Қазақстан әскерінің жауынгерлік даярлығына жаңа тәсілдер енгізілуде

Қазақстан әскерінің жауынгерлік даярлығына жаңа тәсілдер енгізілуде

Бүгінде Қарулы Күштерде жауынгерлік даярлықтың екінші кезеңі – бөлімшелерді үйлестіру жүріп жатыр. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Армияның жауынгерлік әзірлігін арттыру жөніндегі Президент тапсырмасының аясында әскери бөлімдерді жартыжылдық цикл бойынша даярлау өтіп жатыр. Жаңа тәртіп әскерді даярлау қарқындылығын арттыруға, бөлімшелер жеке құрамының, олардың командирлері мен басқару органдарының оқыту деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оқу-материалдық базаны ұтымды пайдалануға, оқ-дәрілер мен моторесурстарды тұтынудың үнемді тетіктерін енгізуге бағытталған жаңа тәсілдер қалыптасуда. Сонымен қатар әскери қызметшілер бөлімшелерді (есептоптарды, экипаждарды) даярлау барысында қазіргідей жалпыәскери ұрыстар жылдам өзгеретін жағдайда жауынгерлік тапсырмаларды орындауды үйренеді. Оқу-жауынгерлік тапсырмалардың мақсатқа сай орындалуы жеке құрамның жұмылып әрекет етуіне, өзара түсінісуіне тікелей байланысты. Бір ай бойы әскери қызметшілер бөлімшелер құрамында атыстан, тактикалық, арнайы даярлықтан және басқа да пәндерден нормативтерді пысықтайды. Мұның бәрі далалық жағдайда топтық, тактикалық тапсырмаларды орындаудағы іс-қимыл машығын меңгеруге ықпал етеді. Жеке құрам мен бөлімшенің дайындық деңгейі осы тапсырмаларды орындау сапасына қарай айқындалатын болады. Бөлімшелердің, есептоптардың және экипаждардың үйлесімді іс-қимылы бөлімшелер құрамында жауынгерлік атысты орындаумен аяқталады.