«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында мектепке дейінгі білім беруді дамыту проблемалары мен даму перспективалары талқыланды. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, партияның сайлауалды уәделерін іске асыру аясында Нұр-Сұлтанда мектепке дейінгі білім беру cаласын ваучерлік қаржыландыруды енгізу бойынша пилоттық жоба жүргізілуде.
«Бұл – дербестендірілген қаржыландыру. Басты айырмашылығы – білім беру ұйымдарын таңдау құқығын және олардың қызметіне ақы төлеу үшін бюджет қаражатын тікелей ата-аналарға беру. Ата-ананың атына банкте шот ашылады, онда ай сайын мектепке дейінгі ұйымның қызметін төлеуге бюджет қаражаты аударылады», – деді вице-министр.Шолпан Каринова мектепке дейінгі ұйымдардың (МДҰ) қызметін лицензиялау мәселесіне жеке тоқталды. Бұл тәжірибеден 2012 жылы бас тартқан еді.
«Реттеушілік әсерді талдауды жүргізу қағидасын әзірледік, жобаны қоғамдық талқылау жоспарланып отыр. Мектепке дейінгі ұйымдарды мемлекеттік аттестаттау жұмысы жаңа форматта жүргізілуде. Ерекшелігі – МДҰ өз қызметін өзі бағалайды, мамандар арнайы барып тексермейді, тікелей байланыс болмайды. Аттестаттау 5 жылда 1 рет өткізіледі, ата-аналармен сауалнама жүргізіліп, балалардың білім деңгейі анықталады, материалдық-техникалық база, штаттық құрам тексеріледі», – деп атап өтті ол.Кеңес мүшесі, «Қара шаңырақ» РҚБ төрағасы Баян Ахатай дәріханалардың лицензиясыз ашылып, жұмыс істей алмайтынын, алайда балабақша неге қалай болса солай ашылуы тиіс деген ойын ортаға салды.
«Бүгінде бақылау органдарының ешқайсысынан рұқсат алмай, жұмыс бастау жөнінде хабарлама бермей-ақ, жылдап жұмыс істеп жатқан балабақшалар бар. Сондай балабақша басшысының бірімен сөйлескенімде, «балалар не жеп, не ішіп жатыр, қандай сабақтар өтуде – бізбен ешкімнің шаруасы жоқ» дей отырып, СЭС-тің рұқсатын 7-8 жылдан кейін алғанын айтты. СЭС қызметкерлерімен сөйлескенімде, олар шағын және орта бизнес өкілдерін бақылап, тексере алмайтынын, бірақ осындай бақшалардың барын растаған. Қазір ешқандай тексеру жүргізбейтін пәтер ішінен ашылған балабақшалар өте көп», – деді Баян Ахатай.«OYNA» балалық шақ институты» ҚБ төрағасы Гауһар Киикова мектепке дейінгі білім беру сапасын зерттеу нәтижесімен бөлісті. Жиі кездесетін мәселелер – пәндік-кеңістіктік ортаның жеткіліксіз жабдықталуы (ойыншықтар аз), оқу жоспарында ойынға бос уақыт қарастырылмаған, көбінесе гигиена ережелері, сондай-ақ қауіпсіздік стандарттары сақталмайды.
«Қызметкерлер балалар арасындағы жанжалды шешуден үнемі қашқақтайды. Олар баланың әлеуметтік-эмоционалды даму ерекшелігін тануда біліксіз. Бұл – барлық балабақшада жиі кездеседі. Зерттеу барысында ECERS шкаласын негізге алдық, онда жоғары балл – 7, ал ең азы – 3. Еліміздегі балабақшалар тек 2,13 балл алды. Жағдайды түзету үшін балаларды ерте жастан дамытуға мемлекеттік қаржыландыру көлемін ұлғайту, тәрбиешілер, әдіскерлер мен басшылар үшін біліктілікті арттыру курсының санын арттыру, балаларды дамыту ғылыми-зерттеу зертханасын ашу және басқа да іс-шаралар қажет», – деді ол.«Әділет» республикалық орта және мектепке дейінгі білім беру қауымдастығының төрайымы Динара Құдайқұлова жекеменшік балабақшаларды қаржыландырудағы әділетсіздіктер туралы айтып берді.
«Педагог мамандардың, тәрбиешілер жалақысының өскеніне қарамастан, мектепке дейінгі білім беру сапасы жылдан жылға төмендеп барады. Араға 10 жыл салып лицензиялау қайта енгізілмек, мұны қолдаймын. Тек осы 10 жыл ішінде жеке ванна бөлмелері, бассейні, жатын бөлмелері бар барлық қолайлы жағдайы жасалған мекемелер жертөледе немесе пәтерде шағын орталық ашқандармен бірдей қаражат алды. Ал рұқсат алуға қажетті құжаттар тізімінде санитарлық анықтама мен балабақшаның жұмыс істеп жатқанын растайтын хабарлама ғана бар», – деді ол.«AMANAT» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Лариса Павловец тамақтану сапасын бақылау мәселесін қозғады.
«Бұл Оқу-ағарту министрлігінің қызметі бола ма, әлде Денсаулық сақтау министрлігіне жүктеле ме? Оқу-тәрбие аспектісінен басқа, балалардың денсаулық жағдайын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Артық салмағы бар немесе салмағы жетпейтін, ерекше қажеттілігі бар балалар туралы да ойлауымыз керек, ал тамақтану ескі тәсіл бойынша жалпылама ортақ үстел түрінде жүреді», – дейді депутат.Айта кету керек, қазіргі чуақытта елімізде 11 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оларда шамамен 1 млн бала тәрбиеленуде. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар желісі 5834 бірлікті құрайды, оларға 500 мыңға жуық бала барады. Ал 5205 жекеменшік ұйымға 450 мың бала барады. Былтыр «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында елімізде 45,2 мың орындық 534 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Сондай-ақ жиын барысында партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев кеңестің жаңа төрағасын таныстырды. «AMANAT» Саяси кеңесі бюросының шешімімен кеңеске Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова төрағалық етеді.
Асыл ТҰМАР