Қызылорда қаласында кішкентай кәсіп иесі тұрады. Ол кез келген адамның қолынан келе бермейтін ерекше үлгідегі аяқкиім тігумен айналысады. Кішкентай кәсіпкер сапалы әрі ерекше үлгіде жасаған өнімін сатып, көл-көсір табыс тауып отыр.
Ұлан Сайлау – 9-сынып оқушысы. Қаладағы №176 мектепте оқитын қолөнер шебері тігіншілікті бір жыл бұрын қолға алыпты. Алғашында Instagram желісі арқылы бұл өнерге қызығушылық танытып, қыр-сырын жетік меңгереді. Артынша өз мүмкіндігін пайдаланып көруге бел буады.
«Тігіншілікке анам баулыды. Одан кейін өзімнің де қызығушылығым артып, көп іздендім. Бұл өнердің қыр-сырын меңгеруіме интернеттің де көмегі көп болды. Әсіресе, Instagram-дағы «Алтын қол» деген парақша этнобрендке бейімдейді. Алғашында тоқыма өнерін үйрендім. Артынша аяқкиім тігуге бет бұрдым», – дейді қолөнер шебері.
Оның айтуынша, шеберлік курстарын онлайн оқып, біліктілігін жетілдіріпті. Осылайша, тың кәсіпті меңгеруге тігіншілік өнерге деген қызығушылығы түрткі болған екен.
Он төрт жастағы тігінші қыз бүгінде тапсырыс бойынша жұмыс істеп отырғанын жеткізді. Негізгі табыс көзін тоқыма бізі мен ирандық жіптің көмегімен тауып келеді. Аяқкиімді тапсырыс берушілердің талғамына сәйкес жасайды.
Қолөнер шебері тек қыздарға арналған аяқкиім тігетінін айта кету керек. Оның ішінде спорттық аяқкиім мен сүйретпелерді тігудің шебері.
Қолы қалт етсе, көрпе тігуді де сүйікті ісіне айналдырған. Әсіресе, құрақ көрпешелерді нақышына келтіре құрап шығаруға шебер.
Жас та болса, екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерекше кәсіпті меңгерген оның алға қойған арманы асқақ. Келешекте өз кәсібін кеңейтуді мақсат тұтады. Қажетті қондырғылармен жабдықталған жаңа үлгідегі шеберхана ашқысы келеді. Сол арқылы халықтың талғамына сәйкес түрлі сапалы аяқкиімді тігуді қолға алуды мақсат тұтады.
Бүгінде тапсырыспен жұмыс істеп отырған ол қарапайым үлгідегі аяқкиім тігуге бір сағат уақытын жұмсайды жеткізді. Ал дизайны мен пішінінің күрделілігіне қарай кейбір өнімдерін екі-үш сағатта дайындайды. Дайын өнімін 3 мыңнан 10 мың теңгеге дейін бағалайды. Тың кәсіп иесі өз еңбегімен айына 70 мың теңгеге дейін табыс табатынын жеткізді. Кәсібіне қажетті өнімдерді көрші мемлекеттерден тапсырыспен алдырады екен.
Қазір қолындағы мүмкіндігіне қарай жұмыс істеп отырған қыздың алдағы жоспары ауқымды. Алдымен өз жобасын тиісті орындарға ұсынып, сол арқылы халықтың талғамына сай жұмыс істейтін үлкен шеберхана ашуды мақсат тұтады. Аяқкиімдерін сауда орнына шығаруды да көздейді. Ал болашақта медицина саласы бойынша білім алып, кардиолог дәрігер болуды армандайды.
Біз де өз тарапымыздан талабы таудай тың кәсіп иесіне асқақ арманы ақиқатқа айналуына тілектестік білдіреміз.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ,
Қызылорда облысы