Қазақстандық теннисші, әлемнің 32-ракеткасы Юлия Путинцева Будапешт WTA 250 турнирінің жартылай финалына шықты. Осы жарыстың үшінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 97-орында тұрған украиналық Леся Цуренкомен шеберлік байқасты. Қазақстандық теннисші бірінші партияда қарсыласына дес бермеді – 6:0. Екінші сетте де 2:0 есебімен алға шықты. Бұдан кейін Л. Цуренко матчты жалғастырудан бас тартты. Ю. Путинцева соның өзінде 5 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді. Юлия финалға шығу үшін әлемнің 105-ракеткасы, сербиялық Александра Круничпен таласады. Ол рейтингіде 102-сатыдағы қытайлық Сю Ванды ойсырата ұтты – 6:0, 6:1.