Дәрігер болу үшін аман қалған

Дәрігер болу үшін аман қалған

Латиф Парпиев – балалар реабилитологы, онкорадиолог. 4 жылдан бері осы салада еңбектеніп келеді. Жаңа туған нәрестеден бастап 2 жасқа дейінгі сал ауруына шалдыққан балаларды емдеу, оңалту ісімен айналысады. Дәрігерлікті таңдауының себебін Латиф: «Мен туған кезде қан құрамындағы билирубиннің шамадан тыс көбейіп кетуінің себебінен болатын сарғыштық болған. Осы гемалитикалық аурудың салдарынан жансақтау бөлімінде жатқан екенмін. Мұндай диагнозды тыңғылықты емдемесе, сал ауруына да ұласып кетуі мүмкін. Бағыма орай, білікті дәрігерлердің қолына түсіп, емделіп, анам 12 күннен кейін ғана бауырына басқан екен. Осы күнде шешем: «Сол уақытта аман қалғаныңның себебі бар екен, бүгінде өзің сияқты сырқатпен туған балаларды емдеп жүрсің» деп отырады», – деп еске алады. Ол – «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» аты алтын әріппен жа­зыл­ған білікті маман, білімге құштар азамат. Негізгі жұмысынан бөлек, Латиф волонтерлікпен айналысады. Былтырға дейін «28 ілмек» клубында қызмет еткен, онда неонатология бөліміне жатқан балаларға көмек көрсетті, әлемнің 11 еліндегі 130 қа­ладағы осындай бөлімдерге қол­дан тоқылған киімдер тарататын. Бүгінге дейін BFK қорында әр­түрлі патологиясы бар жетім бала­ларға профилактикалық көмек көр­сетеді, «Мейірім сыйла» ерікті­лер тобымен онкологиялық аурумен күресіп жатқан жеткіншектерге жәрдем­десті. Бұдан өзге, 2019 жыл­дан бері «Жаңа туған нәрестелерді ерте жастан оңалту» және «Ата-ана­ларға арналған мектеп» жобала­рының негізін қалады. Латиф – Құдайдың 99 көркем есімінің бірі, мағынасы «Ізгіліктің құлы» дегенге саяды (атын әжесі қойған). Латифтің бүгінде атқарып жүрген игі жұмысын, ата-ана мен балаға көмектесуге деген шынайы құштарлығын, азаматтығы мен адам­гершілігін көріп, «атына заты сай екен» дейсің. «Өркен» жастар қо­сымшасының алғашқы кейіпке­рі – Латиф туралы жазғандағы бас­ты ой – оның жастарға үлгі бо­лар­лық болмасы мен игі істері туралы бүгінгі толқын таныссын дедік. Ерте жастан емдеу керек Бала күнімнен дәрігер болуды қа­ладым, туған-туыстарыма осы ар­маным туралы жиі айтып жүре­тін­мін. Мектеп бітірген соң Қ.Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік уни­верситетіне «Меди­цина» маман­дығына түстім. Осы бі­лім ордасында интернатура оқы­дым. Кейін Нұр-Сұлтандағы меди­циналық универ­ситет базасында сәулелі терапия дәрігері (радиолог) мамандығын меңгердім. Осы салада төрт жылдан бері қызмет етіп келемін. Сал ауруына (балалардың це­ребралды сал ауруы – ДЦП) шал­дыққан балаларды емдеу, оңалту барысында байқағаным, ем-дом шараларын жансақтау бөлімінен бастау керек. Бүгінде жаңа туған нәрестеден бастап 2 жасқа дейінгі науқас сәбилерді оңалтумен айна­лысамын. Баланы туа салысымен диагнозы қойылған бойда дабыл қағып, емдейтін болсақ (мәселен, сәбидің 2-3 айында), оның толық жазылып, адам қатарына қосылып кететін мүмкіндігі жоғары. Ал уақыт өткізген сайын (тіпті, 2 жастың өзі кеш), сәбидің ауруынан толыққанды айығып кету мүмкіндігі де азая береді. Тәжірибе барысында ерте бастан оңалту шарасын жасағанда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алатынымызға, тіпті сал ауруынан жазылып кетуге мүмкіндік бола­ты­нына әбден көзім жетті. Содан «Ер­те жастан оңалту» жобасын да­йын­дау туралы ой келді. Ондағы мақ­са­тым – реабилитолог-дәрігер­лерге, ата-аналарға өз тәжірибемді үйрету. Бүгінде оңалту шараларын іс жүзінде көрсетіп, видеоға түсіріп, YouTube арнама салып отырамын. Кері бай­ланыс көп. Үш жылдан бері елімізден ғана емес, Еуропа, Орталық Азия мем­­лекеттерінен әріптестерім, бала­лар­дың ата-аналары WhatsApp, Instagram арқылы хабарласып жатады. Әлбетте, баланың сау туғанына не жетсін?! Ол үшін жүктілікті жос­парлау ісіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Ер мен әйел алдын ала медициналық тексерістен өтіп, қан тобының сәйкестігіне, түрлі ауру-сырқаттан амандығына көз жеткізіп барып, бала көтеруді ойлауы тиіс. Сәбидің жатырда аман-есен жетілуі үшін әйел жүктілік барысында кү­тінуі шарт, күйзеліске бой алдыр­май, қажетті талдамаларды уақыты­лы тапсырып тұрса игі және тағы­сын тағылары. Дұрысында, тұңғы­шы мен келесі баланың арасына үш жыл уақыт салу керек. Әйелдің ағзасы үш жылдың ішінде толық қалыпқа келеді. Бізге оңалту ша­ра­ларына келген балалардың ара­сын­да алдыңғысымен 8-9 ай, 1,5 жыл болатындары көп кездесіп жатады. Баланың ең жақсы емшісі – ата-анасы Өкінішке қарай, елімізде сал ауруына шалдыққан балалардың саны көп. Олардың барлығы бірдей үлкен қалалардағы оңалту орта­лық­тарына келіп, тұрақты түрде ем шараларын қабылдай алмайды. Себебі ата-аналардың бәрінде бір­дей жағдай жоқ, мүмкіндігі жет­пейді. Жоғарыда айтып өткенімдей, оңалту шараларын ерте жастан бас­тауымыз керек. Осы орайда, сал ауруына шалдыққан балаларға кем дегенде үй жағдайында оңалту ша­раларын тұрақты түрде жасау керек. Кез келген баланың ең негізгі ем­деушісі – әке-шешесі, одан кейін дә­рігерлер. Ата-ана баласына пай­да­лы боламын десе, ештеңеден қорықпай, батыл қадамдар жасауы тиіс. Содан «Ата-аналарға арналған мектеп» деген жоба бастап, соның аясында кез келген әке-шешеге тү­сі­нікті болатын тілмен сал ауруының анықтамасынан бастап, баланың жағ­дайын жеңілдету үшін, мүмкін­дігінше өз қатарластары сияқты жетілуі үшін қандай шаралар істеу керегін үйретемін. 2 жасқа дейінгі балаға оңалту үшін арнайы аппа­раттар, құрылғылар аса қажет емес. Көбіне көп электрофорез, дене жат­тығулары, арнайы алақанмен істейтін массаж арқылы сал ауруына шалдыққан балаға көмектесуге болады. Мұндай шараларды ата-аналар да мұқият үйреніп алып, үй жағдайында жасауға мүмкіндігі бар. WhatsApp, Instagram желісіне олардың тарапынан көп сұрақ ке­леді, мейлінше жауап беруге тыры­с­а­мын, кей дүниелерді тікелей эфир­ге шығып түсіндіремін, видео жазып, YouTube арнаға саламын, телефон арқылы жекелей консуль­тация беремін. Осы мектептің аясында сал ауруына шалдыққан баласын аяққа тұрғызған ата-аналар  бар. Қуанамыз, қуаныш­тан көзіміз­ге жас алып жатамыз. Бұл жобаларға мемлекет тарапынан, яки жеке қорлардан ешқандай қолдау жоқ. Ерікті түрде жүзеге асырамын. Адам емдеу ісінің алғысы көп «Дәрігер» ұғымының аясы кең, мәні терең. Ол дегеніміз – белгілі бір мамандықты меңгеріп алумен шектелмейді, емдеу ісінде жана­шыр­лық, жүректілік, шыдам керек. «Дәрігер болсаң өлмейсің», «бұл мамандыққа қашанда сұраныс бар», «жалақысы жақсы» және тағы басқа себептермен медицина саласын таң­дасаң, қателесесің. Бұл салада жақсы маман болуың үшін көп (он жылдап) оқисың, үнемі ізденісте боласың, тәжірибеңді жетілдіруге, біліміңді шыңдап, біліктілігіңді арттыруға әрдайым ұмтыласың. Ол – оңай емес. Сол жолда сынып кет­пес үшін шыдам керек, маманды­ғыңа деген махаббат керек. Бүгінгі таңда дәрігер тапшы, өңірлерде ба­лаларды емдейтін, оңалту шара­ларын жүргізетін мамандар жетіс­пейді. Сондықтан жастардың бұл са­ланы таңдауға деген ынтасын қол­даймын, алайда ерік-жігері мық­ты, жауапты, азаматтығы мен адам­гершілігі жоғары жастар ғана медицина саласындағы қиындықты еңсере алады. Медицина маманды­ғын жеті жыл оқып, «дәрігер бо­луым­ды сендер қалағансыңдар» деп дипломын әке-шешесіне та­быс­тап, заңгер мамандығын оқып, сол салада қызмет етіп жүрген курс­тастарым бар. Ал медицина саласын таңдаған жастарға айтарым, баға үшін оқы­маңдар. Білімге құштар болыңдар, осы саладағы кез келген жаңалықты, тың технологияны білуге ұмтылың­дар. 3-5-курстан бастап аурухана, же­дел жәрдем жұмысына араласың­дар, түнгі кезекте жұмыс істеген дұ­рыс, практикадан өтуден шарша­мау керек. Қиындығына шыдасаң, адам емдеу ісінің алғысы көп. Емделген балалардың нәтижесін көргенде, ерекше мотивация аламын. Қанша жерден қиын болса да, дәрігерлікпен айналысуды жалғастыра түскім ке­леді. Одан бөлек, ата-анам, бауыр­ларым менің мамандығыма зор құрметпен қарайды, әр жетістігіме қуанып, қолдау көрсетіп отырады – бұл медицина саласында шарша­дым демей, қызмет етуіме көп кө­мек­теседі. Болашақта жеке емха­нам­ды ашып, еліміздегі барлық нау­қас балаға қолымнан келгенше жәр­демдескім келеді.

Айдана НҰРМҰХАН