Жылқыны жеті қазынаның бірі ретінде таныған ата-бабамыз ат баптауды атадан қалған асыл өнер деп бағалайды. Расында, бәйгеден олжа салатын сәйгүліктерді баптау оңай емес. Желмен жарысатын жүйріктерді баптайтын Саят Нұрқайдаров та атбегілікпен айналысып жүр. Тәжірибелі атбегілердің айтуынша, жылдың 365 тәулігінің 150 күнінде жүйрікті кәдімгі күнделікті мініске салады екен. Яғни, жарты жыл. Сол бес айдың бір айын жазғы баптауға арнайды. Ал тамыз-қыркүйек айларында жаздай байланған жүйрікті үйірге жіберіп семіртеді. Қазан айында қолға ұстап, жеңіл-желпі жүріске салады. Қараша-желтоқсан айларында жылқыны бос жібереді. Тек қаңтар-ақпан айларында аздап мініске салып, жеңіл терін алу арқылы бойындағы артық-ауыс заттардан арылтады. Көктем шығысымен қолда ұстап қыстың суық күндері ақау алған сіңірлерін создырып, аяқ-қолының бұлшық етін ширатады. Осылай қамдаған жүйріктің іші мөлшерден тыс майланбайды, күш-қуаты кемімей қалпын сақтайды екен. Сондай-ақ әр мезгіл сайын үйірде жүрген жүйрікті қайта-қайта ұстап мініске салудың мәні бар. Себебі денесіне жиналған бос судан арылтып, майын қара етіне сіңіру керек. Ал семіз әрі қоңды жылқының бабы ұзаққа созылады. Бірақ ат баптаудың мерзімі мен әдіс-тәсілі жылдың әртүрлі мезгіліне байланысты өзгеріп тұрады. Сондықтан тұлпардың қыр-сырын толық меңгермей жатып атбегілікті алып жүру қиынға соғады. Ат шаптырып, қанжығасы майланған Саят Дүйсенәліұлы де аттың жайымен бала күнінен жақсы таныс. Арғымақ баптаудың қыр-сырын бір кісідей білетін оның бәйге аттары топ бәйгеде топ жарып, аламанның алдын бермейді. Саят Нұрқайдаров жылқы баптаумен 2000 жылдан бері айналысып келеді екен. «Бала күнімде шабандоз болып, атқа шаптым. Жылқының жалында ойнап жүріп 45 көлік ұттым. Елорданың бір жылдық мерейтойында ағылшынның «Ғұн» деген жылқысымен бас жүлдені алып, пәтер ұтқаным әлі есімде. Кейін «Райхан», «Падиша» атты жүйрікті мініп, жарысқа қатыстым. Ал 2007 жылдан бері бәйгеге өзім ат дайындаймын», – дейді Саят Дүйсенәліұлы. Оның айтуынша, бәйге атын баптауға үш ай уақыт кетеді. Тұлпардың тұяғы мықты болуы үшін тегіс жерге, тау мен тасқа да әбден мініледі. Терін алып жарап болғанына көз жеткізген соң ғана бәйгеге қосылады. Бәйгеден кейін келесі жарысқа жылқыны бірден қатыстыруға тағы болмайды. Өйткені топқа түскен тұлпардың тынығуына кем дегенде бір ай қажет болады. Сол аралықта жылқының жүйкесін тыныштандырып, термен кеткен дәрумендерін толықтыру үшін екпелері салынады. Аттың жағдайы түзелгеннен кейін ғана қайтадан дайындыққа шығарылады. «Шапқан кезде жоғалтқан терінің барлығы қайта қалпына келу үшін глюкоза натрийхлорид құямыз. Одан бөлек түрлі дәрумендер салынады. Жейтін жемдері мен шөптерінің өзі де ерекше болу керек. Мысалы, бәйге аттары үнемі жоңышқа жеп тұру керек. Бәйге жақындағанда қосымша жеп-шөптерді қосамыз. Сұлының арасына жүйке жүйесін қалпына келтіретін дәрумендерді араластырамыз. Ол дәрумендердің бір қорабы 30-35 мың теңге тұрады. Себебі біздегі жылқылардың дені ағылшын тұқымды аттар. Олардың көбісі қызуқанды болып келеді. Сондықтан әр бәйгеден кейін аттардың бойындағы энергияны бірқалыпты ұстап тұру қажет», – дейді ол. Бұдан бөлек, жарысқа қатысатын жылқылардың жай күндері тағатын тағасы мен бәйгеге шыққанда тағылатын арнайы тағасы болады. Себебі таға жеңіл болу керек. Сол үшін бәйгеге шапқанда жеңіл болу үшін алюминийден жасалған таға тағылады. – Бізге табиғаты ұқсас болғандықтан, Ресейден алып келген жылқылар тез жерсінеді. Бірақ ол жақтан келетін жылқылардың барлығының түп атасы ағылшындық асыл тұқымды жылқылар. Ал Польшадан келетін жылқылардың жерсінуіне біраз уақыт кетеді. Егер құлын кезінде әкелсек, 2-3 айда жерсініп кете алады. Ал егер тай кезінде алып келсең, оның осы жерге үйренуінің өзіне жарты жыл, бір жыл уақыт кетеді. Жақында ғана Ресейден тай алып келдік. Қарапайым жылқылармен салыстырғанда өте үлкен көрінеді. Себебі құлын кезінен бастап күтіп, түрлі дәрумендер беріліп өскен соң үйдің тайларынан қарағанда түр-келбеті ірілеу, – дейді атбегі Саят Нұрқайдаров. Атбегі баптауындағы аттардың арасында қазақтың асыл тұқымды жылқылары жоқтығын айтады. Дегенмен ағылшындық жылқылардан қолтумалар алып, бірнеше жылдан бері бәйгеге қосып келеді. «Олардың түбі ағылшын мен араб жылқылары. Таза қандарды шатыстырып, англо-араб тұқымдарын алып жатырмыз. Мұндай аттар 30-35 шақырым ұзаққа шабады. Мысалы, елордада өтетін «Алтын тұлпарды» өзіміздің қолтумалар ұтты. Мысалы, «Самал», «Қоянқасқа» атты арғымақтар бас жүлдені бермей келеді. Сосын қазақтың асылтұқымды жылқыларына қаны таза ағылшын айғырларын салып, құлын алып жатырмыз, – дейді ол. – Жақсы бағылған жылқылар 25-30 жылға дейін өмір сүреді. Олардың да тамақтану уақыты мен демалуына көп көңіл бөлінеді. Ал бәйге жылқыларының жаттығу уақыттарында арнайы режим болуы тиіс. Бір жылқының күтіміне ай сайын жем-шөбінің өзіне ғана 70 мың теңге керек. Мысалы, таңертең суы мен жем-шөбін беріп, екі сағатқа дайындыққа шығырамыз. Дайындықтан келген соң екі сағат демалады. Қайта жіберіп, жем-шөбін беріп, тазалаймыз. Астын құрғатып, тұратын жеріне дейін тазалайтын жеке адамдар бар. Таза жылқы болған соң таза жерде тұруы керек. Жалпы, ағылшын жылқылары мықты келеді. Олар ерте көктемдегі жарыстарда 15-20 шақырымға дейін жеткізбейді. Оларға тең келетін жылқылар жоқ. Күн ысып, шақырым ұзарған кезде өзіміздің қолтумалар жарысқа төзімді. Ондай аттар 35-40 шақырымға оңай шабады. Мысалы, «Самал» атты жылқымыз 2017, 2020 жылдары екі жыл қайталап 51 шақырымдағы аламан бәйгені қанжығасына байлаған. Тағы бір «Қоянқасқа» атты қолтумамыз «Алтын тұлпарда» «Самалдан» кейін екінші орынды ұтты». Тақымы атқа тиген қазақ әр уақытта арғымақ көрсе арқаланып кетеді. Аламанның алдын бермес сәйгүліктің сырын білетін Саят секілді атбегілер бар жерде бәйге жылқыларының бабы басым болары сөзсіз.