Жасөспірімдер арасындағы суицидпен күрестің жаңа тәсілі қолға алынбақ. Бұл бойынша кәмелет жасқа толмағандардың әлеуметтік желілерде жарияланған жазбалары тексеріледі. Солай балалардағы депрессия белгілерін танудың тың жобасын жоспарлап жатқандар бюджет ақшасын инновациялық түрде жұмсауды қолға алатын көрінеді. Яғни, жасанды интеллект белгілі бір тегтердің негізінде баланың депрессияға ұшырағанын анықтайды екен. Алайда жасөспірімдер суицидін әлеуметтік желіден іздеуден нәтиже шығуы неғайбыл. Себебі кейбір психологтардың айтуынша, анимациялық фильмге әуестіктің өзі-ақ өзін-өзі өлімге қиятындардың қатарын арттыруы мүмкін екен. Бұған дейін мектеп психологтары мен психотерапевтерін оқытуға қаржы жұмсап, талай жұмыс атқарылғанмен, одан балалар арасындағы суицидтің азайғанын көрмедік. Керісінше, қазіргі балалардың жан-дүниесі тез жараланатын болды. Тіпті, былтырғы статистика кәмелетке толмағандар арасындағы суицид 21,5 пайызға өскенін көрсетті. Ендігі жерде жауапты шенділер әрбір оқушының постын аңдып отыруды ұйғарыпты. Елдегі миллиондаған баланың не жазып, не оқып жатқанын қалай бақылауға аларын кім білсін, бірақ бүгінде аниме көрмейтін бала аз. Көбісі фанфиктерде отырады. Бір қарағанда зияны жоқ бұл жапон мультфильмдері бірнеше топқа бөлінеді. Оның дені синтоизм идеологиясының аясында жасалғандықтан, онда реинкарнацияға, өздері қалайтын әлемге, өлімге, өзіне-өзі жарақат істеуге қатты көңіл бөлінеді екен. Шын мәнінде, әлеуметтік-экономикалық дамуы көш ілгері кеткен Жапония елі өзін-өзі өлімге қиятындардың саны жағынан басқа елдерден қарағанда айтарлықтай алда. Шындығында, жасөспірімдер арасында «өлім дәптеріне» айналған анимелерден зиян бар ма? Жақында әлеуметтік желідегі жазбалардың бірінде ой-өрісі толық жетіліп бітпеген балалардың суицидке баруының негізгі себебі – яой, хентай, манга секілді жапон мультфильмдерінің әсерінен де болуы мүмкін екені айтылыпты. Желі қолданушысы жазған посттың астындағы ата-аналардың пікірі төбе шашты тік тұрғызады. Жазба авторының айтуынша, яой жанры гей-анимелерді насихаттайтын көрінеді. Осы арқылы балалар гомосексуалдық қатынастар туралы оқиды. Содан кейін олар әлеуметтік желілердегі яой жанрындағы анимелерді талқылайтын топтарға жазылып, ой-пікірлерін ортаға салады. Кейбір кездері осы тақырып бойынша фанфиктерді және тікелей гей-насихаты бар бейнені тамашалайды. Өмірдің құндылығы туралы дұрыс ақпарат алып үлгермеген балалар осындай анимелерден қажетін іздейміз деп опық жеп жатыр. Кейбір ата-аналар өз балаларының сана-сезіміне анимелердің берген теріс әрекетін сипаттап, өз-өзіне қол жұмсағандарын жазады», – дейді жазба авторы.
Аниме көруге шектеу қойды
Жапонның «Өлім дәптері» деген танымал анимациялық туындысы бар. Он жылдан асса да, әлі де сұранысқа ие осы анимацияны көрген балалар жаппай қара дәптер сатып алып, беттерін өлім тілеген жандардың есімімен толтырғаны туралы да талай рет жазылған. Қытай бүгінде бұл сериалды көруге тыйым салыпты. Ал былтыр Санкт-Петербор соты прокуратураның талап-арызы бойынша Ресейде төрт жапон анимациялық фильміне шектеу қойды. Кейінірек олардың тізімі тағы бірнеше анимацияға толықты. Мұндай шешім шығаруға, құқық қорғау ұйымдарының дабылы себеп болған. Өйткені ел аумағында болған бірнеше балалар суицидінің артында анимациялық фильмдердің салдары бар екені дәлелденген. Қайтыс болған балалардың барлығы жапон мультфильмдерінің жанкүйерлері болып шыққан көрінеді. Ал біздің елде ешқандай шектеу жоқ. Интернетте толық сериясы толып тұр, кез келген сату нүктесінде еркін саудаланады. Аниме – бұл басқа әлем туралы қиял-ғажайып оқиғалардың желісінен жасалған дүние. Оны жасаушылар күрделі сюжеттерді, кескілескен шайқастар мен эротиканы көрсетуден тартынбайды. Барлығы емес, бірақ бұл сериялардың көпшілігі ересектерге арналған. Мәселен, «Өлім дәптері» политеизм мен сенімсіздікке толы, басты кейіпкері «Құдайдың» рөлінде ойнайды. Сериал керемет психологиялық әсерге ие. Ресейдің экзистенциалды-гуманистік психотерапевті Белла Азарованың пайымынша, аниме – кез келген көрерменді өзіне бірден баурап алады. Ересектер оның ішінен өзіне қажетті дүниені тауып, жақсы мен жаманның аражігін ажыратуы мүмкін. Бірақ бала бірден бірнеше қарама-қарсы мәселені шешуге тырысатыны белгілі. Бір жағынан, ол жеке тұлға болғысы келеді, басқалардан не ерекшеленетінін түсінуге тырысады, әлемде өз орнын табуға, пікірлес адамдар тобын табуға талпынады. Сондықтан анимелерді көретін жасөспірімдердің дені шынайы ерекшеліктерін сезінбестен бұрын, максимализмге ұмтылады. Яғни, көрген дүниесін бірден қайталауға құмар, анимелердегі «ерекше» күшке ие кейіпкерлерге еліктейді. «Аниме жасөспірімдердің ғана емес, барлық адамның ішкі әлемі мен психикасына әсер етуі мүмкін. Егер адам психикалық тұрғыда сау болса, депрессияға түспейді. Керісінше, сыни ойлауды дамытуға көмектесуі мүмкін. Бірақ жаны жабырқау, жолы болмай жүрген адамдарға теріс ықпалы көп. Бұдан бөлек, аниме көрермендерінің жасын шектеу маңызды. Басты кейіпкер жасөспірім болса да, анимациялық сериялардың көп бөлігі 20 жастан асқан адамдарға арналған. Агрессия, қатыгездік, зорлық-зомбылық, біржыныстық қатынас көріністері – балаға психологиялық соққы. Өйткені олардың сыни ойлауы әлі дамымаған. Осындай анимелерді үнемі көру психикалық жарақатын асқындырса, баладағы агрессия немесе депрессия сияқты белгілердің пайда болуына алып келеді», – деп топшылайды ол.Балалар емес, ересектерді емдеу керек
Алматылық Азат Жанболатұлы бала күнінен аниме көретінін айтады. Психолог айтқандай, оның ешқандай зиянын байқамаған. Айтуынша, аниме көрген және оған басымен кірген өзі секілді жігіттер көп. «Алайда ешқайсымыз ғимараттың төбесінен секіруге барған жоқпыз. Себебі бізден үлкендер суицидтің себептері мен ойлауды қалыптастыруды ажыратуды үйретті. Сол арқылы біз көрген дүниемізді ой синтезінен өткізе алдық. Ал қазіргі балаларды бақылайтын ата-ананың уақыты жоқ, ал көріп жатқандарын саналы түрде таңдайтын қабілеті жетілмеген. Сондықтан баланың өмірін сақтауды әлеуметтік желідегі әрбір постынан аңдып отырудан бұрын, ақпарат ағынына бақылау жүргізу керек-ақ. Ең дұрысы – балаларды емес, ересектерді емдеу керек. Анимеге тыйым салу өлімді азайтады деген факт емес. Адамдардың білімі мен тәрбиесіне жауапсыз қарау – аниме көруден де қауіпті. Мысалы, бір танысым ешқандай аниме көрмеген. Өзі діндар еді. Бірақ оған өз-өзіне қол салуға ештеңе кедергі болмады. Неге? Оны көше өсірді, әкесі одан бас тартты, ал анасы әрқашан жұмыста. Анименің барлығы керемет деп айтпаймын. Мен тек өз-өзіне қол жұмсаудың себебі анимеден емес, оның зияны мен пайдасын айтуға уақыт бөле алмайтын ата-аналардан іздер едім. Дегенмен қауіпті кейіпкерлері бар анимелерге құқықтық шектеу де керек», – деп санайды Азат Жанболатұлы. Оның ойынша, анимеге әуестіктен мәселе туындату дұрыс емес. Егер заңдық тұрғыда талап етілмесе, қауіптің алдын алуға ата-ананың өзі де септігін тигізе алады. Бұл үшін баламен қандай шығармаларды оқып немесе көріп жүргенін талқылап, сүйікті анимациялық сериалдардағы кейіпкерлердің шынайы өмірден емес екенін үнемі есіне салып отыру керек.Қамқорлықты дәріптегенмен, құндылыққа жат
Журналист Әйгерім Тоқсанбек Жиблидің (Studio Ghibli) өнімдерін көргенді ұнатады екен. Әсіресе, жапон аниматор-режисері Хаяо Миядзакидің анимелері жергілікті халықтың мәдениетімен таныстырады. Үлкенді сыйлауға үгіттеп, отбасыға қамқор болуға шақырады. «Ал сатанизм, көпқұдайлық туралы анимеде ашық көрсететін себебі, олар үшін бұл – қалыпты дүние. Олар мұсылман емес. Ал біз үшін бұл кереғар көрінеді. Бірақ бала тәрбиесіне анимені таңып қоюдың қажеті жоқ. Ол ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігінен қашуы деп ойлаймын», – дейді ол. Балалар суицидологі Татьяна Браун анимациялық фильмдердің мағынасына жеке-жеке мән беру керектігін жеткізді. «Хайяо Миязакидің барлық шығармаларында мейірімділік көп. Сондықтан адамзатты мейірімділік пен ізгілікке үндейтін кейбір жапон анимацияларын балаларға көрсеткен жөн. Алайда анимелердің арасында қаталдыққа үндейтіндері де жетіп артылады. «Оттың қабірі» картинасы – терең және қайғылы әскери драма. Бұл бала түгілі менің өзіме қатты әсер етті. Жасым 16-дан асқаны үшін анимедегі зорлық-зомбылыққа сабырлы түрде жауап бердім. Анимедегі кейіпкерлердің өзіне тән сыртқы келбеттері, жалпақ тілмен айтқанда «бала кейпіндегі» анимелер балаларды өзіне тез баурайды. Сонысымен-ақ сексуалды көрінеді. Гипертрофиялық жыныстық белгілері бар кейбір боялған «тяндар» жасөспірімдердегі жоғары сексуалдылықты тудыруы мүмкін», – дейді маман. Айтуынша, гипертрофия, сондай-ақ кокетрияның көріністері эмоционалдық қасиеттерді оятады. Аниме мен хентайда яой мен юри сияқты әртүрлі қосалқы жанрлар бар. Оның үстіне кәдімді адамдардың қатысуымен түсірілген эротикалық фильмдер аниме стиліндегі жасанды кейіпкерге қарағанда тартымды, сүйкімді және қалаулы болмайтын көрінеді. Ең қауіптісі – қиялдағы кейіпкерлерге ұқсағысы келетіндер қазір кез келген жол арқылы бір-бірін іздеп табады. Әлбетте оның соңы жақсылықпен аяқталмауы мүмкін. Тараз қаласында тұратын Адина Әбсемет анимелердің дені жіпсіз байлайтын қасиеті барын жасырмайды. Бұл жанрдың көрермендері көп жағдайда өздерін өзге әлемнің адамдары секілді ұстайды. «Адамның жаны өлгенде басқа адамның денесіне кіреді. Не болмаса басқа нәрсеге ауысады. Бұл дәстүр мен дінге де қайшы. Ата-аналар немқұрайлы шығар, бірақ жасөспірім кезде бала өз ортасына қарайды. Ол жастағы балалар ата-анасының айтқанынан гөрі телефондағы дүниеге сенеді. Өкінішке қарай, балалардың санасын кішкентайынан өз құндылықтарынан бас тартуға себеп болатын анимелер талғамсыз түрде таратылып жатыр», – деп топшылайды Адина Әбсемет. Болмысқа жат дүниеге көздері мен бойларын да үйрете алатындар болмаса, жас өскінге өзгенің қаңсығы таңсық қазір. Ал табыстың артында кеткен ата-аналардың өзі де рухани-мәдени сын-қатерді еңсеруге қабілетті емес. Сондықтан балалар суицидін желіден іздейміз дегендердің құлағына алтын сырға, жасөспірімдердің рухани иммунитетiн әлемдік және ұлттық классика үлгілеріне негізделген өнiмдер арқылы нығайту қажет. Бұл үшін қазақы құндылыққа жат дүниелерді дәріптейтін анимелердің жас шектеулері заңмен белгіленіп, қажетсіздеріне көрші елдердегідей қатаң тыйым салу керек-ақ.