Соңғы кезде шетелден театр режиссерлерін шақыру белең алып барады. Дегенмен миллиондап қаржы төлеп, аттай қалап алдырған режиссерлер халық көңілінен шығатын қойылым ұсына алды ма? Жалпы, отандық режиссерлер мен шетелдік режиссерлердің гонарарында айырма қандай? Бұған дейін де қазақ драма театрларының сахнасында шетелдік режиссерлер қойған спектакльдер болды. Алайда олар «Ләйлі-Мәжнүн», «Көшкін» сияқты шетелдік авторлардың шығармаларын сахналағандықтан, режиссерлердің жұмысына аса көп мін тағылмайтын. Алайда жақында ғана елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында тұсауы кесілген «Баян сұлу – Қозы Көрпеш» қойылымы сынның астында қалды. Заңғар драматург Ғ.Мүсіреповтің бірегей пьесасын сахналаған – Мәскеу қаласынан келген қазақ қызы Гүлназ Балпейісова. Театр сыншысы Айзат Қадыралиеваның айтуынша, өз қазанымызда қайнай бермей, сырттан режиссер шақырған дұрыс. Әртістер де бір режиссерден жалығады. Бірақ шетелден өзіндік қолтаңбасы бар, көзқарасы қалыптасқан режиссерлерді шақыруымыз керек. «Керек» деген сөз «білгеніңді істе» деген сөз емес. Егер шетелден шақырылған режиссер қазақ классиктерінің туындысын алса, оған бас-көз болып, дәстүрімізді қадағалап отыратын адам қажет. Ал олар шетелдік туындыларды сахналайтын болса, онда ешқандай мәселе жоқ. Бірақ төл шығармаларымызды қойғанда қазақтың менталитетінен асып кетпеуі тиіс.
– Бізге батыстың ашық сахналары мен «сүйісі» сән емес. Қазір Мәскеуде оқып жүрген қазақ жастарын театрға шақыру белең алып кетті. Жақында ғана сахналанған «Баян сұлу – Қозы Көрпеш» қойылымы жаныма батты. Оның алдында қойылған «Дон Кихотқа» үндеген жоқпын. Шетелдің шығармасы ғой, өздері білсін дедім. Бірақ үш жарым сағат көрерменнің уақытын алу дұрыс емес. Қазақ драматургтерінің шығармаларын қойғанда қорланғандай болдым. Бұлай үндемей жүре беруге болмайды. Жоғарыға үндеу тастауымыз керек. Театрдың көркемдік кеңесті іштен сайлап алғаны да дұрыс емес, – дейді Айзат Қадыралиева.Театр сыншысының пікірінше, біз шетелден келген режиссердің қойылымына бар қаржыны аямай саламыз. Ал өзімізге келгенде қаржы жетпей қалады. Қойылымдарға ақша бөлінбейді емес, бөлінеді. Бірақ өз ішімізден сол қаржыны толықтай пайдаланбай, «бармақ басты, көз қыстыға» жол беретіндер бар көрінеді. Байқасаңыз, отандық қойылымдарда киім мен декорация жаңармай, бірнеше спектакльде қолданылып жүреді. Сондықтан қазіргі қазақ театры смета жасау жағынан ақсап тұр.
– Өнердің бағасын қоғамдық пікірмен емес, өнерді тудырушы тұлғалардың көзқарасымен өлшеуіміз керек. Әрине, қоғамның қойылымды қызу талқылағаны жақсы. «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» қойылымы қазақ сахнасында көп қойылды. Әр режиссер әр кейіпкерді өздерінше ашты. Біреуі Қозыны, енді біреуі Қарабайды ашуға тырысты. Біздің қойылым Баянның психологиясын көрсетуге тырысты. Неге Шекспирдің шығармалары 500 жылдан бері қойылып келе жатыр? Себебі әр режиссер өздерінше қояды, – деді Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Жанғалиұлы.Режиссерлердің гонорары әртүрлі Былтыр Италиядан екі бірдей режиссер шақыртып, сахналанған «Бөрте» қойылымына 246 млн 750 мың теңге кеткен еді. Шетелден шақыртылған қос режиссерге бөлінген гонорар көлемі белгісіз болғанымен, қомақты төленгені даусыз. Жалпы, жыл сайын еліміздегі театрлар шетелден орта есеппен бес-алты режиссер шақырады. Айболат Жанғалиұлының айтуынша, әр режиссер өз жұмысын әртүрлі бағалайды. Сондықтан режиссердің деңгейіне қарай олардың гонорарында да айырмашылық бар.
– Келген режиссердің барлығына сұраған қаржысын бере салмаймыз. Төмен сұрауға тырысамыз. Бізге халықтың көңілінен шығатын жақсы туынды керек. Қазір қойылымдарға ақша аз бөлінеді. «Бөртеге» 246 млн бөлінді» дедіңіз. Басқа театрға да мұндай қаржы қарастырылған деу қате пікір. Өңірлерде қаржылары жетпей, отандық режиссерлерді шақыра алмай отырғандар бар, – дейді Айболат Жанғалиұлы.Театрдың штатындағы режиссерлер өз театрында спектакль қойса, оларға гонорар төленбейді. Ал ол режиссер басқа театрларға қойса төленеді. Өкінішке қарай, біздегі режиссерлердің алатын гонорары мардымсыз.
–Жақында бір блогер бір кешке қатысып, 1,5 миллион теңге тапты. Ал режиссерлер 2-3 ай қойылым қойғанда мұндай қаржы алмайды. Шетелден шақырған режиссер мен отандық режиссерлердің гонорары жер мен көктей. Италиядан келген режиссердің гонорары біздің режиссерлердің 15-20 жылда табатын ақшасымен бірдей. Шетелден келген режиссерлердің қойған шығармалары қазақ өнерінде үлкен құбылыс болып қалған жоқ. Мұны мен мемлекет қаржысын талан-таражға салу деп санаймын,– дейді белгілі режиссер Талғат Теменов.Біз тиісті мекемелерге хабарласып, шетелден келген режиссер мен отандық режиссерлердің гонорарын сұрағанымызда, нақты жауап ала алмадық. Дегенмен «Қыруар қаржыға шеттен маман шақырғанша, өзіміздің режиссерлерді әлемнің ең үздік театрларында неге оқытпасқа?» деген заңды сауал туды. Сонда ғана қазақ мәдениетінен хабардар, әлемдік деңгейде сұранысқа ие режиссер бізден де шығар еді. Өнерге жасалған қиянат Шетелден келген режиссерден «культ» жасау – отандық режиссерлерге жасалған қиянатпен пара-пар. Өйткені жыл сайын театр режиссерлерін дайындағанымызбен, олардың барлығы бірдей салаға сіңісіп кете алмай отыр. Қазір режиссерлерді дайындайтын сапалы маман тапшы.
– Бұрын Кеңес заманында қалыптасқан Ж. Хаджиев, М. Байсеркенов сияқты мықты режиссерлер өмірден өтіп кетті. Ал қазір жоғары оқу орындарында сапалы режиссерлер сабақ беріп жүр деп айта алмаймын. Көбінің еңбек өтілі жоқ. Мен де режиссура мамандығына оқуға түскен студенттерге сабақ бергенмін. Бір кітаптың бетін ашпай, ашса да толық оқымай оқуын аяқтаған студенттерді де көрдік. Ертең солар бір-бір театрға барады, – дейді Айзат Қадыралиева.Иә, қазіргі қазақ режиссерлерінде ізденіс аз. Шығарманы сахналау үшін бір кітапты жастанып оқып әуре болмайды. Google-дан қысқа анықтамаларын оқып, өзге режиссерлердің сахналарын ұрлай салуға әуес. Талғат Теменовтің айтуынша, режиссура – сезімін сабақтастыра алатын, қалыптасқан, сан салалы білімді адамның кәсібі. Кезінде Кеңес заманында режиссураға оқуға 25 жасқа дейінгі жастарды алмайтын. 18-20 жастағы балалардың өмірге деген көзқарасы толық қалыптаспайды. Иә, өнерде алыс-беріс, көріс-таныс болуы керек те шығар. Алайда сырттан режиссер шақырудың жөні осы екен деп өз елдерінде мойындалмаған, 1-2 спектакль қойып, шала піскен режиссерлерді шақырып лаборатория жасау – өнерімізді өшіреді. Өйткені қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті тереңде жатыр. Бұл – бір. Екінші мәселе, шетелге барып, спектакль қойған дарынды режиссер бар ма? Біздің білуімізше, жоқ. Демек, шетелдік режиссерлерді шақырып, тәжірибе алмасқан дұрыс десек, өз режиссерлерімізді шетке шығаруды ойластырған абзалырақ болар еді.