Солтүстік Қазақстан облысында «Коммунхоз» кәсіпорны кәсіпкерлердің алдында қарызға белшесінен батып отыр. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның жосықсыздығынан 20-дан астам бизнес субъектісі зардап шекті. Олардың барлығы да 2020-2022 жылдар аралығында атқарған жұмыстары үшін ақшасын талап етіп, талай табалдырықты тоздырды. Атап айтқанда, қыс бойы қар тазалап, бейнебақылау камераларын орнатып, қаланы көркейту жұмыстарын атқарған олар енді сол қызметі үшін қордаланған қарыздарын ала алмай жүр. Кәсіпкерлердің кейбіреуіне атқарған жұмысы үшін мүлдем ақша төленбесе, кейбіреуіне ішінара төленген, бірақ толық көлемде емес. Қарыздарын ала алмай тауы шағылған кәсіпкерлер Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгінді. Бұл мәселе кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Жиынға Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі бөлімінің және «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының өкілдері шақырылған болатын. Бірақ неге екені белгісіз, «Коммунхоздықтар» төбе көрсетпеді. Белгілі болғанындай, борышкерге қатысты 18 атқарушылық іс қозғалыпты. Ал қарызы жарты миллиард теңгеден астам. Бірақ кәсіпорынның борышы бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі субмердігерлердің барлығы бірдей сотқа немесе жеке сот орындаушыларға жүгінбеген көрінеді. Ең көп зардап шеккен – Амбарцум Искандарянның кәсіпорны. Олар қыс бойы облыс орталығының басты көшелерін қардан тазартқан.
«Коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның менің алдымдағы қарызы 81 миллион 700 теңгені құрайды. Біз қыс бойы Ж.Жабаев және Н.Назарбаев көшелеріндегі қарды аршыдық. Бірақ бізбен әлі күнге дейін есеп айырысқан жоқ. Біз «Коммунхозға» бірнеше рет шағым хат жолдадық. «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі әлі қаржы аударған жоқ, күтіңдер» деген жауап алдық. Қарызға белшемізден баттық. Тіпті, ауған соғысының ардагері ретінде алған пәтерімді кепілге қоюға тура келді», – дейді жеке кәсіпкер Амбарцум Искандарян.Зардап шеккен кәсіпкерлердің тағы бірі – Александр Ушаковтың компаниясы жаңа 2021 жылдың қарсаңында қаланы жарықпен безендірген. Бұл мақсатқа 43 миллион теңге жұмсалғанымен, кәсіпкерге соның жартысынан астамы ғана төленіпті.
«Қарыз ішінара төленгенімен, әлі де борыштары бар. Мен үшін 16 миллион теңге – аса қомақты қаржы. Бұл қаржы 2021 жылдың басында төленуі тиіс еді. Мен борышкер кәсіпорынды сотқа бердім. Сот мені зардап шеккен тарап деп танып, «Коммунхозды» қарызын өтеуге міндеттеді. Бірақ сот орындаушысы әлі күнге дейін қарызды өндіріп ала алмай жүр, өйткені кәсіпорынның есеп-шоттары бос. Сотта қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілдері де болды. Олар «Коммунхоз» кәсіпорнымен толық көлемде есеп айырысқандарын айтты. Олардың негізгі құрылтайшысы – қала әкімінің аппараты», – деді жеке кәсіпкер Александр Ушаков.ЕСЕПТЕРІ ТҮСІНІКСІЗ Бизнес субъектілері атап өткеніндей, «Коммунхоздың» 27 кәсіпорын алдында қарызы бар.
«Қазіргі жағдай мынадай: 27 ұйым 1,5 миллиард теңгенің жұмысын атқарды. Оларға 600 миллион теңге төленді. Себебі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бір кездері өзінің «туған» «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнымен осы сомаға тікелей келісімшарт жасасқан. Осы соманы қалай да болса жеткіз деген секілді. Енді не істемек керек?». Кеңес төрайымы Инесса Қуанова жиынға қатысқан қала әкімінің орынбасары Жанболат Батырбековке осындай сауал жолдады.Әкімнің орынбасары мемлекеттік органның «Коммунхоздың» алдында дәл қазір берешегі жоқ екенін растады.
«Әкімдік қызметтердің үлкен көлеміне тапсырыс берген жоқ. Барлығын төлейміз деп айта алмаймын. Оған құқықтық негіз жоқ. Қосымша келісімшарттар жасалған жоқ. Қазір көпшіліктің алдында мен бұл мәселені шешеміз деп мәлімдей алмаймын. Қазіргі таңда «Коммунхоз» борышын төлеуге қауқарсыз. Келесі кезең – оның банкроттығы болуы мүмкін», – деді қала әкімінің орынбасары Жанболат Батырбеков.СЫБАЙЛАСТЫҚТЫҢ ИСІ АҢҚИДЫ
«Қандай критерийлер қолданылды? Сіздер – тапсырыс берушісіздер. Жолды күтіп ұстау – «Коммунхоздың» емес, жергілікті атқарушы органның міндеті. Ақыр аяғында тек бас мердігер ғана кінәлі болып отыр», – деп заңгер Олег Хрупин қынжылысын жасыра алмады.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин түсіндіргендей, бұл істе сыбайлас жемқорлықтың болуы ықтимал.
«Мемлекеттік сатып алуларға қатысты тұтастай алғанда айтарым – бұл жерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар. «Коммунхозға» қатысты біз де мәселе көтерген болатынбыз. Шын мәнісінде, ведомстволық бағынысты ұйым бар, бірақ онда жалғыз басшы ғана жұмыс істейді, жұмысшылары жоқ, техникасы да жоқ. Сондықтан егер онда жұмыс істейтін ешкім болмаса, кәсіпкерлермен кім жұмыс істеді деген заңды сауал туындайды. Сол себепті облыс басшылығының тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу туралы мәселе қоятын боламыз. Тіпті, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі болмауы үшін әкімдіктердің бөлімдерін біріктіру туралы да мәселе көтерілуі мүмкін», – деді Нұрлан Жахин.Ұзақ та қызу талқылаудан соң кеңес төрайымы Инесса Қуанова зардап шегушілердің жалғыз ғана нақты жолы бар екенін айтты, ол – сотқа жүгіну. Тек осылай ғана кәсіпкерлер әкімдіктің коммуналдық кәсіпорны банкрот болған жағдайда оның қарыздары бойынша субсидиярлық жауапкершілігі бар жергілікті атқарушы органнан қарызын талап ете алады. Бұл процедура өте ұзаққа созылатыны және қарыз өтелетін нақты мерзімдер жоқ екені түсінікті. Кездесу қорытындысы бойынша облыстық прокуратураға «Коммунхоз» КМК қызметіне және оның барлық шаруашылық-қаржылық операцияларына мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган тарапынан аудит жүргізуді ұсыну туралы шешім қабылданды. Енді бұл мәселеге прокуратура араласпақ.
Солтүстік Қазақстан облысы