Бүгінде Тараз қаласында шайынды сулар мәселесі қордаланып келеді. Облыс пен шаһарда қанша әкім ауысса да аталған түйткілдің түйіні тарқамады. Нәтижесінде шаһардан шыққан қалдық сулар облыс орталығына іргелес жатқан Жамбыл ауданының аумағына төгіліп келді. Ал қолқаны қапқан күлімсе иістен жергілікті жұртшылық мезі болған. Әңгімені әріден бастасақ, Тараз қаласынан шыққан қалдық сулар Жамбыл ауданы Қостөбе ауылының маңында орналасқан аумағы 197,07 гектарды құрайтын жерге төгіледі. Шайынды сулар табиғи, яғни жерге сіңу немесе буға айналу процесі арқылы ғана азайып отырады. Әу бастағы жоба солай. Осылайша жылдар бойы құйылған сарқынды судың жағымсыз иісі едәуір қашықтықтағы елді мекендерге дейін жеткен. Автомобиль жолымен ары-бері өткен жолаушылар да дәл осы маңда танауларын алақанмен жабады. – Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылына бара жатқан жолда қолқаны қабатын жағымсыз иіс шығады. Көлікпен өтіп кеткенше 5 минуттай сол иісті сезесің. Сұрай келе, бұл маңда қаладан шығатын шайынды суларды құятын орынның барын білдім. Бұл енді сұмдық қой. Ана иіске адамның шыдауы мүмкін емес. Ары-бері көлікпен өткенде тереземізді қымтап, танауымызды басып өтеміз. Ал жақын маңда тұрып жатқан ауылдағы ағайынның жағдайы қалай болып жатқанын ойлаудың өзі қиын. Осы таңға дейін осы мәселені бір жақты шешуге болады ғой, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Нұрхан Нұрланбек. Тіпті, Бірлесу-Еңбек, Қостөбе, Өрнек, Ерназар, Тастөбе сынды елді мекендердің құдығынан шығатын судың сапасының санитарлық талапқа сай келмейтінін ешқандай құрылғысыз-ақ көруге болады. Облыс әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұратхан Шүкеев те бұл мәселеге алаңдаулы. – Негізі бұл шайынды сулар қоршаған ортаға зиян келтіріп жатыр. Арнайы сүзгі болмағаннан кейін жағымсыз иіс жер-көкке жайылды. Бұл маңнан аң-құстың өзі безіп кетті. Шөп те өспейді. Ал жерге сіңген сарқынды су жерасты суымен қайда кетіп жатқаны белгісіз. Жоба құны қомақты болғаннан кейін кәріз жүйесінің құрылысы жылда кейінге қалып келді. Алайда биыл Тараз, Жаңатас және Қаратау қалаларының кәріз жүйесін реттеу жобаға еніпті. Сондықтан бұл мәселе алдағы уақытта шешімін тауып қалады деген үміт бар, – дейді басқарма басшысы. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те мәселенің күрделі екенін, құрылысты дер кезінде бастау үшін өзге жобалар кейінге қалатындығын жасырмады. – Бізге қазір қала үшін үлкен жобаларды ойлау қажет емес. Оның орнына біз күн тәртібінде тұрған мәселелерді шешуіміз керек. Шайынды суға қатысты мәселе халық үшін талай жылдан бері өзекті болып келеді. Түйткілдің түйінін тарқату үшін суды сүзгіден өткізетін кәріз жүйесін жүргізуіміз керек. Қазіргі таңда инвесторлармен байланыс орнатылып жатыр. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда қаладағы кәріз жүйелерінің басым бөлігі істен шыққан. Биыл 6 су ағатын арна бойынша механикалық тазалау жүргізіледі. Барлық көшелер зерделеуден өтті. Ал толықтай құрылыс жұмыстары 3 жылға созылады, – дейді аймақ басшысы. Әрине, бұл жоба қомақты қаржы мен үлкен күшті қажет ететіндігі түсінікті. Десе де қазір «Жамбыл су» мекемесі қосымша карталар құрылысына 20 гектар жер теліміне мемлекеттік акт алыпты. Ал шайынды су құйылатын алқап техногендік апаттағы төтенше жағдай аумағы ретінде белгіленген. Бұл әрине, жұмыстың басы ғана. Әйтеуір басы тәп-тәуір басталған тірліктің соңы сұйылып кетпесе болғаны.