Болашақты түсіну үшін бүгінгі ұрпақты зерттеу қажет. Өйткені бүгінгі жастың құндылығы, қызығушылығы бұрынғыдан өзгерек. Z және «Альфа» деп аталатын ұрпақ пен қазіргі буынның арасындағы алшақтықты айтып, ғалымдар дабыл қағуда. Олар интернетсіз, әлеуметтік желілерсіз өмірін елестете алмайды, тіпті шынайы және онлайн өмірдің арасын ажырата алмайды дейтін зерттеулер де бар. Ол – рас. Бүгінде кез келген жастың қолында смартфон, екінің бірінің қызығушылығы – әлеуметтік желі –Instagram, Tik-Tok, Youtube және тағы басқалары. Мәселен, бүгінде ірі қалаларда Tik-Tok-хаустардың қатары артты. Онда жасөспірімдер ұжым құрап, Tik-Tok үшін контент дайындайды. Мақсаты – танымал болу, миллион қаралым жинау, көп ақша табу. Тіпті, ТМД елдерінде ең үздік саналатын Tik-Tok-хаус Алматыда орналасқан – BIP House (жазылушылары – 24,2 миллион). Бұл мәселеге қатысты ғылымда, қоғамда қос пікір бар: бірі – Z және «Альфа» ұрпағының онлайн өмірге тәуелділігі болашағына қауіпті десе, енді бірі мұның заман талабы екенін айтып, керісінше, аталмыш буын үшін интернетті тиімді пайдаланудың тетігін қарастыру керек дейді. Осы турасында әлеуметтанушы Серік Бисембаевтан сұрап көрдік. – Бұл үрдіс бүгінгі жас толқынның болашағы үшін қаншалықты қауіпті? – Жастардың қазіргі қызығушылығына баға бергенде аға-буынның бір кездегі құндылықтарымен салыстырып жатамыз. Аға-буынның уақыт өткізуі қандай жақсы еді, ал қазіргі жаңа ұрпақ уақытын бос, пайдасыз құртады деген түсінік бар. Адамзаттың онлайн форматқа өтуі – әлемде болып жатқан ғаламдық процесс, оны ешкім тоқтата алмайды. Нәтижесі қандай болатынын да ешкім білмейді. Сондықтан бұл үрдісті жақсы не жаман деп біржақты баға беру әлі ерте. Сондай-ақ біздегі негізгі дискурс – қауіп-қатер дискурсы. Яғни, біз негатив баға бере отырып, оның бірден теріс жағын іздейміз. Жаңа онлайн кеңістікке өткен жас ұрпақ аға-буынға қарағанда қазіргі заманның үрдістеріне әлдеқайда бейімделген. Бары – осы. – Олардың құндылығының өзгеруі қорқынышты емес пе? Мәселен, Z және «Альфа» ұрпақтың білімге құштарлығы аз, зейіні төмен екені көп айтылады. – Егер қазіргі ұрпақтың сабақ оқуға қызығушылығы төмен болса, бұл біздегі білім жүйесінің артта қалып қойғанынан. Бүгінгі білім жүйесі ХІХ-ХХ ғасырдағы балаларды оқытуға арналған – орталықтандырылған мектеп, кітап пен мұғалім. Ол кезде білім мен ақпараттың көзі мұғалім мен оқулық, кітаптар болатын. Қазіргі заман басқа, ұстаздың бұрынғыдай білім беруші рөлі жоқ, ол – тек нұсқаушы, ментор, барлық ақпарат әр баланың қолындағы телефонында қолжетімді. Сондықтан баяғы дәстүрлі білім институтының құндылығы жоғалған. – Мамандар онлайн өмір жастардың психологиялық мінез-құлқына кері әсер ететінін айтады. Қайтпек керек? – Қазіргі жастардың психологиялық мінез-құлқының өзгеруі олардың тек онлайн өмірімен байланысты емес. Ескі заман бітпей жатып, жаңа кезеңге аяқ басудамыз, бұл өтпелі кезеңнің заңды салдары. Себебі үлкен жаһандық өзгерістің алдында тұрмыз және оны қабылдауға көп қоғам әлі дайын емес. Сәйкесінше, әртүрлі қоғамдық қақтығыс туындайды. Кезінде аграрлық қоғамның индустриалды кезеңге өткенінде де сол уақыттың өзіне тән конфликтері болған. Қазір постиндустриалды, ақпараттық кезеңде өмір сүрудеміз. Қоғамдағы әртүрлі күйзеліс, психологиялық ауытқулар тек жастарға емес, ересектерге де тән. Оның үстіне, құндылықтар қақтығысы бар. Ата-ана мен бала арасында қарапайым телефонды пайдалануға қатысты түрлі кикілжің туып жатады: телефоннан бас алмайсың, таңнан кешке дейін компьютерде отырасың, неге далаға шығып ойнамайсың, сабақ оқымайсың, неге Tik-Tok қарайсың және тағы басқа. Бірақ бұл модель жұмыс істемейді. Кезіндегі біздің тәжірибеміз қазіргі жастың тәрбиесіне мүлдем сай келмейді. Сондықтан жасөспірімдермен емес, ата-анамен жұмыс істеу керек – отбасындағы коммуникация, әке-шеше мен баланың бір-бірімен түсінісуі, ақпараттық сауаттылық және тағы басқа. Мемлекетке, қоғамдық ұйымдарға осы мақсатта кешенді шаралар жасауды ұсынар едім. – Қазір Tik-Tok-хаустар көбейді. Бұған көзқарасыңыз қандай? – Tik-Tok түсіретін жастарды ата-анасы түсінбеуі мүмкін, бірақ олар миллиондап ақша таба бастағанда, көзқарасы бірден өзгереді. Өйткені қазір тұтынушылық қоғамда өмір сүреміз, әр отбасының құндылығы – табысты болу, жақсы ақша табу. Tik-Tok – жаңа креативті экономиканың бір көрінісі, ақпараттық контенттің ақшаға айналған кезі. Tik-Tokты халыққа өтімді етіп түсіру үшін, миллион қаралым жинау үшін қаншалықты білім қажет екенін білесіз бе? Бір Tik-Tok түсіру үшін видеограф, контентмейкер, СММ-маман, актерлері және тағы басқалардан құралған арнайы ұжым жұмыс істейді. Бұл – үлкен индустрия, оған білім керек емес деп қалай айта аламыз?
Дайындаған Асыл ТҰМАР