Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Бақытбек Смағұл мен Геннадий Шиповскихтің Сыр өңіріндегі жұмыс сапары Шиелі ауданына қарасты Ақмая ауылдық округінде жалғасты. Мұнда халық қалаулылары жергілікті тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелермен танысты. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік маңызды бастамалар турасында әңгімеледі.
Ақмая ауылдық округінде 3 000-ға жуық тұрғын бар. Жергілікті халық негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады. Егістік жерлерінің басым бөлігі «Батыс Қытай –Батыс Еуропа» дәлізінің арғы бетінде қалған ауыл тұрғындары егін мен мал азығын тасымалдағанда көршілес ауданға қарасты ауыл мен аудан орталығынан айналып өтуге мәжбүр. Уақытты айтпағанда, бұлай қатынаудың шығындары да шаш етектен.
Ел тұрғындарының өтінішін тыңдаған Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл бұл мәселе бойынша құзырлы органдармен нақты жұмыс жасалғанын, жақын арада түбегейлі шешім табатынын атап өтті.