Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленді. Соның бірі – Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы. Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, бәсекелестікті дамытуға бағытталды. Маңғыстау облысында былтырмен салыстырғанда, жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 18 пайызға өсіп, 62 мың бірлікті құраған. Бұл саланың өңір экономикасындағы үлесі – 31,6 пайызды құрайды. Шағын және орта бизнес субъектілері 1,6 триллион теңгенің өнімін өндірген. Сондай-ақ осы салада жұмыспен қамтылушылар саны 126 мың адамға жетіп, 4 пайызға артты. Кәсіпкерлікті дамыту – Маңғыстау облысының экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев осы мақсатта «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалында бизнес субъектілерімен, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшыларымен кездескен болатын. Кездесуде бизнестің өңірлік және салалық мәселелері мен жедел шешуді талап ететін міндеттері талқыланды. Маңғыстау облысының құқық қорғау органдары мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының бизнесті қорғау саласындағы жұмысы туралы облыстың құқық қорғау және мемлекеттік органдарының басшылары баяндады. Аймақ басшысы облыс экономикасын тұрақтандыруда жергілікті шағын және орта бизнесті дамытудың маңызына тоқталып, кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының оң динамикасын қалыптастыру мақсатында шағын және орта бизнесті дамытуға жан-жақты қолдау көрсету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Елімізде кәсіпкерлікті дамыту – экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі. Сыртқы сауда қатынасының да экономиканың дамуына үлесі зор. Осы бағытта көрсетілетін қызметтерді, соның ішінде шекаралық қызметтерге байланысты жұмысты жетілдіру, кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды жеңілдету және заңнамалық өзгерістерді тұрақты түрде түсіндіру бойынша жұмыстарға аса мән беру қажет. Әр мемлекеттік органдардың, өңірлік кәсіпкерлер палатасының өз құзіреті шегінде жұмысты тиісті деңгейде үйлестіруінің нәтижесінде өлкемізде шағын және орта бизнестің даму қарқыны байқалады. Кәсіпкерлер палатасы, құқық қорғау органдары, аумақтық департаменттер және жергілікті атқарушы органдар Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау және бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында тығыз ынтымақтастық орнататынына сенімдімін, – деді Нұрлан Ноғаев кездесуде. Айта кетейік, 25 шілдеден бастап 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жаңа форматта қолжетімді болды. Өз ісін бастауды жоспарлаған қазақстандықтар енді Skills.enbek.kz платформасы арқылы онлайн режимде бизнес жүргізу үшін базалық білім мен дағдыларды үйрене алады. Оқу курсына жазылу үшін Business.enbek.kz порталына тіркеліп, оқыту шарттарына сәйкестігіне автоматты тексеруден өту қажет. Шартқа сәйкес болған жағдайда қатысушы Skills.enbek.kz платформасына өтіп, оқуға кірісе алады. Жұмыссыздар, ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер, зейнет жасына жетпей жұмыстан қысқартылатын қызметкерлер, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооператив мүшелері және тағы басқа категория өкілдері «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту» онлайн курсына қатыса алады. Оқыту 14 күнтізбелік күннен аспайды. Әр қатысушы курсты жеке-жеке меңгерумен айналысады. Оқу толығымен тегін. Оқыту үш кезеңнен тұрады: бірнеше модуль бойынша онлайн оқыту курсы, қорытынды тестілеу, оқудан өткені туралы сертификат алу. Оқу барысында пайдаланушы бірнеше сабақтан тұратын 12 модульден өтуі керек. Әр модуль аяқталған соң аралық тестілеу өткізіледі. Келесі оқу модуліне өту үшін қатысушы тест тапсыру кезінде дұрыс жауаптың кемінде 70 пайызын жинауы керек. Аралық тестілеуден өту әрекетінің саны шектелмейді. Қатысушы қорытынды тестілеуді тапсыру кезінде дұрыс жауаптардың 70 пайыздан астамын жинаған жағдайда онлайн курсы өтті деп есептеледі. Төмен балл жинаған қатысушыға қорытынды тестілеуден 2 рет қайта өту мүмкіндігі беріледі. Оқыту қорытындысы бойынша, қатысушы бірегей нөмірі бар электрондық сертификат алады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификаттың қолданылу мерзімі 3 жыл. «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту» онлайн курстан өткен қатысушылар ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыруға грант алуға үміткер бола алады.
Асыл ТҰМАР, Маңғыстау облысы