Арал ауданына қарасты Бөген, Қарашалаң ауылдарының тұрғындары екі аралықтағы жолдың сүреңсіз күйге түсіп тұрғанын айтып, мұңын шақты. Олар жылма-жыл осы мәселе төңірегінде құзырлы орындарға жеткізгенімен, нәтижелі жұмыс жүргізілмей отырғанына ашынып отыр. Негізінен, аудан аумағындағы екі ауылды жалғайтын жолдың ұзындығы – 14 шақырым. Осы ойдым-ойдым жолмен қатынау халықты қажытып отырғанға ұқсайды.
«Бұл жолдың жүдеу тартып тұрғанын жергілікті әкімдік жақсы біледі. Жол мүлде сапасыз. Екі аралықта жүру ұзақтығы 1 сағат 50 минутты құрайды. Жеңіл көлікке шұрық тесік жолда жүру айтарлықтай қиындық туғызып тұр. Жергілікті әкімдікке осы жайында айтып келе жатқанымызға табаны күректей бес жыл болды. Биыл алтыншы жылға аяқ басты. Алайда оны жасайтыны айтылғанымен, уәде құрғақ сөз күйінде қалып тұр», – деп назын жеткізді ауыл тұрғыны Дариха Әлсейітова.Әр жыл сайын құзырлы орындар тарапынан бұл жұмыстар жаз мезгілінде басталатыны жайында айтылғанымен, нәтиже көңілден шығар емес. Жаз ортасына ауса да, құрылыс жұмыстарын жүргізетін техникалар да бой көрсетпей, жол сапасы бәз баяғы қалпында тұр. Жергілікті жұртшылық осылай деп ашынып отыр. Аталмыш мәселеге орай құзырлы мекеменің де айтар өз пікірі бар. Жауапты мекеме тарапынан екі ауылдың арасын жалғайтын жолды салу ісі қаперде тұрғанын алға тартады.
«Аудан аумағындағы сапасы сыр берген жолдарды жөнге келтіру жұмыстары назардан тыс қалған емес. Аудандық маңызы бар «Бөген-Ақлақ» жолдарын жөндеу жұмыстары 2019 жылы басталды. Бұл жұмыстарға 2019-2021 жылдарға 275,6 млн теңге қаралып, 10 шақырым жол жөндеуден өткізілген болатын. Енді аталмыш жолдың қалған бөлігіне жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық қазынадан қаржы бөлінеді деп күтілуде», – деп мәлімдеді бұл жайында Арал аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі.Аталмыш мекеменің берген мәліметіне сәйкес, «Бөген-Қарашалаң» жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы мәселесі қолбайлау болып тұрғанын алға тартады. Егер қажетті қаржы көздері шешімін тауып жатса, тиісті жұмыстар жүргізілетініне сендіріп отыр. Ал тұрғылықты халық бұған дейін бірнеше рет аудан, облыс әкімдеріне хат жазып, талап-тілегін жеткізген. Бірақ әкімдік тарапынан бір-біріне сілтеп, тұқымды жауап берілмегенін айтып, мұңын шақты.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы