Елімізде демонополизация қарқын ала түсті. Бұған дейін тұтас бір топтың қолына өтіп кеткен салалар ыдырап, баға құрау жүйесіне тұмсығын тыққан делдалдардың қатары сиреп жатыр. Мәселен, «Алматы қала жарық» мемлекетке қайтарылса, «Қазақтелеком» тексеруге іліккен, ал мұнай өңдеу зауыттары делдалсыз жұмыс істейтін болды. Энергетика саласы да осындай күйді бастан кешуде. Әйтсе де, кейбір сарапшылар демонополизацияның соңы ықпал ету аясын бөлісудегі бақталастыққа айналып кете ме деп қауіптенеді.
Комиссияға жұмыс көп
Бүгінде негізінен мұнай және мұнай өнімдері, табиғи газ, электр энергиясы, теміржол көлігі, азаматтық авиация қызметі, қоғамдық көлік, телекоммуникация, қаржы нарығындағы заңсыз жекешелендірілген компаниялар мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Осы мақсатта биыл наурыз айында елімізде Экономиканы демонополизациялау жөнінде комиссия құрылған болатын. Оған коррупцияға қарсы күрес, қаржылық мониторинг, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің басшылары, Үкімет мүшелері, Бас прокуратураның және «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері енді. Олар монополиялы нарыққа кешенді талдау жүргізді. Осы уақытқа дейін жүргізілген жұмыстар нәтижесінде оңтүстік астананың көше жарықтарын орталықтандырылған және автоматтандырылған басқару жүйесіне ие «Алматы қала жарық» кәсіпорыны әкімдікке қайтарылса, одан өзге халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін 205 нысанға әзірге тиіспей тұра тұру туралы шешім қабылданды. Еліміздегі ең ірі интернет операторы, ЖЖМ, газ саласы және аймақтық электр желісі компаниялары бәсекелес нарыққа шығарылмақ. Мәселен, бірқатар кәсіпорын мен мекеменің акциялары мен қатысу үлестері республикалық меншікке қабылданды. Мәселен, «Центр транспортного сервиса» компаниясының меншігінде жалпы ұзындығы 250 шақырымды құрайтын 400 теміржол кіреберіс тармақтары болған. Осы сияқты тағы да 25 компанияның жалпы ұзындығы 178 шақырым болатын 138 кірмежолы мемлекетке өтпек. Бұл жұмыстар теміржол инфрақұрылымы саласындағы делдалдарды жойып, аталған қызметке бизнестің шығынын азайтатын болады. Одан бөлек, комиссияның қырына Eurotransit Nur Zholy ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС, «Қазақмыс» корпорациясы, «Каскор-Транссервис» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ, «Транстелеком» АҚ және азық-түлік тауарларын сату мақсатында сауда алаңдарын жалға беретін қызметтер көрсететін базарлар ілікті.
Бұл ретте соңғы жаңалықтарға келер болсақ, 1 шілдеден бастап Кәсіпкерлік кодексінде арнайы құқық институтының түсініктері мен принциптерін реттейтін нормалар күшіне енді. Бұл нормалар мемлекеттік монополия механизмін толықтырып және жетілдіре түсуді көздейді. Бүгінде оның субъектісі ретінде 18 оператор алынып отыр. Олардың қызметі баға белгілеу бойынша реттелетін болады. Сондай-ақ өзге заңды тұлғаларға қатысуына, өзге қызметтермен айналысуына тыйым салынбақ. Басты тауар нарықтарын демонополизациялауға және бизнес үшін қолайлы бәсекелес ортаны қалыптастыруға бағытталған «2022-2026 жылдарға арналған Бәсекелестікті дамыту концепциясының» жобасы әзірленуде. Бір сөзбен айтқанда, атқарылған жұмыс аз емес, алда атқарылар шаруа одан да көп.
Үлкен нарықтағы кішігірім бетбұрыс
Бұл тұста ең бір бетбұрысты бастама мұнай өңдеу зауыттарының делдалсыз жұмыс істейтіні болып отыр. Олар енді мұнайды тікелей кен пайдаланушылардан сатып алуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов төрағалық еткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылды. Атап айтқанда, мұнай нарығындағы қатысушылар санын арттыру, сондай-ақ жалпы мұнай және мұнай өнімдері нарығындағы жағдайды жақсарту үшін МӨЗ мұнайды жер қойнауын пайдаланушылардан тікелей сатып алу, мұнайдың биржалық сауда-саттығын енгізу, мұнай өнімдерін сату көлемін ұлғайту және тағы да басқа ұсыныстар берілді. Бұл өзгеріс сарапшылар қауымын дүр сілкіндіріп отыр. Олар оны үлкен нарықтағы кішігірім бетбұрыс ретінде қабылдады. Егер осы ұсыныс жүзеге асар болса, онда ортадағы керексіз делдал фирмалар жойылмақ. Бұл өз кезегінде мұнай өнімдерінің түпкі бағасына әсер етуі мүмкін. Кейбір ашық дереккөздердегі мәліметтер бойынша, кәсіби тілде «давальцы» деп аталатын мұнай жеткізушілері айтарлықтай шығын шығармастан осы уақытқа дейін айына 130 млн АҚШ доллары жобасында табыс тауып келген екен. Ал бұл дегеніміз – олардың кірісі жылына миллиард доллардан асып жығылады деген сөз. Осындай майлы жіліктің басын ұстау екінің бірінің бағына бұйыра бермейтін көрінеді. Оған тек ықпалды топтардың ғана қолы жетпек. Сондықтан да мұндағы делдалдардың саны бірен-саран ғана. Мамандар демонополизацияның салдары ықпал ету аясын бөлісу емес, оның салдарын жоюға бағытталуы керек екенін айтады. Сондықтан бұл жаңашылдық ұсыныс күйінде қалып қоймай, жүзеге асуы тиіс.
«Біз демонополизация қандай жолмен жүзеге асар болса да қолдауымыз керек. Өйткені белгілі бір монополист топтардың қолына өтіп кеткен экономика секторларының кесірінен баға қымбатшылығы болып отыр. Әйтсе де, бөлуге келмейтін табиғи монополия субъектілері де бар. Сондықтан да менің ұсынысым, мемлекет компанияларды қадағалау жұмысына азаматтық қоғамды да араластыруы керек. Белгілі бір тетіктерін ойлап тауып, қатардағы өзіміз сияқты азаматтардың ірі кәсіпорындар мен мекемелердің, ең азы үйдің жанындағы дүкендер мен шаштараздардың жұмысын тексеруге мүмкіндік беруі қажет. Сонда ғана мемлекеттік шаралар қоғам тарапынан сабақтастық табатын болады», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.Бұл тұста сөз болып отырған тағы бір мәселе – демонополизациядан акционерлік қоғамдардың миноритарлық инвесторлардың құқының бұзылмағаны. Қазақстан миноритарлық акционерлерінің ассоциациясы (QAMS) айтып отыр.
«Қазақтелекомның» жылдар бойынша дивидендтер кестесінде 2021 жылғы дивиденд көлемі жоба бойынша 1 акцияға 3 590.39 теңге көлемінде көрсетіліп отыр. Бірақ Директорлар кеңесі ұсынған бұл сома 30 мамыр күні өткен акционерлер жиынында мажоритарлық акционер «Самұрық-Қазына» қарсы болғандықтан, қабылданбай қалды. Басты себептердің бірі – демонополизациялық шаралар. Сондықтан да біз соңғы шешім қабылданған жағдайда біздің құқымыздың бұзылмағанын талап етеміз», – деп жазды өзінің әлеуметтік желілердегі парақшасында QAMS тобының әкімшісі Данияр Темірбаев.Оның жазуынша, «ҚазТрансОйл» бойынша да осыны айтуға болады. Қаңтар айынан бері КТО-ның акциялары KASE биржасында 40%-дан көп құлдырап кеткен. Энергетикада пісіп-жетілген шешім керек Электр энергетикасы саласына келсек, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі демонополизация бойынша 11 пункт ұсынып отыр. Мұндағы ұсыныстар энергетикалық қоғам сарапшыларын алаңдатып отыр. Олар бәсекелестікті дамыту қажет дегенмен де, бұл салада ең бірінші кезекте тұтынушыға электер жеткізудің үзілмеуіне кепілдік керек екенін айтады. Сондықтан да келтіріліп отырған 11 пункттегі уәждер шет мемлекеттерде сәтті жүзеге асқан тәжірибелердің жиынтығынан алынып, қаншалықты сенімді болғанымен, елімізде сәтті жүзеге асып кетеді деп айта қоюға болмайды.
«БҚДА ұсынып отырған нұсқаларды әлі де болса талқылап, жетілдіру қажет. Егер уақыт тығыз болса, тараптардың аса қатты келіспеушілігін тудырмайтын тұстарын жүзеге асыра отырып, кейбір тұстарын 2022-2023 жылдардағы қысқы жылыту маусымынан кейінге қалдыру қажет. Олар – Энергетикалық менеджмент жүйесі (СЭМ) мен Электрмен жабдықтау ұйымдарын (ЭСО) біріктіру мәселесі, тарифтерді дифференциациялау жайы және Бірыңғай сатып алушыны нақты шешіп алу қажеттілігі. Осы тұрғыда әзірге тек екі-үш өңірде сынақ түрінде өтіп жатқандықтан, бұл мәселелерді кейінге қалдырған жөн», – дейді ҚР Еңбек сіңірген энергетигі Жақып Хайрушев.Одан бөлек, ол әуелі бұл саланың ішкі мәселелерін толықтай шешіп алу қажеттігін айтады. Монополиялық кейіпте әрең сіресіп тұрған бұл құрылымдық проблемалар сәл өзгеріс енгізілсе, опырыла құлауы мүмкін. Мәселен, 2035 жылға дейінгі энергобаланс бойынша газбен генерациялауды іске қосып, 17 ГВт жаңа генерацияға қол жеткізу қажет. Мемлекеттік энергоқадағалаудың бақылау-қадағалау функциясын күшейте түсуі қажет. Өйткені қадағалау қазіргідей алдын ала кесте бойынша мезгіл-мезгіл емес, ұдайы үздіксіз жүргізілуі керек. Энергика саласын басқару бір орталықтан жүргізілуі қажет. Бізде оны бірнеше ведомство жүзеге асырады. Бұл тұста «бір терезе» қағидатын жүзеге асырған ләзім.