Картография әр елдің әлеуметтік-экономикалық саласында маңызды рөлге ие. Бүгінде электронды картография тұрғындардың тұрмысына дендеп енді. Өкінішке қарай, еліміздегі бұл «нишаны» өзіміздің емес, өзге елдің компаниялары жаулап алды. Мәселен, «Яндекс» такси қызметі, яки ірі қалалардағы 2ГИС қосымшасы өз саласында монополист. ІТ мамандар мұндай мобильді жетістіктерге қол жеткізу қиын емес дегенмен картографиялық мәліметтер базасының жоқтығы кедергі екенін алға тартады. Осы орайда, Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы директорының орынбасары Жолдасбек Нұрмахановпен сұхбаттастық. Айта кетейік, аталмыш орталық Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитетіне қарайды. 1945 жылы Алматыда Қазақ аэрогеодезиялық мекеме ретінде жұмысын бастаған орталықтың мұрағатында 1960 жылдардағы карталарға дейін сақталған. – Жолдасбек Баймаханұлы, Ұлттық геодезия орталығы қандай карталар жасайды? Геоақпараттық жүйені мобильді қосымша ретінде ұсыну мүмкіндігі қандай? – Картаның түр-түрі бар. Біздің карталардың қолдану аясы мен мақсаты басқа. Оның дәлдігі, масштабы да бөлек. Қаланың сәулеті, құрылысы, жер қатынасы және тағы басқа жүйені реттеу үшін біздің карталардың көмегіне жүгінеді. Бізде 1:500-ден бастап (қаланың ішін жобалауға арналған карталар) бір-екі мыңдық, үлкен қалалар үшін 5-10 мыңдық және республика бойынша 50-100 мыңдық масштабтағы карталар бар. Біздің карталар әскери мақсатта да қолданылады. Мәселен, бізде 25, 50 мыңдық масштабта мемлекеттік құпия саналатын карталар бар. Оны қалаған адам, яки мекеме ала алмайды, арнайы рұқсаты болуы керек. Қалғаны қызмет бабында қолданатын қарталар, оларды мемлекеттік тапсырыспен алуға болады. Біздің орталық демаркация, яғни еліміздің шекарасын белгілеумен де айналысады. Қазіргі уақытта Ресеймен шекараласатын Алтай таулы аумағы ғана қалды, басқа барлық шекаралас елмен бұл шаруа бітіп тұр. Демаркация жасау үшін екі ел арасында ұзақмерзімді келіссөз жүргізіледі, шекарадағы әрбір бағананың хаттамасы (сипаты, координаты қамтылған) толтырылады. Бұл бағаналар құм көшкенде, қатты жел соққанда құлап қалуы мүмкін, оны қайта орнату үшін де қосымша келіссөз жүреді, құжат толтырылады. Жақында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Иранға іс-сапармен барды. Онда Каспий теңізінің мәселесі көтерілді. Каспийдің су бетінің шекарасы айқындалған, алайда су асты шекарасы бөлінбеген. Бұл – өте маңызды саяси-экономикалық мәселе. Оның үстіне, Ресейге санкция салынғаннан кейін бізге транспорттық дәліз жасау керек болады. Каспийдің құрлықтық қайраңының (шельф) картасын істеу қажет. Осы іспен де біздің орталық айналысады. Былтыр Шардара су қоймасының көлемін, тереңдігін өлшедік. Қойма суы азайған. Бұл пилоттық жоба болды. Оны «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік мекемеге ұсындық. Мақсатымыз еліміздегі барлық су қоймаларын, ондағы су көлемін, бөгеттердің қаншалықты ескіргенін, қандай су көлемін көтере алатынын, жарылып кеткен жағдайда қанша шақырымға дейін су шаятынын және тағы басқа мәселелерді зерттеп шығу болған. Бұл арқылы су қоймалары туралы эксперттік сараптама әзірлеуге, түрлі апатты жағдайларды болжауға және алдын алуға болады. Оған біздің технологиялық мүмкіндігіміз жетеді. Әзірге қолдау тапқан жоқ. Күні кеше жаңадан үш облыс құрылды, аталмыш елді мекендер біздің карталарды сұрап жатыр, өйткені аймақтың жалпы жер бедерін түсіну үшін міндетті түрде топографиялық таспасы қажет. Геоақпараттық жүйені мобильді қосымша ретінде ұсыну мүмкіндігіміз бар. Алайда қосымша жасаудан да маңызды мәселе көп. – Жедел-жәрдем, өрт сөндіру, полицей қызметі сіздің картаның көмегіне жүгіне ме? Тұрғындар үшін 2ГИС сияқты қосымша жасағысы келетін отандық компаниялар сіздерден картаны сатып алуына бола ма? – Бізде бүкіл Қазақстанның, барлық елді мекеннің әртүрлі масштабтағы картасы бар. Бірақ оны А нүктесінен В нүктесіне жеткізетін карта ретінде пайдалану қолайсыз. Сол үшін біздің карталарды полицей, өрт сөндіру немесе жедел жәрдем қызметі пайдалана алмайды. Өйткені біздің сызбаларда жол жиегіндегі ағаштар (олардың түрлері), асфальт төселген бе, болса қандай материалдар қолданылған, жолсыз бағыттар бар ма, оның ені мен ұзындығы, бұрылыстары, сол аумақтағы өзендер мен арықтар, жол астындағы жүргізілген канализация, электр жолақтары, тұрғын үйлердің қабаты, жылы, қасбеті және тағы басқа көптеген ақпарат қамтылады. Бұл бір нүктеден келесісіне жеткізетін мақсаттағы карта үшін қолайсыз, өйткені мәлімет көп. Мұндай мекемелердің өзіне бейімделген схемалық карталары бар, олар соның көмегіне жүгінеді. Ал «Яндекс», яки 2ГИС карталары жолдың сызбасы мен мекенжай базасын ғана қамтиды, олардың мақсаты басқа. Жер бедерін космотүсірілім жасайтын әлемдік ұйымдар бар. Бұлар сол түсірілімдерді сатып алып, жергілікті ғимараттарды енгізеді. Олар – коммерциялық ұйым, тұрғындарға қолайлы картаны тегін ұсынады, есесіне сол картада көрсетілген жекеменшік мекемелерден ақша алады. Бүгінде біздің орталық электронды картаны жүйелеп жатыр. 2024 жылы іске қосылады. Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі және техникалық қамтамасыз ету базасы бар. Одан бөлек, мемлекеттік қала құрылысы кадастрының (инженерлік жүйе картасы) базасы бар. Әртүрлі геопорталдар көп. Open Street map ашық порталы бар. Біздің карта осыларды оңтайландырады. Болашақта кез келген мекеме ашық қолданыстағы біздің картаны өз қызметіне бейімдеп, соның ішінде 2ГИС, «Яндекс» сияқты қосымшалар жасағысы келетін компаниялар өз мақсатына пайдалана алады. – Мұндай базаны жасақтауға бүгінге дейін не кедергі болды? – Бізде еліміздің барлық аумағын қамтитын түрлі масштабтағы карта да, әрі оның электронды нұсқасы да бар. Бірақ бүгінге дейін оны кең қолданысқа бере алмадық. Өйткені ол карталарда мемлекеттік құпия саналатын аумақтар да қамтылған. Қазір біздегі бар мәліметтерді сүзгіден өткізіп, ашық карта жасап жатырмыз. Оған мемлекеттік құпия саналатын аумақтар кірмейді. Сондай-ақ бүгінге дейін біздің орталық «СК-42» деп аталатын координаттар жүйесімен жұмыс істеп келді. Бұл Кеңес Одағы кезінде орнатылған жүйе. Қазір ТМД елдерінің ішінде бұл жүйемен екі-үш мемлекет қана жұмыс істейді, соның бірі – біз. Мәселен, Ресей «СК-2011» жүйесіне жүгінеді. Өзбекстан да жаңа жүйеге көшкен. Қазіргі таңда біз «КазТРК-24» деп аталатын отандық спутник жүйесіне көшудеміз. Былтыр дайындық жұмысы жүрді, қажетті құрылғыларды (басым бөлігі швецариялық танымал бренд) сатып алдық. Елімізде 84 референц бекеті орнатылды, оның 11-і – негізгі астрономиялы-геодезиялық жүйе (ФАГС), қалғаны – дәлдігі жоғары геодезиялық жүйе (ВГС), биыл осы бекеттерді тексерудеміз, ғаламтор желісіне жөнді қосылғанын, бір жүйеге орталықтандырылғанын бақылап жатырмыз. Келесі жылы өлшеу және математикалық есептеу жұмысы жүреді. 2024 жылы «СК-42» жүйесінен ауысу процесі жүзеге асырылмақ. Отандық жүйенің артықшылығы – дәлдікте. Мәселен, жердің тектоникалық плиталары бір орында тұрмайды, үнемі жылжып, бедерін өзгертіп отырады. «СК-42» жүйесі ескірді, кейбір жерлердің дәлдігін өлшеуге қауқарсыз (9 метрге дейін ауытқулар болады). Ал «ҚазТРК» – спутниктік жүйе болған соң, онлайн режимде кез келген дәлдікті анықтауға мүмкіндік береді. Жоғарыда аталған геопорталдардың болмауының тағы бір себебі де – осы, заманауи координаттар жүйесінің болмауы. Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі туындайтын көп мәселелер де осы жүйенің ескілігіне кеп тіреледі. Мәселен, тұрғындардың арасында жер бөлісу дауы жиі болады. Екі көрші 1 метр аумақты бөлісе алмай, тіпті соттасып жатады. Бұл да өлшем дәлдігінің кемдігінен. Бұл көшу жұмысы егемендік алғаннан кейінгі алғашқы 10-15 жылда атқарылуы керек еді. Өйткені геодезия – кез келген шаруаның бастамасы. Қарапайым жер үй салудан бастап, тұрғын үй кешендерін көтеру, автожол, теміржол, көпір салу, өзен-су арналарын реттеу, жалпы елді мекеннің барлық инфрақұрылымын, абаттандыру жұмысын ұйымдастыру, одан қалды мемлекеттің геодезиясын реттеу үшін алдымен осы салаға жүгінеді. Топографиялық таспасыз ешбір құрылыс жұмысы басталмайды. – Қазір карта дайындау барысы қалай жүреді? Қандай технологиямен зерттеп отырсыздар? – Бүгінге дейін оптикалық аспаптармен зерттеп келдік. «Кезекші» (Дежурный) карта деген ұғым болды, алюминий немесе қатты пластиктен жасалатын. Соны жыл өткен сайын жаңартып отыратынбыз. Ал қазір жаңа технология көп: георадар, арнайы жол іздеуіш (трассоискатель), космотаспаларды қолданамыз. Сондай-ақ мәліметтер базасы электронды жүйеге көшті. Қаланың картасын жасау үшін алдымен координаттар таңбасын (маркировка) қойып, сосын биіктен ұшақ немесе пилотсыз ұшу құралдарының көмегімен маршрут сызамыз. Бұдан кейін, ортофото жасауға кірісеміз. Орталық мамандары далалық жұмыстарға шығады, онда шифрді оқумен айналысады (дешифровка), яғни космотаспадағы ақпаратқа сол аумақтың сәйкестігін тексереді. Оның үстіне, космотаспада тұрғын үйлер, көшелер, арық-өзендер бейнеледі. Ал біздің мамандар сол аумақтарға барып, үйдің қанша қабат екенін, неден соғылғанын, асфальттың қандай құрылыс материалынан жасалғанын, ағаштардың түрлерін, биіктігін, электр бағандарының биіктігін, қуатын және тағы басқа ақпараттарды қосымша зерттейді, мәліметтер базасын толықтырып, өңдеу бөліміне (камеральный отдел) тапсырады. Онда жер бедері сызылып, электронды карта дайындалады. Елді мекендердің жер аумағы мен даму қарқынына байланысты мемлекеттік тапсырысқа сәйкес картасын жаңартып тұрамыз. Карта сызуға шамамен 1-2 жыл уақыт кетеді. Бұл елді мекеннің жер көлеміне, құрылыс нысандарына, инфрақұрылымына және басқа да себептеріне байланысты. Біздің негізгі орталықтан бөлек, аймақтарда 11 бөлімшеміз бар, 800-ге жуық адам жұмыс істейді. Өкінішке қарай, бұл саланың мамандары тапшы, бір-екі нәрсені үйреніп алып, бәрін білемге салады. – Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Айдана НҰРМҰХАН