Алты жыл бұрын бауырлас Түркия елінде террорлық ұйымдардың мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырғаны баршаға мәлім. Бүгін Қазақстандағы Түркия Елшілігі 15-шілде демократия мен ұлттық бірлік күніне орай төңкеріс әрекетіне тосқауыл болған қаһарман оғландары мен жазықсыз көз жұмған бейбіт халықты еске алу жиынын өткізді.
Қанды қырғында 251 адам қайтыс болып, екі мыңнан астам адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. 2016 жылы Түркияның билігін құлатуды көздеген террорлық ұйым төңкеріс жасап, мемлекетке үлкен қауіп төндірді. Алайда миллиондаған түрік азаматы лаңкестердің әрекетіне қарсы шығып, ұлттық ерік-жігерiн көрсетті.
– Терроршылар ондаған жылдар бойы мұқият түрде және кең ауқымда әскерге, қауіпсіздік күштеріне, сот жүйесі мен министрліктер, мемлекеттік органдарға жасырын түрде енді. Қаржы институттарын өз бақылауына алды. Бұл тыңғылықты түрде жүзеге асырған шараларын іс жүзінде 2016 жылдың 15-шілдесінде іске асыруға тырысты. Төңкеріс әрекетін жүзеге асырғанда бүгінгі Түркия мүлде басқаша болар еді. Еліміз экстремистік биліктің қолында қалу қаупі басым болды, - деді жиында сөз алған Қазақстандағы Түркияның төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи.Сондай-ақ ол соңғы алты жылда қауіпсіздік саласындағы төтенше қиындықтарға қарамастан, ел ішіндегі лаңкестерге қарсы күрес заң үстемдігі, негізгі құқықтар мен бостандық қағидаларын қорғау арқылы жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Террорлық ұйымдарға қарсы күресіміз табандылықпен жүргізіле береді. Ал бүгін, 15-шілде – Демократия және ұлттық бірлік күніне орай барша шейіттерімізді құрметпен еске аламыз», - деді Түркияның төтенше және өкілетті елшісі.Бұдан кейін шараға келген қонақтар елшілік ғимаратында ұйымдастырылған сурет көрмесін тамашалады.