Қазақта ойыншық болған ба? Ұлттық ойыншықтың түрі қандай? Әке-шешелеріміздің жастық шағы соғыс уақытында өтті. Олар қандай ойыншықпен ойнағаны бізге қызық көрінетін. Сөйтсек, көбі сынған тәрелке, ескірген қасық, ескі-құсқы көйлек-көншектен ойыншық жасап, сонымен ойнаған екен. Одан бөлек, шыбықты ат қылып мініп, одан қалса, өлі жүнді ыстық суға салып, домалақтап жіберсе, дайын доп болып шығады. Балалардың күні бойғы ермегі осы болса керек. Бұл туралы жазушы Шерхан Мұртаза өзінің «Ай мен Айшасында» көркем суреттейді: «Осы күні ойласам, ол ойынымыз – кекірігі азған бай ел Америкада «гольф» дейтіннің сыңары сияқты. Ортадан бір шұңқыр қазып қойып, әлгі киіз допты алыстан ұрып, соған түсіру керек. Кім түсірсе, сол ұтады, кім түсіре алмаса, белгілі бір мәреге дейін қашуы керек. Ұтқан бала қашқан баланы доппен қадап ұрып дөп тигізсе – екі есе ұтады. «Қашпа доп» деген – сол. Ойынның одан басқа да түрлері бар еді – ұмытыппын. Қазіргі балалар оны жасауды білмейді. Өйткені резеңке доп деген шықты». Ескі ойыншықтардың заманы келмеске кетіп, жаңа ғасыр туды. Қазір қалауыңның бәрі сауда дүкендерінде самсап тұр. Жанға қажеттінің бәрі бар. Оның ішінде ойыншықтың да жеті атасын табасыз. Бірақ оның бәрі қазақ ойыншығы ма? Әрине, жоқ. Барлығы дерлік, Қытай мен Ресей өндірген тауарлар. Өйткені оны алмастыратын өнім бізде жоқтың қасы. Жаппай өндіріп жатқан кәсіпорын таба алмайсыз. Сол үшін де шетелдің тауарына тәуелді боламыз. Әрі сауда-саттықты жүргізудің де тиімді жолы – осы. Ойыншықты қандай мақсатта пайдаланамыз? Бала ойыншықпен ойнамайды, керісінше, ойыншық баланы ойнатады. Басқарушы болып отырған да солар. Сол себепті де, ойыншық баланың мінез-құлқын, ойлау деңгейін дамытатын бірден-бір құрал екеніне ешкім дау тудыра қоймас.
Ұлттық ойыншық Жасауға қалай келді?
Қазір қазақ баласының ұлттық дүниетанымына ұлттық ойыншықтар арқылы ықпал етуге тырысып жүрген бірен-саран серіктестіктер бар. Оның бірі Қыдырәлі Болманов басшылық ететін «Балбала» қуыршақтары болса, екіншісі – Сәкен Болыс шығарып жатқан ойыншықтар да солардың қатарын аздап толтырып жатыр. Ол кісі музыкалық ұлттық ойыншық түрлерін (асатаяқ, қобыз, дауылпаз, жетіген, сазсырнай), сенсорлы өрнектер, сенсорлы үйшік-киіз үйлер дайындап шығарды. Биылғы балалар жылына орай қандай сый ұсынып жатқанын білмек мақсатта Сәкен Болысқа хабарласқан едік. «Әу баста бүлдіршіндерге жан-жақтан ағылып келіп жатқан ойыншықтардың орнына ұлттық нақышы бар, өзімізге тән дүниелерді ұсынсақ деген мақсатпен жасаған едік. Құрастырмалы, таза табиғи. Ағаштан жасалған. Бұл баланың ой-өрісін дамытуға, ұлттық құндылықтарды кішкентайынан танып, зердесіне тоқып, тәрбиеленуіне керекті дүниелер», – дейді шебер. Ол өз кәсібін 2001 жылы бастаған. Нұр-Сұлтанда ұлттық бұйымдар өндіретін шағын кәсіпорын ашып, соған басшылық етіп келеді. «Жеті ойыншық» ағаштан дайындалған құрастырмалы балалар ойыншықтары жобасының авторы. Ол Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 7 наурыздағы №97 бұйрығы бойынша мектепке дейінгі тәрбие мекемелеріндегі болуы тиісті ойыншықтардың тізіміне енген. «Бізде ойыншық жоқ. Көпшілігі сырттан келеді. Олар баланың танымына қалай әсер етіп жатыр? Оны алмастыратын ұлттық ойыншық бар ма? Қыдырәлінің «Балбаласы» еске түседі. Оның өзі бүкіл өңірді қамти алмайды. Балалар бақшасына қажетті ойыншықтарды қайдан сатып алады? Соны алмастыру үшін ұлттық ойыншық жасауды қолға алғанымыз рас» дейді кейіпкеріміз.«Жеті ойыншық» көздеген мақсатына жетті ме?
Балалардың бітім-болмысында ұлт мінезінің азаюы, сөйлеу дағдысында ұлттық сипаттың азайып бара жатқанына алаңдаған Сәкен Болыс өзі айналысып жүрген қолөнер саласында ата-баба мұрасын жаңғыртуда тың идеяны іске асырған. Оның о бастағы таза ағаштан құрастырған конструкторлық балалар ойыншығын шығарудағы мақсаты да осы еді. Баланың ұлттық дүниетанымына өз ойыншықтарымыз арқылы ықпал ету жолында Сәкен Қасықбайұлының ойыншық өндірісіне қосқан үлесі зор. «Керемет домбыра», «Бөбек-домбыра», «Киіз үй», «Саз аспаптары», «Ойландырар оюлар», «Әсем Астанам» деп аталатын ойыншықтар – осының дәлелі. Түсіне білсек, мұндай ойыншықтардың жасалуының өзіндік мәні бар. Ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастыруда ұлттық дүниенің орнын ешбір нәрсе алмастыра алмайды. «Қай кезде де тәрбие мәселесі өзінің өткірлігі жағынан басты проблемалардың бірі екені шүбәсіз. Ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасатыны анық. Ұлт бесігінде тербетілген, ұлттық құндылықтарды ерте жастан бойына сіңірген баланың санасы сәулелі, көңілі кіршіксіз, жаны нәзік, сергек, сезімтал, болатыны сөзсіз» дейді Сәкен Болыс. Бала айналаға сәби санамен, өзгеше көңілмен қарайды. Оның нәзік әлемі нені дұрыс деп қабылдаса, соны өзіне жақын тұтады. Баланың ең бірінші досы – ойыншығы. Кішкентай қуыршағын кеудесіне қысқан қыз баланы көрмедіңіз бе? Сол секілді ұл балалар да ең әуелі шағын көліктерді іздейді. Оның орнына «Бөбек-домбыраны» қолына ұстаса, ғажап емес пе? «Киіз үй» төгілтіп, ұлттық нақышта баяндап тұрса, «Саз аспаптарын» жанына серік етсе, онда Сәкен Қасықбайұлының арманы – орындалғаны. Кейіпкеріміздің ұлы мен қызы да осы саладан алыстап кетпеген. Ұлы Ерасыл дарынды балаларға арналған арнаулы мектепті үздік бітіріп, заңгер мамандығын алып шықса да, әкесінің кәсібін ары қарай дөңгелентіп отыр. Қызы Әнел де әкесі мен ағасының жолын қуып келеді. Олар ұлттық тәрбие – ұлағат үлгісі екенін назарға ала отырып, «Мектеп және мектепке дейінгі ұйымдарда» заманауи инновациялық әдістерді әзірлеу жобасын да іске асыруда. Оның мақсаты – білім мен білікке, дағдыға қол жеткізу ғана емес, ақпаратты өзі іздеп табу, талдау және оны ұтымды пайдалана білу.Ойыншықты бала өзі құрап алады
«Құрастырмалы ойыншықтардың бір артықшылығы – бала өз ойыншығын өзі құрап алады. Сондай сәтте баланың бойында ризашылық сезімі оянады. Кішкентай кезінен құрауды, үйлестіруді біледі. Сандарды қосып-алу сияқты ойыншықтар бар. Сол арқылы бала қосуды, алуды үйренеді. Мәселен, «Ойландырар оюлар» деген ойыншығымыз бар. Ол арқылы бала түрлі ою түрлерін біліп, көріп өседі. Бұл баланың жеке танымдық қасиетінің қалыптасуына әсерін тигізеді» дейді ойыншық авторы. Олардың арасында ұлттық домбыра да бар. Құрастырмалы конструкторлық ойыншық болғаннан кейін оны бала өзі құрап алады. Әрі ойыншықтардың барлығы ағаштан жасалғаннан кейін оның балаға еш зияны жоқ. Оған пайдаланатын бояудың өзі сапалы. «Отандық ойыншыққа сұраныс болғанымен, бәсекелестік жоқ. Қазақ ертегі кейіпкерлерін ойыншық түрінде өндірер болсақ, ол үшін алдымен оның мультфильмін көрсетуіміз керек. Сонда ғана бала өзі көрген кейіпкерін іздейтін болады» дейді кейіпкеріміз. Қазір баланың көпшілігі гаджетке тәуелді. Оларды бұл тәуелділіктен арылту үшін не істеген жөн? Кейіпкерімізді де осы сауал жиі мазалайды. «Қазақша контент аз деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Жақсы дүниелер шығып жатыр. Тіпті «BALAPAN» арнасында да балаларға арналған қазақша конттенттер өте көп. Ауыл балаларының көбі осы арнаны көріп, өсіп жатыр. Қала балаларына да қазақша контент көрсетуді әдетке айналдыру қажет. Ол үшін басты жауапкершілік – ата-ананың өз қолында» дейді Сәкен Болыс. P.S.Көрші цехтан өрт шығып, оның зияны бұл кісілерге де тиген сияқты. «2022 жылдың 8 қаңтар күні түнгі сағат 00.30-дар шамасында көрші цехтың шетінен шыққан өрт бізге өтіп, біраз дүние өртеніп кетті. Көп құнды кітаптарым мен заттарым, қондырғылар, дайын ойыншықтар мен ойыншық үлгілері, жинап жүрген сүйектен, ағаштан, теріден жасалған көне ойыншықтарым бар еді...» дейді кейіпкеріміз. Қазір цех қайта жанданып жатыр. Балаларымен бірге бұл істі әрі қарай да өркендетемін деп отыр. Бала ойыншығының алғашқы сарапшысы – ата-ананың өзі. Балаға сый жасауда шешім қабылдайтын да өздері. Ендеше, баланың ұлттық танымы дұрыс қалыптассын десек, ұлттық ойыншық сатып әперіп, ой-танымын өзгертуге атсалысайық.