 мыңға тарта халық бар. Олардың бәрі кенші мен мұнайшы емес қой, басқа да кәсіп иелері жетерлік. Жергілікті тұрғындар ата дәстүрмен мал ұстап, ет-сүт өнімдерін өндіргісі келеді. Бірақ бұл өлке түйеден басқа мал өсіруге қолайсыз. Оны басқа облыстармен салыстыруға келмейді. Сондықтан өңірлердің жем-шөп қорын қалыптастыруға, мал басын көбейтуге қатысты жоспарын құрғанда, Маңғыстауды өз алдына жеке алып қараған жөн. Ол үшін арнайы бағдарламалар, қолжетімді несиелер мен субсидиялар ұйымдастыруы қажет, – деп санайды Жигули Молдахалықұлы.Сарапшы өңірде ауыл шаруашылығын дамыту үшін жерасты су көздерін пайдалану керегін айтады. Оған қоса, суармалы шөп алқаптарының аумағын ұлғайтқан абзал. Сондай-ақ соңғы технологиялардың әлеуетін кәдеге жаратқан жөн. Мәселен, құм мен тастың үстінде отырған алақандай Израиль егістік алқаптарында тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы өндірілетін өнімнен жыл сайын 5 млрд доллар табыс табады. Мұндай тәсілді Қазақстанның кез келген аумағында, сондай-ақ Маңғыстауда да қолдануға әбден болады. Сонда қандай қуаңшылық заман келсе де төрт түлікті тарықтырмай өсіруге қажет жемшөп табылар еді, тек соны жүзеге асыратын маман тапшы болып тұр-ау, шамасы!