Қол-аяғы маталған қуыршақтай ғана шақалақтардың суретін талай көрген боларсыз?! Жымиып, есінеп, түшкіріп, енді бірде қасын кере таңғалып жатқан кіп-кішкентай тіршілік иелерінің әр фотосы артында сағаттарға созылатын жұмыс пен үлкен шыдам жатыр. Елордалық Әсем Темірболатова – осындай шынайы эмоцияларды объективке еппен іліп алатын ньюборн-фотограф. Әдетте, педиатр немесе балабақша тәрбиешісі секілді мамандардың бойынан ерекше жылылық есіп тұрады ғой. Әсеммен кездескенімізде де, соны сезіндік. Кейіпкеріміздің ньюборн-фотография саласына келгеніне үш жылдан асыпты.
«Бала кезімізде әкем фотоаппаратын асынып алып, бізді суретке түсіруден шаршамайтын. Құрдастарымыздың кішкентай күніндегі суреттері аз болса, бізде өте көп. Есейе келе мен де фотография саласына қызыға бастадым. Кейін декреттік демалысымда балаларымды, олардың балабақшадағы ертеңгіліктерін түсіретін болдым. 2019 жылы әпкем босанар кезде фотосессия сыйлағым келді. Сол уақытта қалада әйгілі ньюборн-фотографтың шеберлік сыныбы өтеді деген хабарландыруды көзім шалды. Соған қатысып, тәжірибемдегі алғашқы ньюборн-фотосессиямды жасадым», – деді ол.Әсемнің айтуынша, ньюборн-фотосессияның ең басты ерекшелігі – ол нәресте дүниеге келген алғашқы 14 күннің ішінде өтуі керек. Өйткені бұл кезде баланың сүйектері әлі қатая қоймайды және анасының құрсағындағыдай қалыпта қос бүктеліп алады. Оның үстіне, бұл күндері бөпе көп ұйықтайды.
«Кейбір аналар сәбиі бір айдан асқанда ньюборн-фотосессияға тапсырыс бермек болады. Бірақ олардың кешіккенін түсіндіремін. Есейіп кеткен сәбидің аяқ-қолын икемге келтіру қиын, оған қоса 14 күннен кейін іші желденіп, ауыратын болады. Әрі олардың ұйқы арасындағы сергек болар уақыты да ұзарып кетеді», – дейді Әсем.Фотосессия алдында 1 сағаттай бұрын нәрестені емізбей әрі ояу ұстай тұрған абзал. Фотограф келгенде ғана анасы тойғызып, бала тәтті ұйқыға кеткенде, оны небір позаларға икемдеп, «фотомодельге» айналдыру да оңайырақ. Ньюборн-фотограф болу үшін шеберлік сыныптарында неанотолог үйрететін «баланы қалай ұйықтату керек?», «жыласа қалай жұбату керек?», «қауіпсіз позалары қандай?» деген секілді ақыл-кеңестерді білу жеткіліксіз. Ең әуелі, баланы жақсы көру қажет. Мұнда фотосессия жарты сағат не бір сағатқа емес, кемінде үш сағатқа, ал кейде сәби «мінезді» болса бес-алты сағатқа созылады. Сондайда фотографқа таудай төзім беретіні – балаға деген махаббат қана.
«Кейде баланы көндіруден бұрын, оның ата-анасын тыныштандыру қиынға соғады. Көбіне тұңғыш сәбиі өмірге келген ата-аналар фотосессия кезінде балам қиналып жатқан жоқ па, аяқ-қолы қысылып қалмады ма деп уайымдап бітеді. Анасы алаңдап, мазасызданып тұрса, сәби де оны сезіп, тыныш жата қоймайды. Ондайға мен түсіністікпен қараймын. Жас босанған келіншек әдетте ұйқысы қанбай, мұндай күндері әлдебір мазасыздықты бастан кешеді. Сол кезде диванға жайғасып, кофе не шай ішуге, ал баланы толықтай маған сеніп тапсыруға кеңес беремін», – дейді Әсем.
«Түсірілім кезінде шамамен 3-4 образ ауыстырамыз. Киім міндетті түрде табиғи матадан тігіледі не тоқылады. Материал баланың денесіне жағымды, тігістері батпайтындай болуы керек. Әр фотосессия алдында киімдерді қолмен жақсылап жуып, үтіктеп апарамын», – дейді Әсем.Ньюборн-фотосессияға жоспарлы босану күні бойынша жазылып қоюға болады. Бірақ қазақта дүниеге келер балаға қатысты дүниелерді алдын ала әзірлеуге болмайтын ырым бары себепті ата-аналардың көбі сәби туғаннан соң тапсырыс береді екен.
«Кейде бір отбасыға екінші рет баратын сәттерім де болады. Ондайда 2-3 жыл бұрын түсірген бөпелерім өзімді қарсы алып жатады. Сенің де осы бауырың сияқты кезінде кіп-кішкентай болып, пысылдап ұйықтап жатқаныңды суретке түсіргенмін деп айтамын оларға», – деп жымияды Әсем.Жуырда ол жаңа бір тәжірибені қолдана бастапты: енді тұтынушы альбомдағы фотосуреттің жанындағы QR-кодты ұялы телефон экранымен сканерлеу арқылы түсірілімнің сол сәтіндегі видеоны да тамашалай алады. Бұл ноу-хау әсіресе үйде үлкен кісілер барда тамаша естеліктерді сақтап қалуға мүмкіндік береді. «Арғы әжем мені «моншағым» деп еркелеткен екен» деп әлгі бөпе 20-30 жылдан кейін сол альбомды қарап отырып, мәз болары анық қой...