Қазақ қоғамындағы әйел теңдігіне көзқарас белгілі. Мұндайда ойға әуелі қызды алып қашу, отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғау оралады. Әйтсе де, әлем елдерінде бұл мәселенің тамыры біз ойлағаннан да тереңге жайылған. «Кішкентай» ғана түйткілден басталып, әйелдің масс-медиадағы образына дейін жалғасатын бұл жайттар жуырда Beimälım алаңында кеңінен талқыланды.
«Кішкентай» мәселенің үлкен астары
Әсілі, игіліктердің екі жыныс өкілдеріне де теңдей болуы хақында әңгіме өрбігенде, «гендерлік теңдіктен» гөрі «гендерлік әділет» ұғымын қолдану орындырақ көрінеді. Өйткені теңдік әрдайым әділетті болмауы мүмкін. Мұның бір мысалын әлеуметтанушы Жаннұр Ділдабаева қоғамдық орындардағы әжетханалардан келтірді. «Әдетте қоғамдық жерлерде әйелдерге арналған әжетханаларда кезек көбірек болады. Мұның себебін ойландық па? Былай қарасаң, екеуінің де көлемі, ішіндегі кабиналар саны бірдей. Бірақ әйелдердің физиологиялық ерекшеліктерін, сондай-ақ оларға қоғам таңған гендерлік рөлдерді ескермеу осындай кемшіліктердің болуына жол береді. Әкімшілік нені ескеруі керек еді? Репродуктивті жастағы әйелдердің түгелінің-дерлік менустрациясы бар. Бұл күндері әйелге әжетханада көбірек бөгелуге тура келеді. Екіншіден, қоғамда кішкентай балаларды, қарт кісілерді, аурушаң адамдарды әжетханаға жетектеп апару міндеті көбіне әйелдерге таңылған. Осы факторлар да оларды әжетханада көбірек уақыт жұмсауға мәжбүр етеді», – дейді әлеуметтанушы. Сондай-ақ ғалым әйелдердің биологиялық ерекшеліктері ақылы қызмет салаларында да ескерілмейтінін айтады. «Жақында бассейнге барып жүрген бір танысым менустрациясы келгені үшін бір күн бассейннен бас тартты, бірақ әлгі күннің ақшасын әкімшілік қайтарған жоқ. Себебі – мұндай мәселе ережеде жазылмаған», – дейді Жаннұр Ділдабаева. Айтпақшы, жоғарыдағы пікірдегі «менустрация» сөзінің қазақ тіліндегі аудармасына қатысты да гендерлік зерттеушілердің айтары бар. «Неліктен оны тіл мамандары «етеккір» деп аударған? Бұл аудармадан әйелдердің физиологиялық ерекшеліктерін құрметтеу мен түсінуге ұмтылысты емес, қандай да бір уақыт аралығында әйелдің еркек үшін «кір» болатынын түсінуге болады. Меніңше, қоғамымымыз дами келе бұл аудармадан құтылып, латын тіліндегі «менустрация» терминін қолданыста қалдырар», – дейді халықаралық құқық магистрі, феминист Әйгерім Құсайынқызы.Қоғамнан ажырату қауіпсіздік кепілі емес
Спикерлердің пікірінше, гендер мәселелесі бүгінде көбіне тек зерттеуші қоғамда көтеріледі. Оның билік органдары тарапынан басымдыққа ие болмауы күнделікті өмірде кедергісін тигізіп жатыр. Урбанистика – соның бір тұсы ғана. «Зерттеулерде қала қауіпсіздігі мынадай индекспен өлшенеді: әйелдердің саны таңертең, күндіз ерлермен бірдей болып, кешке де сол көрсеткішті сақтап қалса, демек, қала қауіпсіз. Ал бізде кешкі уақытта ерлер көбейеді, әйелдер азаяды. Бұл кешкі уақыт әйелдер үшін қауіпті дегенді білдіреді. Одан бөлек, қалада бесікарбамен жүрген әйелдерге барлық жер ыңғайлы деуге келмейді. Демек, қала басшылығы бесікарбада баласы бар әйелдерді мақсатты аудитория ретінде қарастырмайды», – дейді әлеуметтанушы Жаннұр Ділдабаева. Қоғамдық орындардағы ана мен бала бөлмесі жайлы да осылай айтуға болады. Байқасаңыз, мұндай бөлмелердің есігінің сыртында анасы мен баласының символдық суреті бейнеленген. Бұл сонда баламен тек анасы қыдыруы керек деген түсініктен туғандай. Баласымен серуендейтін әкелер қайда барады? Қазір елімізде гендерлер арасындағы әлімжеттікті болдырмау мақсатында әйелдерге арналған вагондар, әйелдерге арналған такси секілді арнайы жобалар іске қосылғаны белгілі. Алайда Әйгерім Құсайынқызының сөзінше, олар проблеманы шешпейді. «Бұлар инклюзивті саясат емес, керісінше әйелдерді қоғамнан ажыратуға, бөлуге бағытталған. Әйелді қорғағымыз келсе оларға бөлек вагон емес, оларға қауіпсіз ортаны қалыптастыруымыз қажет», – дейді ол. Яғни, неге әйелдерді дөрекі ер адамдардан қорғау керек? Мұның орнына сол дөрекілікті мүлдем болдырмайтын саясатты қалыптастыру орынды тәрізді.Бүркемеленген «бейнелер»
Гендерлік стеоретиптердің беки түсуіне медиа да ықпалын тигізіп отырады. Мысалы, Жаннұр Ділдабаева отандық «Келинка Сабинка» фильмін Стокгольм синдромы мен қыз алып қашуға қалыпты қарауға шақырады деп санайды. «Режиссер Нұртас Адамбаевтың ауыл келіндерінің өмірін көрсетем деген әу бастағы мақсаты дұрыс болған шығар. Бірақ басты кейіпкер киноның соңында өзіне әлімжеттік көрсеткен, үйінен шығармай ұстаған қатыгез күйеуімен қосылады, осылайша көрерменге «әйелге осыншама қорлық көрсету – қалыпты нәрсе» деген ойды жеткізеді», – дейді ол. Бұдан бөлек, әлеуметтанушы қазақстандық әнші Бағлан Әбдірайымұлының лудоманиядағы тәжірибесі туралы жазған «Ақ пен қара» атты кітабында да автордың әйелдерге қисынға келмейтін кеңестер беретінін сынайды. «Кітапта «Әйелге айтар алты кеңес» деген бөлім бар. Сонда автор ішімдік ішкен, құмар ойынға кірген күйеуіне әйелдің «ләм-мим» деп тіл қатпауын, оған қарсы бірде-бір сөз айтпау керектігін насихаттайды. Енді сұрақ: әйел адам ішіп кетсе немесе құмар ойынға кіріп кетсе, автор дәл осы кеңестерді күйеуіне айтар ма еді? Еркекке отбасының тыныштығы үшін барлығына төз, шыда, әйелің ішіп келсе қайта өзіңді дайын ұста дей ала ма? Сонымен қатар Бағлан мырза әйелдің еріне сенімсіздік танытып, көңілі толмайтынын білсе, ер адамның тірлік жасауға деген ынта-жігері қалмайтынын айтады. Еркектің ынта-жігері, өзіне деген сенімі қашаннан бері әйелге тәуелді болған? Отбасы тыныштығы қашанғы әйелдің көнбістігі мен үндемеуімен сақталуы керек? Неге қазақ қызы «көнсең, төзсең, шыдасаң әлі-ақ бәрі жақсы болады» деген үмітпен өмір сүруі керек? Егер сіздің аргументіңіз «әйел қырықжанды/қырықшырақты» болса, онда бұл – биологиялық, физиологиялық, психологиялық жағынан еш дәлелденбеген нәрсе, бұл тек қоғам құрастырған түсінік қана, бұл жатыр немесе аналық без сияқты туабіткен, табиғат ойластырған, әр әйелдің бойында бар, әр әйелге тән дүние емес. Әйел болып жаратылғаны үшін ғана ондай талап қою – бассыздық», – дейді зерттеуші. Өркениетті әлем әйел теңдігі мәселесінде еш дүниеге «ұсақ-түйек» деп қарамайды. Дамыған һәм бәсекеге қабілетті озық елдердің қатарына кіруді межелеген біздің елде де солай болғаны абзал.Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ