Cот – қоғамдағы құқықтық қатынасты реттейтін биліктің бір тармағына жатады. Тәуелсіздіктің айшықты белгісі саналған Конституцияның қабылдануымен Қазақстанның өзіндік сот жүйесі қалыптасты. Тарихи бастауын қара қылды қақ жарып, әділдіктің алдаспаны болған дала данышпандарының даналығынан алған отандық сот жүйесіне халықтың сенімі жоғары. Ендігі мақсат – сол сенімге селкеу түсірмеу. Қоғам болған соң онда түрлі дау-дамай орын алып жатады. Сәйкесінше, істің ақ-қарасын ажырату үшін соттың алдына келетіндер көп. Міне, осы сәттен бастап әділ шешім шығаруда судьялардың кәсібилігі сыналады. Бұл орайда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бірнеше мәрте реформаланған сот жүйесі Ата заңды басшылыққа алып, өзіне жүктелген жауапкершілігі мол міндеттің үдесінен шығуға барын салып келеді. Егемендіктің алғашқы елең-алаңында елдегі экономикалық-қаржылық қиындықтарды еңсеруде ең әуелі сот органдарының қызметін реттеуге баса мән берілді. Өйткені қандай істе болмасын ешкімге қарайламай әділ шешім шығару үшін соттардың тәуелсіз болғаны керек. Төл Конституциямыздың өмірге келуінен кейін қабылданған құқықтық реформа нәтижесінде сот органдарының қызметі реттелді. Дәл осы өзгерістің «лебімен» экономикалық, әкімшілік, әскери, жасөспірімдердің және қылмыстық істерді май шаммен қарайтын мамандандырылған соттар пайда болды. Кейінгі жылдары құқықтық тәжірибеге енген тергеу сотының да мақсаты осы. Заман ағымына сай сот жүйесі де барынша жаңғырып, сот отырыстары өтетін мәжілісі залдар дыбыстық, бейнежазба құрылғыларымен жабдықталды. Нәтижесінде, азаматтар Конституция кепілдік берген құқықтарын қамтамасыз етуде сот ғимаратына сабылмай, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жеткізуге мүмкіндік алды. Сот жүйесін гуманизмге бағыттауда «Медиация туралы» заңның да бергені көп болды. Медиатор ұсақ-түйек дау-жанжалды сотқа жеткізбей-ақ шешті. Бұл да болса соттардың жүктемесін, олардың басқа да маңызды істерді жан-жақты қарауына мүмкіндік берді. Ал өткен жылғы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізілуімен мамандандырылған әкімшілік соттар пайда болды. Бұл соттар әкімшілік дауларды қарау кезінде азаматтардың қорғалуына басымдық берді. Биыл Азаматтық процестік кодекске енгізілген өзгерістер іс қарауда қолданылып, азаматтарды татуластырудың жаңа институты сотқа дейінгі хаттамасы пайда болды. Сайып келгенде, сот жүйесіндегі осынау өзгерістер мен жаңашылдықтар азаматтардың сотқа сенімін нығайта түсуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, тараптардың әділ сот төрелігіне қол жеткізуінің басты шарттары деп қабылдауымыз керек.
Олжас БАҒЖАНОВ, Алматы облысы Қарасай аудандық сотының судьясы