Еліміздегі жасөспірімдердің 63 пайызы бос уақытын TikTok-та видеорилик қарап өткізеді екен. Бұл туралы ҚҚДИ жанындағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген «Қазақстан жастары» атты ұлттық баяндамада айтылды. Осы ретте жасөспірімдердің мұндай қызығушылығы немен байланысты және «TikTok-қа деген құштарлық қауіп төндірмейді ме?» деген сұрақтарға балалар психологі Гүлдана Бабаомарова жауап берді. TikTok азғана уақыт ішінде 1 млрд-тан астам пайдаланушысы бар ірі әлеуметтік желіге айналды. Ол Instagram, Facebook, YouTube секілді танымал әлеуметтік желілерді басып озып, бүгінде пайдаланушылар арасында көш бастап тұр. TikTok-қа деген аса жоғары қызығушылықтың себебі неде? Психолог жасөспірімдер мен балалар арасындағы TikTok-қа деген жоғары қызығушылықтың себебін ондағы ақпараттардың қысқа, қызықты әрі танымдық видео түрінде берілуімен байланыстырды.
«Бүгінде балалар өте шыдамсыз. Күту, ұзақ видеоларды қарау олар үшін қызықсыз. Ал TikTok-тағы сюжеттер түсінуге жеңіл, қарапайым, көбіне әзіл түрінде беріледі. Бірнеше секундта біршама қажетті ақпарат алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жасөспірім шақта депрессия жиі болады. Сондай сәттерде TikTok-та видеолар қарау көңіл көтеруге септігін тигізетінін жасөспірімдер жиі айтады. Олар түрлі трендтерді қайталап, челлендждер ұйымдастырып, өздерінің шығармашылық қабілетін де шыңдай алады», – деді Гүлдана Бабаомарова.Психологтің сөзінше, TikTok-ты біржақты қарастыруға болмайды. Пайдасымен қатар біршама зияны да бар. Алайда ата-ана әрдайым баласын қадағалап, онымен тығыз қарым-қатынаста болуы керек. Осылайша, баласының қандай контентті қарайтынын немесе қандай видеолар түсіретінін бақылай алады. Ал әлеуметтік желіде көп уақыт өткізуіне қарсы болу, қатаң шектеулер қою баланың зиянды контентке үйір болуына, өз парақшасын ата-анасынан жасыруына әсер етуі мүмкін. Егер бала ата-анасымен сенімді қарым-қатынаста болса, онда ол достарының реакциясы, өзінің пікірі жайлы еркін айта алатын болады. Сондықтан да психолог бұл ретте баламен дұрыс қарым-қатынас орнату маңызды екенін ескертеді. TikTok-тан келер қауіп бар ма?
«Мен өз тәжірибемде TikTok немес басқа да әлеуметтік желілер әсерінен психологиялық жарақат алған балаларды кездестірмедім. Алайда одан келер ешқандай қауіп жоқ деу қателік. Әсіресе, әлеуметтік желіде буллинг жиі орын алады. Алайда бұл жағдайға ата-ана жиі көңіл аудармайды. Балалар да мұндай жағдайларды ашылып ата-анасына айта бермейді. Осылайша, мәселе тағы да бала мен ата-ана арасындағы қатынасқа келіп тіреледі», – деп түсіндірді психолог.Психологтің айтуынша, жасөспірім шақта балаға дұрыс көңіл бөлу оның түрлі қиындықтарға ұшырауының алдын алады. Әсіресе, қазіргідей әлеуметтік желілердің дамыған заманында балалардың ерекшеленуге ұмтылуы орынды. Трендке ілесу, түрлі видеоларды қайталау кезінде дұрыс жасай алмағаны немесе ерекше стилі үшін қатарластарының тарапынан мазаққа ұшырауы да мүмкін. Сондай сәтте ата-анамен тығыз байланыстың болуы маңызды. Гүлдана Бабаомарова ата-аналар жағдайды баласымен батыл түрде талқылап, ол туралы не ойлайтынын шынайы жеткізіп, оны реттеуге көмек беруі қажет екенін айтты. TikTok-ты қолдануға қай жастан бастап рұқсат берген жөн? Психологтің мәліметінше, бала 6 жасқа дейін өздігінен саналы әрі логикалық түрде «мынау болады», «мынау болмайды» деген шектеу қоя алмайды. Сондықтан да осы кезеңге дейін ата-ана баласына гаджеттерді бергенде абай болуы керек.
«Жалпы, 10-11 жасқа дейін балалар гаджетіне интернет орнатпаған жөн. Офлайн мультфильм көріп, түрлі ойындар ойнауға пайдаланса болады. Ал әлеуметтік желіге, жалпы интернетке қосылуға мүмкіндікті 10-11 жастан бастап беруге болады. Бірақ оның өзінде белгілі бір шектеу болуы қажет. Мысалы, келісілген сағатта гаджеттегі Wi-Fi жоғалып кететіндей етіп жасап қою тиімді. Баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды кішкентай кезінен қалыптастыру керек. Сонда мұндай қиындықтарды алдын алу оңай болады», – деді психолог.Балалары TikTok түсіретін ата-аналарға кеңес Психолог баланың қызығушылығын оң көзқараста қабылдау керегін айтады. Баланың жеке шекарасын құрметтеп, өздігінен таңдау жасауға ерік беруі қажет. Түсірген видеоларын бірге талқылап, контентке идея қарастыруда кеңес беруге болады. Осылайша, балаңыздың TikTok-тағы әрекетін бақылауда ұстап, онымен қарым-қатынасты да нығайта аласыз.