Осыдан 3 жыл бұрын Алматы облысында өңірді былай қойғанда тұтас республикадағы бірден-бір JetIsu Hub технопаркі ашылған. Алайда жастардың IT саласындағы озық идеясын жүзеге асыруға мол мүмкіндік беріп, жол ашуды мақсат тұтқан бірегей орталықтың есігін қара құлып күзеткеніне біраз болды. Алаулатып-жалаулатып ашылып, соңында тірлігі өнбеген талай жобаның кебін киген технопаркте қазір кеңсе жиһазынан басқа ештеңе жоқ. Технопарктің ашылу салтанатында облыстың сол кездегі әкімі Амандық Батталов бұл орынды өңірдегі ІТ индустрияның бастауында тұрады деп үміт артқан. Тіпті, сол жолы өңір басшысы заман көшінен қалмау үшін Талдықорғанды SMART қалаға айналдырып, облыс орталығында интернет-колледж ашу туралы ойын да айтып қалған. Өкініштісі, зор сенім артылған технопарктегі тіршілік көп ұзамай тоқтап қалды. Аталған паркті ашуға жұмсалған 300 миллион теңге де құмға сіңген судың күйін кешкендей. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында аймақтың цифрлануына мүмкіндік беретін технопаркте робототехника, уоркшоп, 3D модельдеу және кванториум кабинеттері болған. Жастарды ақпараттық технологияның 8 бағытына баулып, Талдықорған тұрғындарына кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретіп, заң мен бухгалтерлік сала бойынша біліктілігін жетілдіру мүмкіндіктері қарастырылған жобаның ғұмыры ұзаққа бармады. Аталған жобаның басы-қасында жүргендердің хабарлауынша, технопаркке мемлекет қазынасынан қаржы жұмсалмаған. «2019 жылы жеке инвесторлар мен жеке компаниялардың қатысуымен Алматы облысында ІТ саласын дамыту жөнінде үлкен жиналыс өткізіліп, сонда бірнеше инвестор облыста осындай жобаға қаржы салуға дайын екендіктерін білдірген. Сол кеңестен соң жүзеге асқан жобаның бірі – JetIsu Hub инновациялық орталығы. Мұндағы көрсетілетін қызметтер негізінен ақылы болғанымен, жұмыс істеген кезеңде балалар үйлерінде тәрбиеленушілерді, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларын тегін оқып-үйретті. Облыстық әкімдік тарапынан қолдау ретінде тек қана ғимарат берілді. Жөндеу жұмыстары, ІТ паркті жабдықтау, іске қосу жеке инвесторлар қаржысына жүзеге асырылды. Ғимаратқа орналасқандар коммуналдық және тағы басқа да қосалқы шығындарды төлеп отырды. Өкінішке қарай, 3 жылғы жұмыс барысында инвесторлар ешқандай пайда көрмеді, салған қаржыларының қайтарымы болмады. Ақыры орталық жұмысын тоқтатты», – дейді Ақпараттық-талдамалық орталықтың директоры Мұхаммед Қуанышұлы. Жергілікті биліктің ресми жауабы осындай болғанымен жастар технопарктің өн бойына қан жүгіргенін қалайды. – JetIsu Hub ашылған кезде біз студент едік. Технопарктің ашылуына қатысып, жастарға жасалып отырған мүмкіндікке қатты қуанғанбыз. Алғашқы жылы жап-жақсы жұмыс істеді. Тіршілік қайнап жататын. Кейіннен барлығы саябырсып, тың бастамалар көтерілмей қалды. Қазіргі кезде қалада қызмет істеймін. Орталықта үйренгендерім жұмыс барысында көп көмектесті. Жабылып қалғаны өкінішті. Мемлекет тарапынан қолдау болғанда, ІТ-парк жұмысы дамушы еді, – дейді ол. JetIsu Hub технопаркі туралы хабар дүйім жетісулықтарды қуантқанымен, бұл жобаның жүзеге асырылуы IT cалаға қызығатын жастарға жаңа мүмкіндік сыйлады. Десе де, оның ғұмырының қысқа болғаны қынжылтады. Кім біледі, қайта қос облысқа бөлініп, сан салада толайым тірлік қолға алынып жатқан сәтте «шаң басқан» технопарк те ұмыт қалмайтын шығар. Лайым солай боларына сенеміз.
Болат АБАҒАН