Алматыда «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы басталды

Алматыда «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы басталды

Алматыда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы басталды. 3 номинация бойынша өтіп жатқан көрмеге 100-ге жуық алматылық компания өтінім берді. Ұйымдастырушылар «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» бойынша үздік кәсіпорынды анықтайды. Әр номинацияда үш жеңімпаз болады. Шараға Алматы қаласының әкімдігі, елшіліктер мен консулдықтар, мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысып жатыр. Көрмені Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов ашты. – Бүгін біз Алматы бизнесі үшін айтулы шараға жиналдық. Бүгінгі көрме «Қазақстанда жасалған» өндірістің, тұтастай экономика дамуының нақты көрсеткіші. Отандық өндіріс төңірегінде көп сын айтылады. Тіпті жергілікті өндіріс жоқ дейтіндер бар. Менің айтарым, өндіріс саласы жылдан жылға өсіп, дамып келеді. Осы бастамаларды палата, мемлекет, қоғам ретінде бірлесіп, қолдау көрсетіп қана ілгерілете аламыз, – деді Айтуар Қошмамбетов. Алматыда 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 295 861 бірлікті құрады. 2022 жылғы қаңтар-наурызда өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнім шығару 28,5%-ға ұлғайды, жұмыспен қамтылғандар саны 17,4%-ға өсті және жұмыс істеп тұрған субъектілердің саны 2022 жылғы 1 сәуірде 10,6%-ға өсті. 2022 жылғы қаңтар-наурызда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығаруы 2854,6 млрд теңгені құрады. ШОК субъектілерінің жалпы санында жеке кәсіпкерлердің үлесі 61%, шағын кәсіпкерліктің заңды тұлғалары 38,1%, орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары 0,3%, шаруа немесе фермер қожалықтары 0,6% құрады. Көрме аясында алматылық сән саласындағы дизайнерлер сән шеруін өткізді. Қонақтар арасында сыйлықтар ұтысы ойнатылды. Алматыда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы шілденің 29,30,31 күндері өтеді. Көрменің соңғы күні концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.  Кеш қонағы – әнші Айқын Төлепберген.